Оқиғалар

Мэлс Кенжеғұлов: Апат кезінде адам тек қалыптасқан дағдыларын қайталайды

Соңғы жылдары жаһандық климаттың өзгеруі мен техногендік факторлар Қазақстанның азаматтық қорғау жүйесін үлкен сынға салды.

ТЖМ

 Еліміздің бірнеше өңірін шарпыған ірі су тасқындары мен ауқымды орман өрттері төтенше жағдайлардың (ТЖ) алдын алу және олармен күресу стратегиясын түбегейлі қайта қарау қажеттігін көрсетті. Бүгінгі таңда ТЖ саласы тек зардаптарды жоюмен шектелмей, терең ғылыми сараптама мен цифрлық болжамға сүйенетін жаңа деңгейге көшуі тиіс.

Осы саланың маманы Мэлс Кенжеғұловтың сөзіне сүйенсек, еліміздің географиялық ерекшелігі табиғи апаттардың бірнеше түріне бейім. Бірінші, су тасқыны қаупі. Көктемгі еріген қар мен өзендердің арнасынан шығуы әлі де басты проблема күйінде қалып отыр. Тұрғын үйлердің өзен жайылмаларына жақын салынуы және гидротехникалық құрылыстардың ескіруі қауіпті екі еселейді. Екінші, орман және дала өрттері: жазғы аптап ыстық пен құрғақшылық салдарынан еліміздің жасыл қоры, әсіресе Абай, Қостанай облыстары үлкен шығынға ұшырайды. Үшінші, сейсмикалық белсенділік. Алматы қаласы мен оңтүстік өңірлер үнемі тектоникалық қозғалыстардың бақылауында, бұл инфрақұрылымның сейсмикалық төзімділігін қатаң тексеруді талап етеді.

Маманның пікірінше, ТЖ саласындағы тиімділікті тежейтін бірнеше ішкі факторлар бар: олар материалдық-техникалық базаның ескіруі – Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) соңғы уақытта жаңа техникалар мен өрт сөндіру деполарын іске қосқанымен, шалғай аудандардағы арнайы техникалар әлі де тозыңқы. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жұмысы аса қауіпті топқа жатса да, олардың әлеуметтік пакеті мен жалақы деңгейі ұзақ уақыт бойы төмен болып келді. Бұл кадрлардың тұрақтамауына әкеледі. Бұдан соң, апат болған алғашқы «алтын уақытта» жергілікті әкімдіктер, ТЖМ және экология органдарының іс-қимылында кейде үйлесімділік жетіспей жатады.

Қазіргі уақытта Үкімет пен ТЖМ тарапынан жағдайды тұрақтандыру үшін бірнеше маңызды реформалар қолға алынды. Бүгінде ғылыми болжам және ГАЖ (Геоақпараттық жүйелер) жүйелері жұмыс істеуде. Апаттарды алдын ала модельдеу үшін ТЖ ГАЖ платформасы енгізілді. Бұл ғарыштық мониторинг арқылы өрт ошақтары мен судың деңгейін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ұлттық заңнаманы жетілдіру арқылы «Азаматтық қорғау туралы» заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіліп, әкімдіктерге ТЖ кезінде жедел шешім қабылдау құзыреттері көбірек берілді. Телеарналар мен байланыс желілерін пайдаланудың жаңа ережелері бекітіліп, азаматтарға қауіп туралы ақпаратты жедел жеткізу тетіктері іске қосылды.

«Біз тек өрт сөндіруші немесе эвакуациялаушы мемлекеттен апаттың алдын алатын мемлекетке айналуымыз керек. Салынған 1 теңге инвестиция апатты жоюға кететін 10 теңгені үнемдейді. Сондықтан басты назарды гидротехникалық нысандарды жаңартуға, орман алқаптарында ерте хабарлау сенсорларын орнатуға және құтқарушылардың мәртебесін көтеруге аудару қажет», – дейді Мэлс Кенжеғұлов.

Қазақстанның төтенше жағдайларға дайындығы – ұлттық қауіпсіздіктің тікелей өлшемі. Климаттық апаттардың жиілеуі жағдайында тек техниканы жаңартып қана қоймай, қоғамда «қауіпсіздік мәдениетін» қалыптастыру маңызды. Әрбір азаматтың ТЖ кезіндегі алгоритмдерді білуі және мемлекеттің ғылыми әлеуетті арттыруы ғана болашақ шығындарды барынша азайтудың жалғыз жолы.

Сала мамандарының айтуынша, табиғи апаттар, техногендік апаттар және ірі өндірістік қазалар бұл адамзат толық бақылай алмайтын, бірақ әрдайым дайын болуы тиіс қауіптер. Бүгінгі құбылмалы әлемде төтенше жағдайларға дайындық деңгейі мемлекеттің қауіпсіздік индексі мен қоғамның тұрақтылығын көрсететін басты факторға айналды. ТЖ кезіндегі дұрыс әрекет етудің маңыздылығы тек теориялық білім емес, бұл – тірі қалудың негізгі шарты. Біз осы және өзге де мәселелерді сала маманы Мэлс Кенжеғұловтан сұрадық.

– Мэлс мырза, сіздерде төтенше жағдай орын алған кезде «Алтын уақыт» деген бар екен. Бұл нені білдіреді?

– Иә, кез келген төтенше жағдай басталған сәтте «алтын уақыт» деп аталатын критикалық кезең іске қосылады. Бұл – зардап шегушілердің өмірін сақтап қалуға болатын алғашқы минуттар немесе сағаттар. Адамдардың басым бөлігі ТЖ кезінде стресс салдарынан не істерін білмей қалады. Сөйтіп, ажиотаж, дүрбелең орын алады. Статистика көрсеткендей, алдын ала дайындығы бар және эвакуация жоспарын білетін адамдар инстинкт деңгейінде дұрыс шешім қабылдайды. Олар өзін ғана емес, айналасындағыларды да құтқаруға қабілетті. Сабырлық пен нақты алгоритм бойынша әрекет ету – үрейді жеңудің жалғыз жолы. Мысалы, Алматыны алайықшы, қазір бұл қалада жаңадан салынған кез келген үйдің ауласында көліктер толып тұрады. Ол аулалар арқылы арнайы (спец) машиналар өтпек түгілі, ол жерлерде жеңіл машина өтетін орын жоқ. Ал негізінде, өрт болған жағдайда «спец» машина кіретін жолдар ашық жатуы керек. Төтенше жағдай болған жерге жедел жәрдем, құтқару қызметі баруы тиіс. Мұның барлығы – күнделікті сақталуы тиіс қарапайым нормалар. Ал енді қазір оқиға орнына барғанда алдымыздан бірінші кездесетін проблема – осы. Үйлерге кіре алмаймыз. Ал ана иін тірісеп тұрған көліктерді қағып кетсек, онда біз кінәлі боламыз. Көліктің иесі бізді сотқа береді. Сонда біз қалай әрекет етуіміз керек. Міне, осындайда алтын уақытымызды жоғалтып, адамды құтқарудың орнына көліктің иесін іздеп кететіндер де бар. Мысалы, қайбір жылы Ақкент тұрғын үй кешенінде үй өртенді. Ол жерде үй бірден өртеніп жанып жатқан жоқ, өрт тұтанып, түтін шықты. Арнайы машина діттеген жерге жетемін дегенше, адамдар паникаға беріліп, өзі қорқып тұрған адамдарды одан әрі қорқытып, 9-қабаттан «матрасқа» секіртіп жатты. Өрт сөндірушілер бірден іске кірісіп кете алмаған соң (кедергілердің кесірінен) адамдарда «қазір өрт бізге де жетеді» деген қорқыныш болған. Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Ол –адамдардың төтенше жағдай кезінде өзін-өзі қалай ұстау керегін білмейтіндігі. Адамдар оқиға орнынан бейнежазба түсіруге әуес, бұл құтқарушыларға да кедергі келтіреді. Бұрын мектептерде жер сілкінісіне қатысты даярлық сабақтары өткізілетін, ЖОО-да өмір қауіпсіздігін сақтау сабақтары жүргізілетін. Қазір мұндай жоқ. Рас, бізде барлық жабдықтар бар. Әсіресе Алматыда арнайы көліктер, құтқару құрылғылары жеткілікті. Бірақ төтенше жағдай кезінде адамдардың өзі де сауатты болуы қажет. Ол үшін халыққа түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілуі керек. Біздің жылына бір мәрте мектепке барып немесе жылыту маусымы болған кезде сақтандыру қағаздарын таратқанымыз аздық етеді. Қысқасы, бізде жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ету керектігіне қатысты методика бар, бірақ тәжірибе жоқ. Болашақта осы мәселелерді шешуге баса назар аударылуы керек.

– Қазір автоматтандырылған дағды жайлы жиі айтылады. Осыны түсіндіріп өтесіз бе?

– Мектептерде, ғимараттарда және өндіріс орындарында өтетін сейсмикалық немесе өртке қарсы жаттығуларға көп жағдайда көзбояушылық (формальді) түрде қарау үрдісі бар. Алайда сараптамалар көрсеткендей, шынайы апат кезінде адам тек автоматты түрде қалыптасқан дағдыларын ғана қайталай алады. Сондықтан әрбір адам эвакуация жоспарын білуі керек. Ең жақын шығу есігі мен қауіпсіз аймақты алдын ала анықтау қажет. Соның қай жерде екенін біліп жүру маңызды. Жедел жәрдем келгенге дейін қан кетуді тоқтату, жасанды тыныс алдыру сияқты базалық дағдылар өлім көрсеткішін 40 пайызға төмендетеді. «112» қызметіне жағдайды нақты, қысқа әрі түсінікті етіп хабарлай алу да маңызды. Осы қарапайым үш тәсілді біліп жүрген маңызды. Осыны біздің тілде «автоматты дағды» деп атайды.

Жалпы, төтенше жағдай кезінде әрекет ету қанша блоктан тұрады?

– Төтенше жағдайларға әрекет ету жүйесі екі үлкен блоктан тұрады: біріншісі – мемлекеттік инфрақұрылым, екіншісі – азаматтық жауапкершілік.
Мемлекет құтқару техникасын дайындап, құлақтандыру жүйелерін (сиреналар, SMS-хабарламалар) іске қосқанымен, азаматтардың салғырттығы кез келген жүйенің тиімділігін нөлге түсіруі мүмкін. Мысалы, жер сілкінісі кезінде лифтіні қолдану, өрт шыққанда құжат іздеп уақыт жоғалту немесе арнайы техниканың өтуіне кедергі жасап, көлікті ретсіз қою – қоғамдық мәдениеттің төмендігін көрсетеді. Екіншіден, кез келген ТЖ – бұл қолданыстағы қауіпсіздік жүйесінің қателіктерін анықтайтын үлкен тест. Жапония, Чили сияқты сейсмикалық белсенді аймақтарда орналасқан елдер әрбір апаттан кейін құрылыс стандарттары мен ТЖ ережелерін қатаңдатып отырады. Сараптамалық тұрғыдан алғанда, апаттың салдарын жоюға кететін шығын, оның алдын алуға және халықты оқытуға кететін шығыннан ондаған есе көп.

Төтенше жағдайда әрекет ету – маңыздылығы тек құтқарушылардың міндеті емес, бұл – әрбір азаматтың өмірлік жауапкершілігі. Үйде «дабыл чемоданын» әзірлеу, алғашқы көмек көрсету курсынан өту және балаларға қауіпсіздік ережелерін үйрету – заманауи адамның мәдениеттілігі мен жауапкершілігінің белгісі. Апат айтып келмейді, бірақ оған дайын болу өз қолымызда.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Тегтер: ТЖМ
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз