Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 02 Шілде 2024

Қонаевтағы индустриялық өзгерістер

Қонаев қаласы

Бірнеше жыл бұрын еліміздегі облыстар мен аудандардың бөлінісінде өзгерістер болған еді. Ұлытау, Абай облыстары пайда болып, бұрынғы Алматы облысы жаңа екі облысқа бөлінді. Бұл орайда Талдықорған қаласы жаңа Жетісу облысының әкімшілік орталығы болды да, Алматы облысының әкімшілік орталығы бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласына көшті. Осыдан бастап облыстық маңызы бар қала ретінде Қонаевта жаңашылдықтар да, жоспарлау жағы да, құрылыс та қарқынды.

2022 жылдың 3 мамырында Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласының атауы Қонаев деп ресми түрде өзгертілді. Туризм тұрғысынан болашағы бар, перспективалы әрі өндіріс аймағы ретінде де қолайлы бұл қалада өзгеруі тиіс дүниелер өте көп. Алдымен индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар жағы назарға алынған. Қала жоспары толық жүзеге асса 40 мың жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Осы мақсатта Қонаев қаласының жаңа бас жоспарын қазақстандық сәулетшілер әзірлеп жатыр. Қалада жаңа әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлер салынып, ауқымды құрылыс басталады. Әсіресе туризм нысандары мен тұрғын үй кешендеріне көңіл бөлінуде.

«Салынып жатқан үйлердің жалпы ауданы 123,61 мың шаршы метрді құрайды. Бүгінде бюджет есебінен 3,1 млрд теңгеге 8-10-шы шағын аудандарда 60 пәтерлік 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталыпты. Енді осы 180 пәтер пайдалануға берілмек. Одан бөлек, 60 пәтерлік 9 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Барлығы – 31 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Қаламызда 7 құрылыс компаниясы өз қаражаттары есебінен 2 тұрғын үй кешені мен 5 көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Халықтың әлеуметтік осал топтарын коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2023-2024 жылы сатып алынған 85 пәтер бүгінгі күні тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің теңгеріміне өтті. Аталған бағытта жұмыстар өз жалғасын табады. Құрылыс пен үй беру ісі әкімдік назарында», – дейді Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақерке Жұмағазы.

Тағы екі ірі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Біріншісі, Sun City кешені, ол қаладағы 4-шағын ауданда орналасқан. Бұл тұрғын үй 12 қабаттан тұрады, жалпы ауданы 23 000 шаршы метр, мұнда 360 пәтер бар. Құрылыс жеке инвесторлардың қаржысына салынып жатыр. Дәл осы секілді «Аристократ» атты тұрғын үй кешені де инвесторлар есебінен бой көтерген. Аталған кешен 552 пәтерге арналған 25 тұрғын блоктан тұрады, ғимараттың жалпы ауданы 54,5 мың шаршы шақырым. Соның ішінде 10,9 мың шаршы шақырым болатын 5 блок осы жылдың маусымында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Д. Қонаев даңғылындағы бұл құрылыс та уақытылы жүріп жатыр дейді жауапты мамандар. Әрине, жас облыс орталығы үшін халықты үймен қамту жағы аса маңызды. Сондықтан жоспары үлкен қалаға соған сай қарқынды әрекет ету, тек үй құрылысы емес, инфрақұрылым мен басқа да әлеуметтік нысандарды дамыту қажет. Бұл орайда қажетті шаралардың бәрі жасалып жатыр дейді Қонаев қаласы әкімдігі.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы