Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:47, 09 Қараша 2022

Мешіт, мектеп һәм мемлекет...

None
None

Соңғы кездері елімізде мешіт салудан жарыс жүріп жатқандай. Мешіттерді барынша, қаптатып жатырмыз.

Тіпті, Орталық Азиядағы ең үлкен мешітті де салып тастадық. Елімізде үш ауысымды мектептер де бар, тіпті, апатты мектептер де аз емес. Медициналық қызмет көрсететін орталығы жоқ ауылдарымыз да өте көп. Мектеп пен аурухана түгілі, тұратын баспана таппай жүрген қандастарымыз да жетерлік. Ал біз барлық әлеуметтік мәселемізді шешіп тастағандай, тіпті, оны толтырып отыратын жамағаттың бар жоғына қарамастан, мешіттерді қаптатып салып жатырмыз.

Мәселен, Алматының іргесіндегі Абай ауылында тұрамын. Райымбек ауылы мешітінің үйіме жақын орналасқаны соншалық, азан дауысы үйіме анық естіледі. Жаяу баратындай жерде. Абай ауылы мешітінің де дауысы үйге жетпегенімен, жаяу баратындай-ақ жерде орналасқан. Екі ауыл мидай араласып жатқандықтан, мешіттерінің арасы да жақын. Осы екі мешіт аздай, ауылдың кіреберісінен жақында тағы бір мешіт пайдалануға берілді. Бір қызығы, Мұхаммед Әл-Әмин мешіті пайдалануға берілгелі Абай ауылының бұрынғы мешіті бос қалды. Өйткені екі мешіт бір-біріне өте жақын орналасқан. Арасы жүз метрдей-ақ жер. Осы орайда атап өтер жайт, «бұлақтың жанынан құдық қазып», неге екі мешітті қатар салдық? Бұл мешіт салу ісінің қараусыз, қадағалаусыз қалуының көрінісі ме, жоқ әлде қандай жолмен болса да мешітті шектен тыс көбейтуге тырысу ма?! Ауылда мүлдем мешіт болмаса, түсінікті, ал шағын ауылға бір-біріне жақын орналасқан үш мешіт тым көптік етпей ме? Ішін жамағатпен толтыра алмасақ, қаптатып мешіт салудан пайда бар ма? Әлде түбі бір толтырамыз деген ұстаным ба? Айтпақшы, Абай ауылына қарама-қарсы «Апорт»  сауда орталығының қасынан жақында тағы бір мешіттің құрылысы басталып жатыр. Соның дәл қасында орналасқан «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде жиырма мыңнан астам халық тұрса да мектебі жоқ. Үш мыңнан астам оқушы әр жерде тентіреп оқып жүр. Есесіне, мешіт салынып жатыр.

Осы орайда, атап өтер жайт, мешіт салғанша, неге зауыт, өндіріс орындарын салмасқа деп наразылық таныта бастасаң, жергілікті басқарушы орындар: «Мешіт құрылысына жеке инвесторлар қолдау көрсетті. Құрылысқа ел бюджетінен қаражат алынған жоқ», – деп ауызды жауып тастайды. Сонда ақшасын салса болды, кез келген адам елімізге келіп, ойындағысын жүзеге асыра беруіне рұқсат па?! Ал мемлекеттік идеология қайда қалады?!

Осы орайда, мешіттерді қаптату билікке ыңғайлы болып тұр ма, деген ой да келеді. Әлеуметтанушы Айдос Әлімнің айтуынша, қазір мешіт дегенің о дүние мен бұ дүниені салыстырудан басқаны ойламайтын мәңгүрттердің мекені сияқты болып кетті. Ғылым, білім үйрен, еліміздің экономикасын дамыт, кәсіп аш деген уағыз айтылмайды. Одан гөрі «хор қыздары», «ақирет» деп, халықты о дүниемен қызықтырып, қорқытып ұстау амалы басым. Яғни, халық бұл өмірдегі әлеуметтік жағдайына, қымбатшылыққа, үйінің жоқтығына немесе қарнының аштығына налымасын. Есесіне, о дүние шын өмір деген секілді көрсеткісі келетіндей. Негізі, дін, мешіт дегензаман талабынан қалып қойған, ескі форматтағы мемлекеттік идеология жүйесі.Ал оны интернет, ғарыш заманына әкеліп телу –  уақыт көшін кері сүйреу.Қазақты қараңғы қапаста ұстағысы келгендердің тірлігі.

— Қазақ қазақ болғалы мешітсіз де дініне берік болған еді. Өркениет дамыған сайын кері кетіп барамыз. Айналып келгенде, халықты топас, надан етіп шырмауынан шығармай ұстаудың амалы. Егер халыққа шын жандары ашитын болса, неге елге табыс көзі болатын өндіріс орындарын ашпайды? Күннен-күнге қымбатшылық тұралатқан халықтың жағдайын ойлап жатқан бірі де жоқ. Есесіне, мешіт ашылып жатыр. Барлық ел ғылымға, техникаға, мәдениет пен өнерге ұмтылып, оқу орындарын, жатақханалар мен спорттық жаттығу орындарын салып жатса, біз о дүниені айтамыз. Дамыған елдерде көне заманның тарихи ескерткіші ғана болып қалған мешіттерді біз қаптатып салып жатырмыз», – дейді Айдос Әлім.

Қит етсе, билік мешіт салуға мүлдем қатысы жоқ, тіпті, одан хабары жоқтай сыңай танытады. Ал сол мешіттерді салуға жергілікті басқарушы орындардың өздері алдымен жер бөліп отырғанын қалай елемейміз?!

Айтпақшы, жақында инстаграм әлеуметтік желісінде блогер Мерей және Аружан Әбіловалар және Айжұлдыз Адайбекова 99 мешіттің құрылысы үшін халықтан ақша жинап жатқанын жариялады. Миллиондаған жазылушылары бар блогерлер мешіт салу туралы бастама көтеріп жүрген соң, жастар да жөні осы екен деп соңдарынан еруде. Айналып келгенде, тұтас халқымыз дінге бет бұруда. Дәл қазір қоғамымызда сыртқы бет-бейнесі өзге ағымның жетегінде жүргенін айғақтайтын адамдар да көбейді. Олардың кейбірі адам өлімі секілді аса ауыр қылмыстарда мейірімсіз, тым қатыгез әрекеттерімен көзге де түсті. Қаңтар оқиғасында да халықты арандатқандар өзге ағымның жетегіндегі жандар екені айтылып қалды. Олай болса, халықтың түрлі діни ағымның жетегінде кетуіне билік неге еркіндік беріп қойды? Ұлт болып ұйысып, өркениетті қоғам құратын ел болсақ, неге халыққа бағыт бағдар сілтеп, адастырушылармен күресіп, жол сілтемеске?! Әлде бұл қажетті кезде құрал қылып пайдалануға, халықты қараңғылықта ұстап, олардың көп нәрсе талап етпеуіне керек әдіс пе?!

Әйтеуір, елімізде исламдандыру тым асығыс жүріп жатқаны байқалады. Сол асығыстықтың салдарынан, адасып жүргендер де көп. Ойдан шығарылған пәтуаларымен өмірді қиындатып жүргендердің не көздегені бар, деген сауалға да ешкім жауап беріп жатқан жоқ.

Осы орайда, арабтанушы Замир Төлешовтің пікірі де ойымызды нақтылай түседі.

— «Халық неғұрлым надан болса, басқару оңай, ал сауатты халықты айтқаныңмен жүргізу қиын, өйткені олар өз құқықтарын талап ете бастайды», деген түсінік бар. Араб елдерінде оқу сауаты көбіне 4-5 сыныппен шектеледі. Ол жақтарда білімге қол жеткізе алмайтын әйелдер ғана емес, ерлер де көп. Сол үшін біраз адамдар тегін оқу үшін «Әл-Азхарға» барады. Шын мәнісінде, қазіргі таңда «Әл-Азхар» ешқайда оқуға түсе алмаған, үлгерімі төмен оқушыларды да қабылдай беретін болып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, медресе сияқты қызмет атқарады. Өзіміздегі Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті де осыған ұқсас жүйеге айналуға жақын. Жасы үлкендер соңғы кезде байқап отырған үдеріс – кеше ғана намаз оқи бастаған жап-жас балалардың арасынан азғантай ғана оқып, «теолог-маман» атанып, жұртқа ақыл үйретіп жүргендер күннен-күнге көбейіп жатыр, – дейді арабтанушы ғалым.

Шынында да өркениетке ұмтылу орнына неге кері кеткен жолды таңдадық. Билік неге мешіттерді көбейтуге мүдделі. Тек аңқау қазақ арандап қалмаса екен. Біздің алаң – осы...

Тегтер: