Саясат

Көлтауысар Көлгіновке тоқтау бола ма?

2020 жылы желтоқсанның алғашқы күндері мемлекеттік сатып алулар порталында елорданы қысқы безендіруге 311 млн теңгені құрайтын төрт лот жарияланған.

Көлтауысар Көлгіновке тоқтау бола ма?

Өтінімдерді қабылдау 8 желтоқсанда сағат 18:00-де тоқтатылды. Алтай Көлгінов бұл жолы бюджет қалтасына мұзды қалашық үшін қол салмақ.

Алғашқы лот – 79 937 500 теңгені құрайды. Тапсырыс 3 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық әкімдігінен түскен. Жеңімпаз компанияға Республика даңғылынан Бөгенбай батыр, Сарыбұлақ бұлағы мен Есіл жағалауы аймағын қыстық кезеңге дайындау жүктелген. 79 464 285,71 теңге сомасындағы екінші тапсырыстың талабы – Сарыбұлақ бұлағы, Көктал, Ұлытау, Қайнар, Баршын көшелері мен Тілендиев даңғылы, Тілендиев тұйық көшесінен Есіл өзенінің жағалауына дейін және теміржолдарды қыстық кезеңге безендіру екен. Сарыарқа аудандық әкімдігі жариялаған соңғы лот та 79 464 285,71 теңгеге жоспарланған. Конкурсқа қатысушыларға Бөгенбай батыр даңғылы, Сарыбұлақ бұлағы, теміржолдар мен Панфилов көшесі аумағын қыстық кезеңге дайындау бойынша қызметтерді сатып алу ұсынылды. Ал Сарыарқа аудандық әкімдігінен бір күн бұрын Байқоңыр аудандық әкімдігі ауданның барлық аумағын безендіру үшін 72  429 464, 29 теңге көлемінде лот жариялаған. Сонда бір ғана қаланың 3 айлық көркі үшін мемлекет қазынасынан 311 млн теңге жұмсалмақ.

Имиджік жарнамасына да бюджеттен қыруар қаржыны қанжығасына байлаған бас қала әкімі – Көлгінов мырза, енді «жаңа-жылдық» безендіруге көл-көсірлік танытып отыр. Бұл індет ілмегіне ілінген тұста дәрігерлердің көңіл-күйін көтеремін деп, от шашу атып, «от басқан» әкімнің кезекті «концерті» ме? Әлде қызметке тағайындалған тұста Арқаның алапат қарымен сыналған басшының үйреншікті жарнамасы ма? Жалпы, Көлгінов жылы орынына жайғасқалы қазынадан қанша қаражатқа қол салды? Зерттен көрдік.

Алтай мырза елорда еңсесінен орын алған беттен-ақ астана әкімдігінің ішкі саясат басқармасы әлеуметтік желідегі жағымды пікірлер үшін 125 млн теңге көлемінде тендер ойнатты. Төтенше жағдай тұсында қаржыны үнемдеу керегін айтқан Президент ескертуін елорда әкімі құлағына ілмеген іспетті. Себебі, елорда әкімі «имидждік» жарнамасы үшін  267 млн теңгені аямады. Бұл пиар бас қала әкіміне аздық етсе керек, Көлгіновтің сұраған қолын қайтармайтын мемлекеттік бюджет әкімдіктің карантин тұсында жұмыссыз қалғандарды жұмыспен қамтамасыз етіп жатқанын көрсету мақсатында тағы 58 млн теңге жұмсаған. Биылғы жылдың мамыр айында Қабанбай батыр даңғылын қайта жөндеуге қазынадан  91 млрд теңге бөлінген. Ал 23 шілде Есіл аудандық әкімдігі қаланы көгалдандыру үшін 461 млн теңге көлемінде лот жариялаған. Енді, міне Көлгінов мырза қыстың көркін 311 млн теңгеге сатып алмақшы. Бұл 1 жылдың ішінде мемлекеттің бюджеттен 92 млрд теңге желге ұшты деген сөз. Жыл сайын қазынаға қол сала беру әкімдердің әдеттегі әрекеті ме? Әлде бұл Көлгіновтің ғана «мәрттігі» ме? Сарапшылардан сыр тартып көрдік.

Көлгіновке тоқтау қою керек

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов Көлгіновтің бұл қарекеті – бекер ақша жұмсау екенін айтады: «Қабанбай батыр даңғылы Достық, Тәуелсіздік, Сарайшық, Қожанұлы, Атасу, Қорғалжын тас жолы мен Қалқаман көшелерін ғана қиып өтіп, ұзындығы бар жоғы – 16 мың метрді құрайды. Осы 16 мың метрге 91 млрд теңге кетеді деген – бассыздық. Көлгінов келгені кеше болса да, қаржыны көлдей жұтып жатыр. Бұл масқараға тоқтау қою керек қой. Пиарына деп бір алды, мессенджерлердегі «жағымды пікірге» деп тағы алды. Енді жаңа-жылдық безендіруге 311 млн-ды шашып отыр. Егер бас қалаға әкімдігіне қатаң ескерту мен тыйым қойылмаса кілем-паластарына деп тағы миллиондаған қаржыны ойната салудан тайынбайтын сықылды», – дейді саясаттанушы.

Саясаттанушының бұл пікірі ертегідегі әйгілі Көлтауысарды еске түсірді...

Пандемия кезінде шыршаға кім барады?!

Әлеуметтанушы Гүлмира Сұлтанбаева «жаңа-жылдық» шараларға қомақты қаржыны құрта бермей, вертуалдылыққа көшу керегін айтады: «Қазіргі карантин, пандемия тұсында мемлкеттің бюджетінен бөлінетін шығындарды азайту керек. Қажеттілік тудырмайтын салаларыға шексіз бөлінген миллиондарға минимализация жасаған дұрыс. Мысалы, жаңа-жылдық шаралар үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 311 млн-дық лоты бар, сондай-ақ, Орал қаласы 8,9 млн, Өскемен – 40 млн теңге бөлген. Қала төріне үлкен массалық шаршаларды орналастырғанымен, пандемияға байланысты топтық жиналуылар болмайтыны белгілі. Сондықтан, қазір қымбат безендірулер тұрғындарға  қажеттілік тудырып отырған жоқ. Есесіне, халықтың әлеуметтік жағдай ақсап тұр. Осы жақтан бөлінетін қаржының үлесін арттыру керек», – дейді саясаттанушы.

Жаңа жылға – жаңа баспана деген бағдарлама неге ойлап таппайды?

Әлеуметтанушы Гүлзинат Байғабылқызы әкімдердің мемлекеттік қазынаның қадірін түсінбегесін, оңды-солды шашуға әдеттеніп алған дейді: «Қыс бсаталса болды, әкімдер шарша орнатудан бәйгеге түседі. Олар үшін Тәуелсіздік мерекесінен жаңа-жылдың буы басымырақ. Егемендік алған елеулі күнді өткізіп алмай, қыстық безендіруге тендер жариялағаны масқара ғой. Ол жұмыс іске асамын дегенге дейін қаңтар айы кіріп келеді. Сонда 2 айдың көрінісі үшін 300 млн-нан аса шығын шығару кімнің жыртығын жамап жатыр? Бүгін бар, ертең жоқ нәрсеге миллиондаған теңгені аямай әлек. Ал елде баспанасыз босып, жұмыссыз жалтаңдап жүрген халық қаншама. Жастардың шетелге ағылып жатқан себебіне бір басшылық селк етіп отырған жоқ. Ал жаңа-жылдық сәнге келгенде қазынаның түбі көрінгенше қопарады. «Жаңа-жылда – жаңа баспана» деген сынды бастамаларға неге қаржы бөлмеске?», – дейді әлеуметтанушы.

Қысқасы, Көлгінов әдетінен жаңылмайтынын тағы бір мәрте көрсетті. Әй, бірақ, үстеме ақысын ала алмай жүрген дәрігерлердің көңілін көтеру үшін «салют» атқан әкімнен басқа не күтуге болады дейсіз! «Ысырап етпеңдер», деп жүрген Тоқаевтың көңілін де отшашумен көтеруге дайындалып жатқан болар, сірә...

Тегтер: Без Тега
Айжан Бүркітбаева
Айжан Бүркітбаева Айжан Бүркітбаева

Оқыңыз