Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:13, 16 Қараша 2022

Логотип жасауға да басымыз жетпей ме?

None
None

Жақында Абай облысының логотипі жариялана сала халық наразылығын туғызды. Не дұрыс оқылмайтын, не еш мағынасы жоқ логотиптің түрі халықтың қытығына тиетіндей-ақ еді.

Жалпы еліміздің логотиптерінің халықты ренжітіп отырғаны бірінші рет емес. Осыған дейін де талай жылдан соң қайта оралған Республика күнінің логотипі әлеуметтік желілер мен ресми сайттарда жариялана сала елді шулатқан болатын.

Көпшілік Республика күні логотипінің көшірілгенін айта бастаған тұста мәселенің анық қанығын тексерген factcheck.kz сайты Республика күнінің логотипі ғаламтордан алынғаны туралы айтылып жатқан әлеуметтік желідегі пікірдің шындық екенін жариялады. «Ресми логоны және желідегі суреттерді іздей келе Shutterstock.com сайтынан бірақ шықтық. Сток суреттер базасына «eagle logos» деп жазсаңыз Республика күніне арнайы жасалған логодан аумайтын нұсқаны табасыз. Сурет Adobe Stock-та да бар, бағасы — $79,99. Сурет стоктан алынбаған десек, логодағы қанат саны, жаюы, тұмсығы, бәрі — бірдей. Айырмашылығы, түпнұсқада оң жақ қанаты үшкірлеу келсе, Республика күні логосында сүйірленген. Бар болғаны осы. Сток суреттер базасында логотип авторы ретінде TopStudio ұйымы көрсетілген. Бұл ұйым жануарлардан бөлек, әртүрлі стильде логотиптер жасаумен айналысады және оны сток суреттер базасы арқылы сатады. Бір қызығы, әлемде дәл осы бүркітті пайдаланған маркалар мен компаниялар өте көп. Бәрі бір-біріне ұқсайды. Оны Yandex суреттерді іздеу жүйесінен көруге болады. Логотипке мемлекет қанша қаржы жұмсады екен?» деп, мәселенің анық-қанығын баяндаған.

Өкінішке қарай құзырлы орындар бұл мәселе туралы ресми жауап қатпаған. Бірақ Президент тапсырмасымен ұлттық мереке ретінде қайта оралған, еліміздің туған күні саналатын Республика күнін ұрлық логоға теліп қоятындай не басымызға күн туды? Бұдан соң ол күннің мәртебесі қалай артпақ?! Басқаша бірдеңе ойлап тауып, өндірмесек те, ең болмаса логотип жасауға басымыздың жетпегені ме? Осыншалықты жалқау, жымқырғыш ел ме едік?! Әлде тағы да түбімізге сыбайласқан, қу жемқорлар түсіп кетті ме...

Жалпы, бұған дейін де еліміз логолар мен суреттер ұрлаумен бірнеше рет көзге түскен болатын. Коронавирус пандемиясы өршіп кеткен жылдары талай жерде қолданылған бетперде таққан қыздың да суреті де ұрланғаны белгілі болып, шу болған еді. Өзге ұлттың ғаламтордағы суретін ұрламай-ақ  бетперде тағып түсетін бет өзімізде де бола тұра, ғаламтордан дайын суретті қақшып кетуіміз көп нәрсені аңғартады. Яғни еліміздің лого саласы ұрлыққа еті үйреніп алғандай. 2017 жылы шыққан 500 теңгеліктегі шағала Уикипедиядан алынғаны туралы да ақпарат тараған болатын. 2018 жылы «Рухани жаңғырудың» логосы да плагиат дауына ілігіп, елді шулатқан еді. Тізе берсек, лого саласында ұрлық дүниелеріміз жетерлік көрінеді.  

АҚШ-та білімін жетілдіріп жатқан журналист, блогер Дәулет Мұқаев та кеше ғана ұрлап алған тағы бір логомыз туралы дерек келтірген еді. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Американдық «AT&Т» компаниясы 1885 жылы ашылған. Спутникті хабар тарату мен телефон, интернет коммуникациялары бойынша ең үздік компаниялардың бірі. Әлем бойынша 135 миллион абонементі бар. Әрі ең қымбат брендтердің ішінде төрттікке кіреді. 200.000-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Айналымы 170 млрд доллар, ал активі 552 млрд доллардан асып отыр. Ал осы «АT&T» логотипі тура «Қазақтелекомның» логотипіне ұқсайды. Кезінде «Қазақтелеком» логотипін жасауға да миллиондаған ақша бөлінді-ау?» деп жазба қалдырған. Расында да, екі компанияның логотипі егіздің сыңарындай ұқсас. Қызметі де бір. Біздікілер ұрлап аларда аса бір қинала қоймағаны осыдан ақ белгілі. Тағы қанша ұрлығымыз ашылар екен...

Тегтер: