Мәжіліс жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заң жобасын талқылады
Мемлекет басшысының «Шетелдіктерге жерді сатуға тыйым салу туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасы Мәжілістің кезекті отырысында талқыланды.
Төменгі палатаның Аграрлық мәселелер комитеті төрағасы Ерлан Барлыбаев осы мәселе бойынша бүгінде жұмыстың қолға алынғанын мәлімдеді.
«Заң жобасы ҚР Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілді. Қабылданғалы жатқан заң жобасы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар ҚР заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен ие болуына тыйым салуды енгізуді көздейді», — деді Ерлан Барлыбаев.
Мәжіліс депутаты Аграрлық мәселелер комитеті аталған заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдағанын айтқан болатын.
Оқи отырыңыз: «Жер кодексіне» түбегейлі өзгерістер қажет