«Қойтастағы» эко-акция
Қазір елімізде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүріп жатыр. Акцияға Жетісу облысының тұрғындары жауапкершілікпен қарап, облыс тұрғындарын табиғатты сақтауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндеді. Бүгінгі күнге дейін жалпыұлттық тазалық шарасына облыс бойынша 150 мыңға жуық адам қатысқан.
Күні кеше өңірдегі табиғи және тарихи тұрғыда маңызды орын болып табылатын Сарқан ауданындағы «Қойтас» саябағында кезекті тазалық шарасы өтті.
Ауыл тұрғындары тазалық акциясын жүргізіп қана қоймай «Қойтас» саябағының ерекшелігі жайында жас ұрпаққа насихат жүргізді. Тұрғындардың айтуынша, аңызға сәйкес, бұрын болған үлкен су тасқынының салдарынан қазір ол жерде тұрқы ерекше үлкен тастар орналасқан. Жергілікті тұрғындар оның ішіне жөндеу жұмыстарын жасап, тастардың арасын арнайы аллея етіп, жергілікті көрнекі орынға айналдырған.
Айта кету керек, шара өзіндік ерекшеліктерімен айшықталып, жергілікті өнерпаздардың құлақ құрышын қандырар әндерімен басталды. Ұлттық аспаптармен әуезді ән тербеткен топ тазалық акциясын мерекелік ауанға ауыстырды. Эко-акция аясында саябақ аумағын алып зіл тастардан босату жұмыстары да жасалды. Бұл шараға өңірдегі алып күш иелері ат салысты. Олардың қатарында өңірдегі танымал түйе палуандар да бар. Олар аумақты тастардан тазалап, акцияға үлес қосумен қатар, күш сынастырды. Сонымен қатар өңірдегі «Ақбұлақ-Продукт» ЖШС тасада қалмады. Олар акцияға қатысушылардың барлығына төл өнім – ұлттық сусындарды ұсынып, республикалық акцияға өз үлестерін қосты.
Жетісу облысының тұрғыны Әдемі Төлеухан: «Мұндай шаралар балаларды еңбекке баулу үшін де қажет. Жалпы қоғам болып тазалық мәдениетін қалыптастыра білуіміз керек. Дамыған елдерде көше тазалығы, мәдениеті, қоқысты әр жерге шашпау өте қатты жетілген. Біз шетелдерге шыққан сайын олардың тазалығына таңданып жатамыз. Осының барлығы мұндай акцияларды ұйымдастырып, әр тұлға өзінің айналасын таза ұстап, жан-жағына да соны насихаттаудан басталған деп ойлаймын. Бізде де қазір қоғамдық орындарда шылым шекпеу, қоқыс тастамау талап етіледі. Өз басым мұны дұрыс деп санаймын. Заң аясында болсын, жалпы, осындай шараларды ұйымдастыру арқылы болсын, халықтың мәдениетін арттыра аламыз деген ойдамын», – дейді.
Айта кету керек, аталмыш шараға ауыл, аудан тұрғындары емес, мекеме қызметкерлері, әкімдік өкілдері де атсалысып, арықтарды, саябақтарды өзге де қоғамдық орындарды тазалау ісі жүргізілді. Алдағы уақытта да жергілікті әкімдік бұл шараның жалғасуына ықпал етпек.
Қ.Сайлау