Әлеумет

"Күміс жас" бағдарламасы: ШҚО-да жұмысқа шықпаған қызметкерлер үшін 4,6 млн теңге субсидия алынған

Шығыс Қазақстан облысында жұмысқа іс жүзінде бармаған адамдарды жұмыс істеді деп көрсетіп, мемлекеттен субсидия алған компания анықталды.

Ақша

Алтай ауданындағы кәсіпорын "Күміс жас" бағдарламасы аясында бюджеттен шамамен 4,6 миллион теңге алған. Прокуратура араласқаннан кейін қаражат толықтай мемлекетке қайтарылды.

"Күміс жас" бағдарламасы 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Оның шарты бойынша жұмыс берушілерге қызметкерлердің жалақысының 60-70 пайызы бюджет есебінен субсидияланады.

Алайда Алтай ауданындағы бір жұмыс беруші бұл талаптарды бұзған. Прокуратураның анықтауынша, компания кейбір қызметкерлер жұмыс орнына мүлде келмесе де, есеп құжаттарында олардың толық жұмыс күнін өтегені туралы мәлімет көрсеткен. Тіпті олардың арасында сол кезеңде аудан аумағынан тыс жерде болған адамдар да бар.

Соған қарамастан кәсіпорын мемлекеттен жалақы шығындарын өтеуге арналған субсидия алып отырған. Осылайша нақты жұмыс істегені расталмаған қызметкерлер үшін бюджеттен шамамен 4,6 миллион теңге төленген.

Прокуратураның араласуынан кейін төлемдер қайта есептеліп, заңсыз алынған қаражат мемлекетке қайтарылды.

Дегенмен прокуратура субсидияны заңсыз алған компанияның атауын жариялаған жоқ. Сондай-ақ осы іске байланысты кінәлі тұлғалардың жауапкершілікке тартылған-тартылмағаны жөнінде мәлімет берілмеді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз