Мақтанып болдық па? Қызылордада ірі кәсіпорын жұмысы тоқтап тұр
Қызылорда облысында жыл сайын кәсіпкерлік көрсеткіші артқанымен, ірі өндіріс орындарының саны саусақпен санарлық. Бүгінде неше жыл бойы тағатсыздана күткен шыны зауыты жұмыс жасап, өнімін экспортқа шығаруда.
Мұнан бөлек, болашағынан зор үміт күттіретін жобалар да бар еді, бірақ халықтың сенімі ақталмады. Солардың бірі – Жалағаш ауданында орналасқан мия тамырын өңдеу зауыты болатын.
Зауыт Жалағаш кентінің шет аймағында орналасқан. Ең алғаш рет осыдан 10 жыл бұрын іске қосылды. 2014 жылы кәсіпорынның ашылу салтанатына сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі қатысып, жалағаштық жұмысшыларды құттықтаған болатын.
Зауыттың жалпы құны 2 402,0 миллион теңгені құрады. “БИС-Групп” ЖШС-нің «Қызыл мия өсіру және тамырын өңдеу» инвестициялық жобасы алдағы уақытта 156 адамды тұрақты жұмыспен және 500 адамды маусымдық жұмыспен қамтиды деп сендірді. Алайда көп ұзамай зауыт басшылығы өзара соттасып, кәсіпорын жұмысын тоқтатқан болатын. Еңбек етіп, маңдай термен нан тапқан қызметкерлер бір сәтте далада қалды.
Біраз жыл мия тамырын өңдейтін зауыт ғимараты қаңырап бос тұрды, ішіндегі техникалардың біразы істен шықты. Бірақ жергілікті халық өндіріс орны әлі де іске қосылады деп сенген еді. Өткен жылы бұл үміт ақталды. Тұралап қалған зауыт жұмысын жүргізу үшін 2022 жылы Қытай Халық Республикасының технолог мамандарын алдырып, құрал-жабдықтары ауыстырылып, мия тамырының сығындысынан тәтті ұнтақ шығару қолға алынған еді.
“Қазіргі таңда зауыттан тәулігіне 1,5 тонна тәтті ұнтақ шығарылуда. Алдағы уақытта қосымша қондырғылар орнатылып, зауыттың қуаттылығы тәулігіне 3,5 тоннаға дейін жететін болады.
Зауытта қазіргі таңда 900 тонна мия тамырының қоры бар. Шығарылатын өнім кондитерлік өнімдер, порфюмерия (пудра), тәтті сусындар шығаруда кеңінен пайдаланылады.
Бүгінгі күнге зауытта 31 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қосымша 30 адам жұмысқа алынады. Зауыт тоқтап тұрған жылдары жылына 6 млн. 975,0 мың теңге салық түсімдерін түсіріп отырған. Алдағы уақытта салық түсімдерінің көлемі шығарылған өніміне сәйкес көбейетін болады” - деп мақтанған еді сол кезде аудан әкімі болған Асқарбек Есжанов.
Өкінішке орай, қазіргі таңда шенеуніктердің жоспары тағы да аяқсыз қалып отыр. Зауыт жұмысы тоқтап тұр. Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың да көңіліне қаяу түсіруде.
“Қазір жастарға ауданда жұмыс аз. Бұл зауыт көптеген отбасыға көмек еді, қазір жабылғанына да біраз болды. Әйтеуір ауданда өндіріс орны болса, тіршілігімізге береке кірер еді. Балаларымыз үйден шығып үйге кірер еді”, - дейді аудан тұрғындарының бірі.
“Менің күйеу балам осы зауытта істеді. Оларды шетел азаматтары оқытты біраз. Қазір зауыт қайтадан жабылды, күйеубалам басқа облысқа вахтамен жұмысқа кетті. Әрине зауыттың ашылғаны елге жақсы”, - дейді тағы бір жалағаштық ақсақал.
Жергілікті әкімдік зауыттың қайта іске қосылуына мемлекет тарапынан жағдай жасалуда дейді. Бірақ нақты нәтиже қашан болатындығы әзірге белгісіз.
“Зауыттың жұмысының тоқтауына нарықтағы жағдай себеп болып тұр. Яғни, өнімдерінің бағасы тиімсіз болғасын тоқтаған. Бүгінде зауытта 40 тоннадай өнім бар өтпей тұрған. Біз өз кезегімізге серіктестік басшылығымен мәселенің шешу жолдарын қарастырудамыз. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады”, - деді Жалағаш аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жасұлан Дүйсекеев.
Айнұр Төлешова