Алматы облысында үй кезегінде тұрған 25 отбасыға пәтер кілті табысталды
Алматы облысында үй кезегінде тұрған 25 отбасыға пәтер кілті табысталды.
Облыс орталығы Қонаев қаласындағы Sun City тұрғын үй кешенінен сатып алынған пәтерлер кезекте он жылдан астам уақыттан бері тұрған жандарға берілді. Конституция күніне арнайы ұйымдастырылған мерекелік шара аясында кілт табыстау рәсімі өтті.
KazSMU ЖШС салып жатқан тұрғын үй кешенінде жалпы саны 360 пәтер бар. Sun City қаладағы нөмірі 4-шағынауданда орналасқан. Бұл тұрғын үй 12 қабаттан тұрады, жалпы ауданы 23 000 шаршы метр. Құрылыс жеке инвесторлардың қаржысына салынып жатыр. Дәл осы секілді «Аристократ» атты тұрғын үй кешені де инвесторлар есебінен бой көтерген. Аталған кешен 552 пәтерге арналған 25 тұрғын блоктан тұрады, ғимараттың жалпы ауданы 54,5 мың шаршы метр. Соның ішінде 10,9 мың шаршы шақырым болатын 5 блок осы жылдың маусымында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жоғарыда аталған 85 пәтер соның бастамасы.
85 пәтердің біріне ие болған көпбалалы ана, Күміс алқа иегері Анар Алмұратова Қонаев қалалық ауруханасында медбике болып жұмыс істейді.
«Қонаевта тұрып жатқанымызға он жыл болды. 2012 жылы көшіп келдім. Әсерімді айта алмаймын, толқып тұрмын, қуаныштымын. Конституция күні қарсаңында үй беріп жатыр, балапандарымыз осы жерден сабаққа барады. Екі бөлмелі үй, 78 шаршы метр, іші үлкен. Әрі Sun City тұрғын үй кешені қаланың жайлы әрі қолайлы бөлігінде орналасқан. Ғимараттың құрылысы екі жыл бұрын басталғанда қызығып қарап жүруші едік, биыл кілтімізді алып отырмыз. Ауласы толық абаттандырылған, жап-жасыл. Балаларға арналған спорттық алаңдар мен ойын алаңдары да орнатылыпты», – дейді Анар Алмұратова.
Тағы бір пәтер иесі, көпбалалы ана Толқын Қасенова былай дейді:
«Бес баланы тәрбиелеп отырған отбасымыз. Осыдан 9-10 жыл бұрын, 2015 жылы үй кезегіне құжат жинап, тұрдым. Сол кездерден бері пәтер жалдап өмір сүрдік. Күту де оңай нәрсе емес. Қашан алар екенбіз деген ой әрдайым көкейде тұрады. Содан табан астында әкімдіктен хабарласып, күтпеген жерден қуанышты хабар алдық. «Үй аласыздар, кезегіңіз келді» деген сөзді естіп, бір күлдім, бір жыладым. Өте жақсы сезімде болдым. Көпбалалы аналарға осындай көмек жасап жатқаны үшін өте қуаныштымын. Балалар да мәз. Кілтімізді ала салып күн өткізбей көштік. Енді балалар жаңа оқу жылын жаңа үйден бастайды».
Осы секілді ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер, жетім балалар мен мүгедектігі бар жандар, толық емес отбасылар да үй алды. Мысалы, Гүлнар Қараева толық емес отбасы ретінде кезекке тұрып, екі бөлмелі пәтер алды.
«Жаңа, жайлы үйімізді алып, қуанып жатырмыз. Зейнетке шығар шағымда өз шаңырағыма кіретінім үшін бақыттымын. Қартайған шақта өз үйің болмау деген де жақсы нәрсе емес... Көңілде бір уайым тұрады. Ал енді ішіне қажетті дүниелерді реттестіріп, көшіп алсақ деп отырмыз», – дейді ол.
Әкімдік қызметкерлері тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік саясаттағы басым бағыттардың бірі екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету үшін барын салып жатқандарын жеткізді. Айтуларынша, тек Қонаев қаласында ғана емес, барлық облыс көлемінде белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыстарға келсек, облыс бойынша 61 көппәтерлі тұрғын үй (1618 пәтер) құрылысы басталып кеткен. Оған қоса, осы жылы әлеуметтік осал топтарға арналған 1304 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның 55-і алынып та қойған. Ал облыс орталығында қосымша 145 пәтер сатып алынып, олар да әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға берілмек. Жыл соңына дейін 3 мыңға жуық облыс тұрғыны жаңа баспанаға ие болады деп жоспарланып отыр.
Оның бәрін үймен қамтамасыз ету үшін және облыс орталығындағы халық өсімін ескере отырып құрылыс қарқынын арттыру көзделген. Қазір Қонаевта салынып жатқан үйлердің жалпы ауданы 123,61 мың шаршы метрді құрайды. Бүгінде бюджет есебінен 3,1 млрд теңгеге 8-10-шы шағынаудандарда 60 пәтерлік 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталыпты. Енді осы 180 пәтер пайдалануға берілмек. Одан бөлек, 60 пәтерлік 9 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Барлығы – 31 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Қалада 7 құрылыс компаниясы өз қаражаттары есебінен 2 тұрғын үй кешені мен 5 көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуде.
Қонаев қаласында баспана кезегінде 1834 адам тұр. Олардың арасында көпбалалы аналар, соғыс ардагерлері, жетім балалар және мүгедектер бар. Жыл соңына дейін 165 пәтерді үкімет тарапынан беру жоспарланып отыр.
Ақжол Мейірбек
Алматы облысы