Әлеумет

Мектеп асханаларында тәтті сусындардың орнына не ұсынылады?

Қазақстанда 11–15 жастағы оқушылардың 14,4 пайызы күн сайын құрамында қанты бар газдалған сусын тұтынады.

Мектеп

Бұл – шамамен әрбір жетінші бала. Ал сауалнамаға қатысқан оқушылардың 66,6 пайызы мұндай сусындарды аптасына кемінде бір рет ішетінін айтқан.

Бұл деректер 2022 жылғы HBSC халықаралық зерттеуінде келтірілген. Балалардың тіс саулығы мен дұрыс тамақтану әдеттері "Саламатты мектеп" республикалық форумында да талқыланды.

Зерттеу нәтижесі ауыз қуысының гигиенасына қатысты да мәселе барын көрсетеді. Сауалнамаға қатысқан балалардың тек 47,7 пайызы тістерін күніне екі рет немесе одан жиі тазалайтынын мәлімдеген. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында мектеп жасындағы балаларды профилактикалық тексеру кезінде кариеске қатысты 80 169 жағдай анықталған.

Мамандардың айтуынша, қантты жиі тұтыну тісжегінің пайда болуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі саналады. Сондықтан тіс саулығын сақтау үшін стоматологқа қаралумен қатар, күнделікті әдеттерге де мән беру қажет. Оған тісті жүйелі тазалау, тәтті сусындар мен қанты көп тағамдарды шектеу, таза ауызсу ішу және медициналық көмекке уақытында жүгіну жатады.

Балалардың тамақтану тәртібін жақсарту мақсатында 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңартылған тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді. Ол тағам құрамындағы қант мөлшерін азайтуды көздейді. Тәтті сусындардың орнына су, сүт, ашытылған сүт өнімдерінен дайындалған және қант мөлшері төмен сусындар ұсынылады.

"Саламатты мектеп" бастамасы аясында дұрыс тамақтану мен денсаулық туралы білім беру бір реттік шара ретінде емес, мектеп өмірінің тұрақты бөлігі ретінде қарастырылады. Алдағы уақытта білім беру ұйымдарындағы жағдайды жүйелі бағалап, нәтижесіне қарай нақты өзгерістер енгізу көзделіп отыр.

Мамандардың пікірінше, баланың денсаулығына пайдалы әдеттерді қалыптастыруда мектептің орны ерекше. Дегенмен бұл дағдыны күнделікті өмірге енгізуге отбасының да үлесі қажет.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз