Михаил Шайдоровқа қатысты жағдай жеке бақылауымда – Ербол Мырзабосынов
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың сұхбатынан кейін оның жалақысы, мемлекеттік төлемдер және Қазақстан құрамасымен жаңа келісімшартқа қатысты мәселелер қоғамда кеңінен талқыланып жатыр.Спортшы бірнеше айдан бері жалақы алмағанын айтып, сондай-ақ спорттық атақ беру мен мемлекет тарапынан қарастырылған қолдау шараларына қатысты сұрақтарды көтерген болатын.
Осы жағдайға қатысты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Zakon.kz сайтына берген сұхбатында пікір білдірді. Ведомство басшысы жағдайға толық тоқталып, мәселенің қай кезеңде тұрғанын түсіндірді.
Министрдің айтуынша, Михаил Шайдоровтың жалақысы бойынша айтылып жүрген «5 ай төленбеді» деген ақпарат нақты жағдайды толық көрсетпейді. Оның сөзінше, спортшы 2026 жылдың ақпанына дейін бұрынғы олимпиадалық цикл шеңберіндегі келісімшарт бойынша еңбекақы алып келген. Ал жаңа циклге арналған келісімшарт наурыз айынан бастап жасалуы тиіс болған.
«Бұл – барлық ұлттық құрама спортшыларына ортақ стандартты рәсім. Бір кезең аяқталған соң келесі олимпиадалық циклге жаңа келісімшарт жасалады. Қазіргі таңда жаңа келісімге әлі қол қойылған жоқ, сондықтан жаңа кезең бойынша төлем жасауға құқықтық негіз жоқ», – деді министр.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, жаңа келісімшарт спортшының олимпиадалық чемпион мәртебесіне сай жақсартылған шарттарды қамтиды. Министр келісімге қол қойылмауының себебін тараптар арасындағы «міндеттемелер» тармағы бойынша ортақ шешімнің болмауымен байланыстырды.
«Бұл – жеке спортшыға арналған арнайы шарт емес, ұлттық құрамаға ортақ типтік келісім. Біз бір спортшы үшін ережені өзгерте алмаймыз», – деді ол.
Министр жағдайдың шешімі қарапайым екенін атап өтті: келісімшартқа қол қойылғаннан кейін барлық қаржылық төлемдер толық өтеледі.
Сонымен қатар ол мемлекет тарапынан спортшыға қысым немесе әдейі шектеу жасау туралы пікірлерді жоққа шығарды
«Ешқандай дау жоқ. Біз Михаилды құрметтейміз және оның жетістігін жоғары бағалаймыз. Барлық мәселе тек ұйымдастырушылық және құқықтық сипатта», – деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, спортшыға бекітілетін дәрігерлер мен мамандар тек оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар кезінде тағайындалады. Қажет болған жағдайда олар қайта бекітіледі.
Сондай-ақ Шайдоровтың Олимпиададағы алтын медалі үшін берілетін сыйақы маусым–шілде айларында, тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін төленетіні айтылды.
Ал спорттық атақ беру мәселесіне келсек, министрдің мәлімдеуінше, тиісті бұйрық бұрыннан дайын, марапат салтанатты түрде табысталмақ.
Ербол Мырзабосынов болған жайтқа қатысты қоғамды сабыр сақтап, жағдайды объективті бағалауға шақырды. Оның айтуынша, барлық мәселе заң аясында және спортшы мүддесін ескере отырып шешіледі.