Іле Алатауының 30 жылдығы: Тау экожүйелерінің болашағы талқыланды
Алматы облысындағы Oi-Qaragai тау курортында өткен «Еуразиядағы тау экожүйелерінің сақталуы мен тұрақты дамуы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы табиғатты қорғау саласындағы маңызды оқиғалардың біріне айналды.
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды жиын Еуразия кеңістігіндегі экологиялық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаң болды.
Конференцияға Қазақстаннан бөлек Түркия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген ғалымдар, экологтар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, табиғат қорғаушылар мен сарапшылар қатысты. Олар екі күн бойы тау экожүйелерін сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және тұрақты экотуризмді дамыту мәселелерін талқылады.
Бүгінде әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі – климаттың өзгеруі. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық жылыну таулы аймақтарға ерекше әсер етуде. Мұздықтардың көлемі азайып, су көздері тартылып, көптеген жануарлар мен өсімдіктердің табиғи мекендеу ортасы өзгеріп жатыр. Сондықтан тау экожүйелерін сақтау мәселесі тек бір мемлекеттің емес, тұтас адамзаттың ортақ міндетіне айналды.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Іле Алатауы ұлттық паркінің табиғи әлеуеті мен халықаралық маңызын ерекше атап өтті.
– Әлемнің жетекші ұлттық парктерімен салыстырғанда Іле-Алатауы ұлттық паркі көлемі мен келушілер саны жағынан бәсекеге қабілетті деңгейге жетті. Алматы қаласы мен Алматы облысына жақын орналасқан бұл аумақ табиғи байлығымен ерекшеленеді. Өткен жылы мұнда шамамен 950 мың турист келген. Бұл ұлттық парктің мүмкіндігі зор екенін және экотуризмнің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді вице-министр.
Шынында да, Іле-Алатауы ұлттық паркі бүгінде Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы маңызды табиғи аумақтардың біріне айналды. Аумағы 200 мың гектардан асатын парк қарлы шыңдардан бастап альпі шалғындарына дейінгі сан алуан табиғи ландшафттарды қамтиды. Мұнда мыңдаған өсімдік түрлері өсіп, жүздеген жануар мекендейді.
Іле Алатауы: табиғатты қорғаудың 30 жылдық тәжірибесі
Отыз жыл бұрын құрылған ұлттық парк осы уақыт ішінде табиғатты қорғау ісінде үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жылдар ішінде парк аумағында бес миллионнан астам ағаш көшеті отырғызылып, орман қорын қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Табиғат қорғау шараларының нәтижесінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысы, қоңыр аю, бүркіт, тас сусары секілді сирек жануарлардың саны тұрақты түрде артып келеді. Мамандар мұны экожүйенің тұрақтылығы сақталғанының нақты көрсеткіші деп бағалайды.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов ұлттық парктің соңғы үш онжылдықта табиғатты қорғаудың маңызды орталығына айналғанын атап өтті.
– Табиғатты қорғау – тек мемлекеттік мекемелердің міндеті емес. Бұл бағытта ғалымдардың, халықаралық ұйымдардың, қоғамның және бизнестің бірлескен жұмысы қажет. Биоалуантүрлілікті сақтау, климаттық өзгерістерге бейімделу және тау экожүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік, – деді ол.
Ұлттық парк басшысы тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, қар барысы, арқар және басқа да сирек кездесетін жануарлар мемлекеттік шекараларды білмейді. Олар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай аумақтары арасында еркін көшіп-қонып жүреді. Сондықтан мұндай жануарларды сақтау үшін халықаралық деңгейдегі бірлескен ғылыми зерттеулер мен ортақ табиғат қорғау бағдарламалары қажет.
Конференция барысында Сиверс алмасын сақтау, қар барысын зерттеу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ғылыми мониторинг жұмыстарын жетілдіру мәселелері де кеңінен талқыланды. Әлемдегі мәдени алма сорттарының арғы тегі саналатын Сиверс алмасы Іле Алатауының баға жетпес табиғи мұрасы ретінде ерекше назарға алынды.
Экотуризм және табиғат: тепе-теңдік сақтала ма?
Соңғы жылдары Іле Алатауы ұлттық паркі туристер ең көп баратын табиғи аумақтардың біріне айналды. Тау соқпақтары, сарқырамалар, альпілік шалғындар мен көркем шатқалдар мыңдаған туристі өзіне тартады. Бұл өңір экономикасына оң әсер еткенімен, табиғи ортаға түсетін жүктемені де арттыруда.
Сондықтан конференция барысында тұрақты экотуризм мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Сарапшылардың пікірінше, табиғатты сақтай отырып туризмді дамыту – алдағы жылдардың басты міндеттерінің бірі.

Бүгінде ұлттық парк аумағында 94 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Мұнда үш шаңғы курорты, бес визит-орталық және бірнеше заманауи демалыс орны жұмыс істейді. Алдағы уақытта Қаскелең және Үлкен Алматы шатқалдарында жаңа визит-орталықтар салу, «Жоғарғы Талғар» туристік орталығын дамыту, Turgen Alpine Village экокешенін, Ak-Bulak Lodge Park отбасылық демалыс орталығын, Tengri экопаркін және көшпенділер этноауылын құру жоспарланып отыр.
Бұл жобалар инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдегі туризмнің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алайда мамандар кез келген туристік бастама табиғаттың мүддесімен үйлесуі тиіс екенін айтады.
Конференцияның әсерлі сәттерінің бірі «Болашақ ұрпаққа мұра» атты уақыт капсуласын салтанатты түрде орналастыру рәсімі болды. Капсулаға табиғатты қорғауға қатысты үндеулер, тарихи құжаттар мен мерейтойлық материалдар салынып, оны 2046 жылы ашу жоспарланды.

Бұл бастама табиғатты қорғау жұмыстарының қысқа мерзімді науқан емес, ондаған жылдарға жалғасатын жауапты миссия екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Сонымен қатар ұлттық парк пен табиғат қорғау саласының дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер марапатталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды.
Іле Алатауы ұлттық паркінің 30 жылдығына арналған халықаралық конференция бір нәрсені анық көрсетті. Табиғатты сақтау мәселесі бүгінде мемлекеттердің шекарасынан әлдеқашан асып кеткен. Сондықтан Еуразиядағы тау экожүйелерін қорғау бағытындағы халықаралық ынтымақтастық алдағы уақытта да маңызды бола бермек. Ал Іле-Алатауы ұлттық паркі осы игі істің ғылыми, экологиялық және тәжірибелік орталығы ретінде өз миссиясын жалғастыра береді.