Мәдиев "Яндекс" қызметтерінің жұмысы қашан қалпына келетінін айтты
Қазақстанда "Яндекс" сервистерінің кейбірі әлі де дұрыс жұмыс істемей, уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі, Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев мәселенің қашан шешілетінін айтты.
Министрдің сөзінше, "Яндекс" сервистері қазір жұмыс істеп тұр. Компания олардың қалыпты жұмысын қалпына келтіру үшін шаралар қабылдап жатыр. Мәдиевтің болжамынша, қызметтер алдағы екі-үш күнде толық қалпына келуі мүмкін.
Бұған дейін Yandex Go Қазақстан өкілдері ақауларға сервистердің жұмысын қамтамасыз ететін инфрақұрылымның жекелеген бөліктеріндегі іркілістер себеп болуы мүмкін екенін хабарлаған. Ал Yandex Cloud электр қуатының үзілуінен кейін кейбір қызметтерде ақау пайда болғанын мәлімдеді. Компанияның дерегінше, Ресейдегі ru-central1-a деп аталатын аймақта электрмен жабдықтау үзілген. Қазір мамандар ақауды жоюға күш салып жатыр.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Ресейдің Владимир қаласындағы "Яндекс" деректер орталығы ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан зақымданған. Соның салдарынан орталықтың жұмысы толық тоқтаған.