Саясат

Мәдиев Азаматымды күдікті деген сөзіне жауап берсін

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы өңіріндегі полиция бөлімшесінде 2020 жылғы қазан айының 17-сінен 18-іне қараған түні Қаратұма ауылының тұрғыны Азамат Оразалы күтпеген жерден қаза болды.

Мәдиев Азаматымды күдікті деген сөзіне жауап берсін

Бұл оқиға ертеңгі тәулік ішінде қаратұмалықтардың ғана емес, бүкіл қараша жұрттың наразылығын туғызып, қоғамдық қозғалысқа түрткі болғаны аян. Өйткені митинг тұрмақ, жай көшеде топ адам келе жатса, жинала қалатын орган қызметкерлеріне деген өкпесі қара қазандай қазақтың наразылығын оятты. Қаратұмалықтар түнге қарамастан, тап сол күні бірден атқа қонып, Мақаншы өңірлік полиция бөлімшесіне лап бергенде, жергілікті полицейлердің бет-бетімен безіп кеткені ішкі істер саласындағы жауапкершіліктің де бетімен кеткенін аңғартқандай болды.

        Ал өткен аптаның жұма күні полицейлер қолынан жас ғұмыры үзілген 33 жастағы Азамат Оразалының дүниеден өткеніне 40 күннің жүзі болды. Бәлкім, сәйкестік шығар, осы қайғылы оқиғаның соңы тұманданып кетпеуі үшін сол ауылға барған «Жас Алаш» газетінің тілшісі марқұмның қырық күндік асына дөп келіпті. Осы күні ағылып келген көлік пен жиылып келген жұрт қарасы аз болған жоқ. Ауладағы палаткаға жайылған ас дұғасында қазақы рәсім өткен соң, Азамат туралы анасы Гүлнар Оразалы сөз алды.

— Ағайын-жұрт, менің адам баласына тілемейтін қайғымды бөлісіп, осы жерге келгендеріңізге алғысымды айтамын. Ал, бірақ, менің Азаматым қандай еді?! Бөтен ойға бармаңыздар, ол біреудің ала жібін аттайтындай жан емес еді. Біреуге барын бөлісетін, иә болмаса көмектесетін балам еді. Оған осы ауыл халқы толық куә. Бірақ та әлдекімдердің қоғамда ол туралы күмәнді сөздер таратқанын да естіп жүрмін. Егер Азамат балам дұрыс жігіт болмаса, оны ішкі істер бөліміне жазықсыз алып кеткен күні күллі қаратұмалық азаматтар дүрк көтеріліп, полиция бөлімшесіне бармас еді ғой. Осы қайғыға душар еткен жандарға сөзім жоқ. Сол күні еңіреп жылап, жер бауырлап қалғанда дереу қасымыздан табылған облыс әкімі Даниал Ахметовке, жаназасы өткенше жанымызда жүрген аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов бастаған басшылыққа да рақмет. Бірақ Азаматымды жоқтағанда, оның артында бір жарым жасар қызы, құрсақтағы нәрестесі қалды. Айуандыққа барғандарды да Алла көрер, – деп егілді анасы.  

    Расында да, бұл астары тереңге кететін, жергілікті полицияның өзін «жарты құдай» сезініп, айналадағы ауылдарға тізе батырып, жазықсыз адамның мойнына қылмыс іліп, оны «ұры» атандырудан туған әрекеттің ауыр нәтижесі болатын.

      Азамат марқұмның қырық күндік ас шарасы өткен соң, апасы Гүлнафис Оразалы мынадай шындықты айтты.

— Азаматты алып кеткенін білген де жоқпыз. Тіпті отбасы да білмеген. Өйткені ол өзіне мал қосқан адамның малын сойып беру үшін кеткен болатын. Сол күні кешкі сағат сегізде Азаматтың полиция бөлімшесінде қайтыс болып кеткенін халықтан естідік. Көтерілген жастармен бірге бардық. Сөйтсек, олар бөлімшені тастап кетіпті. Полиция бөлімінде тірі жан жоқ. Кіріп барған жастардың бірі Азаматтың жерде жатқан мәйітін тапқан. Үсті-басы лас, батпақ-батпақ болып жатқан. Үстінде «жындылар» киетін халат. Жанында оны тұншықтырған целлофан жатқан. Тап осы көрініске куә болған жолдастары бар. Осы ауылда тұрады. Тіпті арақтан босаған бөтелкелерге дейін жатқанын айтты. Менің ойымша, сау адам оны мұндай дәрежеге жеткізбейді. Өйткені оны (Азаматты – авт.) ұрып-соққан,  екі бүйрегі шығып кеткен, бет-аузы көкпеңбек, – дейді күйзелістегі апасы.

       Гүлнафис апаның айтуынша, Азаматтың тап сол кезде денесінің басым бөлігі көгеріп кеткені байқалған және ол ұялы телефонға да түсірілген. Тағы бір түсініксізі, көршілес Көлденең ауылынан әлдебір жігіт малы жоғалып кеткенін айтып, Мақаншы полиция бөлімшесіне барған. Сол кезде бөлімшедегі полиция қызметкерлері дереу оны қарамақтарына алып, «малыңды өзің ұрлап, бізге келдің» деп, ақылға сыймайтын әрекетпен бөлімшеге қамап тастаған. Жай қамап тастамай, біраз азаптау көрсеткен.

— Содан түн ішінде полицейлер ол баланы 16 қазаннан 17-сіне қараған түні, сағат 2-лер шамасында мәжбүрлі түрде Азаматқа звондатып: «Он бес жылқының ақшасы сенде ғой. Екеуміз бөліп аламыз деп келісіп едік қой», – деген анонимді қоңырау түсіріпті. Түкке түсінбеген Азамат оны мас болып звондап тұр деп ойлаған, – дейді жанарына жас толған апасы.  

      Сонымен, айтып-айтпай не керек, дәл сол күні Азамат Оразалы бөлімшеде қайтыс болғанда, Мақаншының полицейлері дереу жедел жәрдем шақырып, өз қолдарымен кісі өліміне апарған қылмыстық істің соңын бүркемелеуге тырысқан. Тырысқаны өз алдарына, Азаматтың туған жылын «1983 жылы туған» деп өзгертіп, басқа адамның аты-жөнімен тапсыруға жанталасқан. Алайда ақпараттың жалған екенін аңғарған дәрігерлер полицейлердің «өтінішіне» келісуден бас тартқан. «Бір сөзбен айтқанда, Мақаншы полициясы өздерінің артын тазалауы үшін камераларды алып тастаған. Оны жақсы білетін адам орындаған», – дейді Азамат марқұмның апасы Гүлнафис Оразалы. Оның айтуынша, мұндай ауыр оқиғалар Мақаншы полиция бөлімшесінде бұған дейін де бірнеше рет қайталанған. «Егер ауыл жастары атқа қонбағанда, Азаматымыздың қазасы да жабулы қазан жабулы күйі қала берер еді. Одан кейін, менің жанымды күйзелтетін тағы бір жайт, онсыз да қабырғам қайысып тұрғанда облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Сағат Мәдиевтің оқиға барысын тексеруге келіп тұрып, баламды бүкіл Қазақстанға «күдікті» деп атағаны қатты қынжылтты. Мәдиев маған сол сөзі үшін жауап берсін», – дейді ол.

       Апасынан соң, марқұмның асына келген Азаматтың достарын сөзге тартпақ болғанымызда ауыл жастарының бір-біріне қарағанын да аңғардық. Қайсысы болсын сол күнгі жайды айтуға оқталғанымен, көздерінен әлдебір үрей байқалады. Атын айтуға тартынатын жөндері де бар екен, қазір жергілікті полиция басшылығы Азамат дүние салғанда Мақаншы полиция бөлімшесіне барғандарды біртіндеп шақырып, жауапқа тарта бастағанға ұқсайды. Бұл мәселені де алдағы уақытта назардан тыс қалдыруға болмайтынын аңғардық.

     Мақаншы ғана емес, қазір Үржар өңірінде «Азаматтың қазасына қатысы бар бес полицейдің ісін бір учаскелік инспектордың ғана «мойнына ілгелі жатыр» деген қауесет күш алып тұр. Алайда оның мән-жайының қаншалықты шындық екені белгісіз. Соған қарамастан, сол күнгі оқиғаға қатысы бар, Келдімұрат ауылдық учаскелік инспекторы қызметіне барғанына көп уақыт өтпеген жас полицейдің жарын Мақаншыға іздеп барып, таптық. Шаңырақ құрғандарына жылдың жүзі енді болған Алуаның айтуынша, күйеуі Фархаттың мінезінде артық-ауыс кемшілік жоқ, жан баласын ренжітпек тұрмақ, өз отбасына жауапкершілікпен қарайтын адам. Тіпті жұмысы туралы да жақ ашпайды. Белгілісі – Алуа перзентханада сәбиін дүниеге әкелген күні күйеуі абақтыға жабылған. Бірақ бұл салада жұмысын бастағанына бес жылдың жүзі болған Фархаттың қиянатқа қатысы бар деуге дәті бармайды.

      Тоқетерін айтқанда, Мақаншы полициясы бөлімшесінде болған қанды оқиға «погондылардың»,  расында да, қызметін асыра пайдаланып қана қоймай, қарапайым халықты басынып, жазықсыздан-жазықсыз тізе батыра бастағанын көрсетіп берді. Азамат марқұмның артында еңіреп қалған аяғы ауыр жары – ауылдың медицина саласында жұмысын енді бастаған жас дәрігер. Бір жарым жасар қызының ер адам көрсе, мойнына асылып құшақтап, жүріп алатынын көрудің өзі ауыр. Ал осы қылмыстық оқиғаға қатысты бес полицейдің (біреуі Мақаншы полиция бөлімшесін басқарған, екіншісі Үржар аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары, біреуі опер, қалған екеуі учаскелік инспектор) бұл жолғы ісі бұл саланың былыққа батқанын көрсетіп бергені анық. Ал ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі болса бұған қатысты ақпараттарды нақты таратуға әзірге түрлі себептермен дәрменсіз күйде.

 

 

Тегтер: Без Тега
Сәтжан Қасымжанұлы
Сәтжан Қасымжанұлы Сәтжан Қасымжанұлы

Оқыңыз