Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:00, 01 Қазан 2024

Мазасы кеткен Таяу Шығыс. Израильдің шабуылы, Насыралланың өлімі

Насырылла
Фото: ru.irna.ir

Таяу Шығыстағы қақтығыс жақын арада тоқтайтын түрі жоқ. Израильдің «Хезболлаға» қарсы шабуылы күн өткен сайын үдеп келеді. 27 қыркүйек күні Израиль ұшақтары Ливан астанасы Бейрутке жойқын соққы жасады.

 Қалаға 12 зымыран түсіп, 6 ғимарат қирандыға айналды. Жойқын соққылар «Хезболла» қолбасшылары отырған ғимараттарға жасалғаны туралы айтылды. Осыдан соң «Хезболланың» Израиль аумағына жауап ретінде зымыран жаудырғаны туралы ақпарат тарады. Кейіннен Цахал «Хезболла» террористік ұйымының жетекшісі Хасан Насыралланың көзін жойғанын мәлімдеді.

Насыралламен бірге, Израиль Қорғаныс армиясының мәлімдемесіне сәйкес, «Хезболланың» Оңтүстік майданының командирі Әли Караки және ұйымның басқа командирлерінің көзі жойылғанын хабарлады. Көп ұзамай бұл ақпарат та нақтылана бастады. «Хезболла» ұйымының өкілдері басшысы Хасан Насыралланың өлімін растады.

Ал Израиль армиясының баспасөз хатшысы Агари «Хезболла» жетекшісі Насыралла Израильдің ең үлкен жауларының бірі екенін айтты. Ол оны жою әлемді қауіпсіз етті, бірақ бұл «әлі соңы емес» деп қосты. Сондай-ақ Израиль өткізген бұл операциясын «Жаңа тәртіп» деп атады.

Ливандағы «Хезболла» шииттік саяси және әскери ұйымының лидері Хасан Насыралла – 1960 жылы 31 тамызда Ливанның Бейрут қаласында дүниеге келген. Ол 1992 жылдан бері «Хезболла» ұйымының бас хатшысы.

Насыралланың өлімі онсыз да атыс-шабыстан көз ашпаған Таяу Шығыстағы жағдайды тіпті де шиеленістіре түсті. Ең алдымен бұл іске Иран араласты. Иран парламентінің өкілі Надери Иран парламенті Израильдің «Хезболла» лидері Насыралланы жоюына жауап беру туралы ұсыныстарды Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесіне жіберілгені туралы айтты. Ал The New York Times басылымы Иран үкіметі ішінде Насыралланың өліміне қалай жауап беру туралы келіспеушіліктер туындағанын жазды. Басылым бұл жөнінде «консерваторлар шешімді жауап беруді талап етсе, Иран президенті Пезешкиан бастаған байсалды топ сабырға шақырып отыр» деп жазды.

Сондай-ақ Насыралланың өліміне байланысты ХАМАС, «Исламдық Жиһхад», йемендік хуситтердің Ansar Allah ұйымдары көңіл айтты. Ал шииттік әскери топ Saraya al-Ashtar Бахрейн халқын «Хезболла» жетекшісі Насыралланың өлімі үшін Израильден кек алуға шақырады. Сонымен қоса, хуситтер Насыралланың өліміне байланысты Израильден кек алуға уәде берді, әрі хуситтердің Ansar Allah ұйымының өкілі: «Насыралланың өлімі – үлкен қайғы… Біз қарсыласуды қолдап, Насыралланың өлімі үшін Израильден кек алу үшін бар күшімізді аямаймыз… Йемен жерінен оккупацияланған аймақтарға жіберілген баллистикалық зымыран – Йемен халқының ашуының дәлелі», – деді.

Дәл осы тұста Насыралланың жасырынған орнын Израиль әскерлері қалай дөп басып тауып алды деген сұрақ та әлем ақпарат көздерінде қызу талқыланды. Бұған қатысты француз газеті Le Parisien Ливанның қауіпсіздік қызметтері дереккөзіне сілтеме жасап, Насыралланың орналасқан жері туралы ақпаратты Израильге ирандық тыңшы жеткізгенін жазды.

Насыралла қайтыс болған соң «Хезболла» басшысыз қалған жоқ. Көп кешікпей, ұйымның ендігі жетекшісі ретінде Насыралланың немере інісі Хашем Сафиеддин тағайындалды. Хашем Сафиеддин 1964 жылы Оңтүстік Ливанда дүниеге келген. Ол өзінің немере ағасы Хасан Насыралламен бірге Эн-Наджафта теологияны оқыды. 1995 жылы Хашем «Хезболланың» атқарушы кеңесіне тағайындалды. Кейіннен, 2001 жылы оның төрағасы болды. Бұл кеңес негізінен «Хезболланың» саяси, әлеуметтік және білім беру қызметіне жетекшілік етеді. Хашем Сафиеддин сонымен қатар топтың жоғарғы органы саналатын Бас консультативтік кеңестің тоғыз мүшесінің бірі.

2008 жылдың қазан айында Хашем Сафиеддин жалпы жиналыс отырысында "Хезболланың" Бас хатшысы – Насыралланың мұрагері болып сайланды. 2010 жылдың қарашасында ол Оңтүстік Ливандағы ұйымның әскери қолбасшысы болып тағайындалды.

Жексенбіні де Йемен халқы үреймен қарсы алды. Израиль бұл күні Йемендегі хуситтердің мұнай резервуарларына соққы жасады. Нақтырақ айтсақ, 29 қыркүйекте Израиль Қорғаныс армиясы хуситтердің – «Аңсар Алла» атты исламдық радикал тобының – Ходейда қаласы мен Йеменнің батысындағы Рас-Исса портына әуе соққыларын жасағанын хабарлады. Ақпарат көздерінде операцияға ондаған израильдік ұшақ, оның ішінде жойғыш ұшақтар қатысқаны айтылды. Жойқын шабуылдың салдарынан электр станциялары мен хуситтердің Ираннан аймаққа қару-жарақ пен мұнай тасымалдайтын порт қирады. Ал «Әл-Жазира» телеарнасының мәліметінше, порт терминалындағы мұнай резервуарларының бірі өртеніп кеткен.

ЦАХАЛ хуситтердің баллистикалық зымырандарды қолданып, Израиль аумағына жасаған кейінгі шабуылдарына жауап ретінде бұл соққыларды жасағанын айтты.

Хуситтер бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі Израиль шабуылы салдарынан төрт адам қаза тауып, шамамен 30 адам жарақат алғанын мәлімдеді. Ал CNN: «Израиль Йемендегі Ходейда қаласына соққы жасау барысында екі мұнай базасын, әуежайды, электр станциясын және портты жойған» деген ақпарат таратты.

Жанұзақ Әлихан

Тегтер: