«Көлтауысарлар» тізіміндегі ағайынды Сатыбалдылардың миллиондары
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының туыстары бірнеше бизнеске иелік ететіні айтылып жүр.
Шенеуніктің өзі де бұл туралы «біз отбасында бір қыз, алты ұлмыз. Олардың Шымкент пен Түркістанда бизнестері жоқ. Кәсіптерін Астанада жүргізеді. Алдын ала келісіміміз сондай» деген.
Ағайынды Сатыбалдылардың бизнестері бірнеше рет дауға қалды. Мысалы, Кіші Талдыкөлге үй саламын деген SAT-NS ЖШС, Sat Group Constraction ЖШС және Sat Group Project ЖШС компаниялары Кіші Талдыкөлді игеру үшін оны құрғатқан, бұл астаналықтар мен жалпы қазақстандықтар арасында наразылық тудырды. Кейіннен дау ұлғайып, Ақордаға дейін жетті. Сөйтіп, Кіші Талдыкөлге құрылыс жүргізуге тыйым салынды. Ал былтыр ағайынды Сатыбалдылардың құрылыс саласындағы компаниялары салық төлемей жүргені жайлы ақпарат БАҚ беттерінде жазылды.
Сонымен Дархан Сатыбалдының аға-інілерінің қандай бизнестері барын, қай жерде тіркелгенін, қанша салық төлеп жүргенін анықтап көрдік. Енді соны ретімен баяндап берейік.
Мұхтар Сатыбалдиевтің компаниялары
«Құрылысшы LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 1998 жылы 7 қазанда алғаш рет, кейіннен 2022 жылғы 7 қазан тіркеуден өткен.
Директоры – Пердебаев Даурен Бахытжанович (бұдан кейін компанияға қатысты адам аттары құжат бойынша жазылатынын ескертеміз – ред).
Құрылтайшылары – Сатвалдиев Торегелды Амангелдиевич, Сатвалдиев Мухтар Амангельдиевич. Мекенжайы – Астана қаласы, Бөгенбай батыр даңғылы, 63.
Аты айтып тұрғандай, компания тұрғын үй құрылысымен айналысады. Қазіргі күнде 150-200 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның 2022 жылғы ақша айналымы 21 879 625 947 теңге болса, былтыр екі есе – 11 227 079 315 теңгеге азайған. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
2022 жылы 281 413 312 теңге, 2023 жылы 353 807 024 теңге, 2024 жылдың осы уақытына дейін 60 464 850 теңге салық төлепті. Ал компания құрылғалы бері – 848 781 711 теңге мемлекет қазынасына қаржы аударған.
FITNESS PALACE жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2018 жылы 11 мамырда тіркеуден өткен. Директоры – Сатвалдиев Габит Амангельдиевич. Құрылтайшысы – Сатвалдиев Мухтар Амангельдиевич. Мекенжайы – Астана қаласы, Керей, Жәнібек хандар көшесі, 14/2.
Мейрамхана және тамақ жеткізу қызметтерімен айналысады. 2023 жылғы ақша айналымы – 126 106 106 теңге. Төлеген салығы – 1 012 005 теңге. Осы уақытқа дейін 7 550 248 теңге салық төлеген. Мемлекеттен 7 келісімшарт алып орындаған. Оның үшеуі тікелей бір көзден алынған.
Nomad Stroy Company жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2021 жылғы 17 наурыз тіркеуден өткен. Бірінші басшы –Пердебаев Даурен Бахытжанович. Құрылтайшысы – Сатвалдиев Мухтар Амангельдиевич. Тұрғын үй құрылысымен айналысады. Мекенжайы – Астана қаласы, Керей, Жәнібек хандар көшесі, 14/2.
2023 жылғы ақша айналымы – 261 858 695 теңге. Қазынаға аударған қаржысы – 5 537 450 теңге. Осы уақытқа дейін 12 127 602 теңге салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
Prestige AST жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2021 жылы 29 наурызда тіркеуден өткен. Директоры – Сатвалдиев Мухтар Амангельдиевич. Құрылтайшысы да өзі. Мекенжайы – Астана қаласы, Керей, Жәнібек хандар көшесі,14/2.
Тұрғын үй құрылысымен айналысады. Компанияның 2023 жылғы ақша айналымы – 223 646 290 теңге. Төлеген салығы – 4 564 210 теңге. Осы уақытқа дейін қазынаға 12 051 836 теңге аударған. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
Home Builders жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2021 жылы 27 шілдеде тіркеуден өткен. Директоры – Рыспаев Талгат Наурызбаевич. Құрылтайшысы – Сатвалдиев Мухтар Амангельдиевич. Мекенжайы – Астана қаласы, Керей, Жәнібек хандар көшесі,14/2.
Компания жаңадан ашылғасын болу керек, 2023 жылғы ақша айналымы кездеспеді. Бірақ былтыр 178 284 теңге, биыл 630 527 теңге салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.
Ultra Build жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2021 жылы 27 шілдеде тіркеуден өткен. Бірінші басшы – Сатвалдиев Мухтар Амангельдиевич және құрылтайшысы да өзі. Мекенжайы – Астана қаласы, Ұзақбай Құлымбетов көшесі, 12. Тұрғын үй құрылысымен айналысады.
Компанияның 2023 жылғы ақша айналымы – 20 279 287 теңге, төлеген салығы – 300 150 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді. Осы уақытқа дейін 594 298 теңге салық төлепті.
New Home Build жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2021 жылы 28 шілдеде тіркеуден өткен.
Директоры – Нурмуханбетов Ерлан Серикович. Құрылтайшысы – Сатвалдиев Мухтар Амангельдиевич. Мекенжайы – Астана қаласы, Ұзақбай Құлымбетов көшесі, 12.
Тұрғын үй құрылысымен айналысатын колмпанияның 2023 жылғы ақша айналымы – 404 278 714 теңге, төлеген салығы – 6 194 303 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді. Осы уақытқа дейін 13 147 059 теңге мемлекет қазынасына аударған.
Сатвалдиев Мухтар Амангельдиевич жеке кәсіпкерлігі
ЖК 2017 жылы 11 қазанда Астана қаласы Есіл ауданында тіркелген.
Оның 2023 жылғы ақша айналымы – 550 600 162 теңге, төлеген салығы – 11 236 738 теңге. 8 жылдан бері жалпы 61 322 602 теңге салық төлепті. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
Сонымен Мұхтар Сатыбалдиевтің бір басында сегіз компания тіркелген. Олардың 2023 жылғы ақша айналымы 12 813 848 569 теңге, ал мемлекетке төлеген салығы 382 830 164 теңгені құрайды.
Сұңқар Сатыбалдиевтің компаниялары
Sat Group Project жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан алғаш рет 1997 жылы 23 қыркүйекте, кейіннен 2023 жылы қаңтарда тіркеуден өткен. Директоры – Нурмуханбетов Ерлан Серикович. Құрылтайшылары – Сатвалдиев Габит Амангельдиевич, Сатвалдиев Сункар Амангельдиевич. Тұрғын үй құрылысымен айналысады. Мекенжайы – Астана қаласы, Тұран даңғылы, 30.
Компанияның екі рет тіркеуден өткенін бекер жазып отырған жоқпыз. Алғашқы тіркеуінде ақша айналымы жыл сайын миллиардқа да жетпейтін болған. Тек 2022 жылы ғана 10 млрд-тан асқан. Ал 2023 жылғы қайта тіркеуден кейін кәсіпорын құбылып сала беріпті. Тасы өрге домалаған. 2023 жылғы ақша айналымы – 297 171 343 315 теңгеге жеткен.
Төлеген салығы – 2023 жылы – 5 874 333 009 теңге, 2024 жылдың осы уақытына дейін 2 851 644 039 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
Kaz building жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2022 жылғы 13 қаңтарда соңғы рет тіркеуден өткен.
Директоры – Сатвалдиев Сункар Амангельдиевич. Құрылтайшысы да өзі.
Астана қаласы, Республика даңғылы, 2/1.
Тұрғын үй құрылысымен айналысады. Бұл компания туралы мәліметтер тым аз. Салық комитетінде салық төлегені туралы мәлімет те жоқ. Ақша айналымы да белгісіз.
Smart Construction KZ жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2021 жылы 17 сәуірде тіркеуден өткен.
Басшысы – Сатвалдиев Сункар Амангельдиевич және құрылтайшысы да жалғыз өзі.
Мекенжайы – Астана қаласы, Керей, Жәнібек хандар көшесі, 14/2.
2023 жылғы ақша айналымы – 45 385 564 теңге, төлеген салығы – 234 481 теңге. Тұрғын үй құрылысымен айналысатын кәсіпорынның мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
SAT Build жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2021 жылы 28 мамырда тіркеуден өткен.
Директоры – Сатвалдиев Сункар Амангельдиевич құрылтайшысы да өзі.
Мекенжайы – Астана қаласы, Керей, Жәнібек хандар көшесі, 14/2.
Компания тұрғын үйді және басқа да жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату және жалға беру бойынша делдалдық қызметтермен айналысады. 2023 жылғы ақша айналымы – 3 143 350 теңге, төлеген салығы – 14 200 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
Сатвалдиев Сункар Амангельдиевич жеке кәсіпкерлігі
2017 жылы Астана қаласы Есіл ауданында тіркелген. ЖК-ның 2023 жылғы ақша айналымы – 253 568 091 теңге, төлеген салығы – 5 174 859 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
Сонымен, Сұңқар Сатыбалдиевтің атына бес компания тіркелген. Олардың 2023 жылғы ақша айналымы – 297 473 530 320 теңге. Төлеген салығы – 5 879 756 549 теңге.
Кіші Талдыкөл дауы
Енді ағалы-інілі Сатыбалдыларға тиесілі Sat Group Constraction ЖШС және Sat Group Project және SAT-NS компанияларының дауы туралы айта кетейік.Алдымен SAT-NS-тің өзіне тоқталсақ: аталған компания Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан алғаш рет 2008 жылы 7 сәуірде, кейіннен 2023 жылы 24 сәуірде тіркеуден өткен.
Директоры – Малышенко Владимир Павлович. Құрылтайшысы – Sat Group Project жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның құрылтайшылары ағайынды Сатыбалдылар екенін жаздық. Мекенжайы – Астана қаласы, Тұран даңғылы, 30. 2022 жылғы ақша айналымы – 29 827 359 736 теңге, ал 2023 жылғы ақша айналымы – 9 760 558 263 теңге. 2022 жылы 547 811 160 теңге, 2023 жылы 223 521 126 теңге салық төлеген.
Компанияға 2024 жыл сәтті басталғанға ұқсайды. Себебі биыл бұрынғы сомаларынан асып түсіп, 1 425 643 520 теңге мемлекет қазынасына аударыпты. Кәсіпорын 2021 жылы 857 220 008 теңгеге 4 келісімшарт, 2022 жылы 23 500 000 теңгеге 1 келісімшарт орындаған.
Дәл осы мемлекеттен қомақты қаржыға келісімшарт орындаған жылдары SAT-NS ЖШС, Sat Group Constraction ЖШС және Sat Group Project ЖШС компанияларының басы дауға қалды. Себебі ағайынды Сатыбалдыларға тиесілі кәсіпорындар үй саламын деп қаладағы тарихи көлді заңсыз құрғатқан. Тарқатып айтар болсақ, экология министрлігінің мәліметінше, SAT-NS компаниясы«Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының 60-бабының 1-тармағын бұза отырып, жобалық құжаттамасыз Кіші Талдыкөлді құрғатқан. Ал Sat Group Constraction ЖШС және Sat Group Project ЖШС сол жерлерге үй салған.
Бір сөзбен айтқанда, ағайынды Сатыбалдылардың компанияларына Кіші Талдыкөлде әртүрлі көлемдегі бір сызықтан бес учаске берілген. Олар үй-жай, балабақшасы мен автотұрағы бар көпқабатты үйлер салатын болған. Соның бірі – Sat Group Project компаниясы Әйтеке би көшесінің жанындағы үлкен аумаққа пәтер және жеке коммерциялық ғимараттары және жалпы ауданы 15,2 гектар автотұрағы бар көпқабатты тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған. Бұл компанияларға жалпы 57,6 гектар жерге ғимарат салуға берілген. 13 мың жылдық тарихы бар көлді құрғатып, орнына қымбат тұрғын үй кешенін салуға қала тұрғындары да, экобелсенділер де қарсы болды. Сол кезде Астана әкімдігі қазір көлдің қатты ластанғанын алға тартып, оны құрғату дұрыс шешім деген. Бірақ экобелсенділер кейіннен көл суы барлық стандарттарға жауап беретінін айтып, оның құжаттарын әлеуметтік желіге жүктеген еді.
Астанадан басталған мәселенің арты бүкіл еліміз бойынша резонанс тудырған дауға ұласқан болатын. Жер мен көкті түгел сатып жіберуден тайынбайтын біздің көлтауысар элита бір кездері көлдің өзін құрғатып тастай жаздаған. Бұл жағдай әлі талай уақыт бойы айтылатын болады. Сол тізімде Түркістан облысы әкімінің бауырлары да бар екенін біле жүрсін деп айтып жатырмыз.
P.S. Зерттеуімізді осы жерден тоқтатуға мәжбүрміз. Себебі Дархан Сатыбалдының ағайындарының бизнесі бір мақалаға сыймайды. Әрқайсысының атына 5-6 компаниядан тіркелгенін жоғарыда жаздық. Сондықтан мақаланың жалғасын келесі саннан оқитын боласыздар. Ол жерде біз Түркістан облысы әкімінің бір інісінің бизнестері, БАҚ беттерінде айтылмайтын ағасының кәсіптері және әйелінің компаниясы, тіпті әйелінің ағасының бизнесі туралы жазатын боламыз.
(Жалғасы бар)
Тұрсынбек БАШАР
Фото: Коллаж Ulysmedia