Әлеумет

Министр не дейді, ел не дейді?

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексінің жобасы қоғам тарапынан қарсылық тудырып отыр Еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Қазақстанда вакцинация мәжбүрлі түрде болмаған, болмайды да» деп елге жар салып жатса, қоғам белсенділері «біз, миллиондаған қазақстандықтар, карантинде қамалып отырғанда бұл деструктивті жоба мәжілістен өтіп кетіпті» деп дабыл қағуда.

Министр не дейді, ел не дейді?
Енді осы екі тараптың уәждеріне құлақ түрейік.                                      Мәжбүрлеу болмайды      Министр Біртанов Facebook желісіндегі өз парақшасында парламент мәжілісі депутаттарының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексі жобасын екінші оқылымда мақұлдағаны туралы хабарлай отырып, бұл үлкен жұмыстың басы екенін алға тартыпты. «Мәжілісте кодекс жобасын қарау барысында вакцинация, донор, трансплантация, психикалық және репродуктивтік денсаулықты қорғау, скринингтер, медициналық персоналдық анықтамаларды жинау, темекі бұйымдарын қолдануды бақылау жөніндегі нормаларға қатысты бәтуаластық табылды. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесіне бөлек тарау арналды. Президенттің тапсырмасы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің рөлін күшейту жөніндегі норма қарастырылды», – деп жазды министр. Сонымен қатар Біртанов бұған дейін денсаулық сақтау саласында ешбір заң мұндай ашық әрі ауқымды талқылаудан өтпегенін айтыпты.  Шендінің айтуынша, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында және өзге де өңірлерде көптеген отандық және халықаралық сарапшыларды, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерін тарту арқылы 11 ашық талқылау жүргізіліп, жұмыс тобының 42 отырысында аталмыш кодекске  1000-нан аса түзету енгізіліпті. Өңірлерге жасаған сапарларында министр әріптестеріне кодекс жобасының нормаларын таныстырып отырғанын айтады. Ал вакцинация мәселесіне бөлек тоқталған Біртанов соңғы уақытта әлеуметтік желілерде міндетті вакцинация туралы жағымсыз пікір білдіріп, сапасыз вакцина туралы айтып, оны жөн-жосықсыз сатып алуды сөз етіп, бұл кодекстің қабылдануына қарсылық танытқандардың қатары аз емес екеніне тоқталыпты. «Қазақстанда вакцинация мәжбүрлі түрде болмаған, болмайды да. Бүкіл әлемдегідей біздің елімізде де ерікті және міндетті вакциналар болады. Бірақ әр жағдайда вакцинацияға келісім беру немесе одан бас тарту құқығы ата-аналардың өз құзырында қала береді. Ешқандай құқықты шектеу жоқ. Тек бір ғана норма, міндет – ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ету, яғни балабақшаларға баратын барлық баланың денсаулығын қорғау», – дейді Біртанов.    Сонымен бірге, еліміздің бас дәрігері айтқандай, 2019 жылы екпе алған 4 841 334 баланың тек 143-і ғана жағымсыз әсер алыпты, кішкентай пациенттердің ыстығы көтеріліп, терісі қызарған көрінеді, бұл жалпы көрсеткіштің 0,003 пайызын ғана құраса, балалардың вакцинадан қайтыс болуы мүлдем орын алмаған. Сөзін тәмамдаған министр осы заң жобасын жүзеге асыру үшін зор үлес қосып жүрген сарапшыларға, депутаттарға, жекелеген азаматтарға ризашылығын жеткізіп, аталмыш кодекстің еліміздегі медицина саласының одан әрі дамуына, халық денсаулығының жақсаруына серпін беретініне сенім білдірді.  Медициналық қиянатқа шыдағымыз келмейді! 

                                                            Әлі кеш емес!

 Қазақстан Республикасының президенті мен сенаттан халық құқығына қарсы болған денсаулық туралы кодекс жобасын денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа қайтаруын талап етеміз. Бұл жобада заңның келесі талаптары бұзылды:

1. Кодекс жобасының тұжырымдамасы халықтың алдына әлеуметтік талқылауларға шығарылған жоқ және «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» мемлекеттік сайтында дауыс беруге де қойылған жоқ.2. Жобаның тұжырымдамасы қоғамдық, ғылыми, сарапшылық кеңестерге және басқа да мүдделі қоғамдық ұйымдарға талқылау, талдау және ұсыныстарды (ескертулерді) қабылдау үшін бағытталған жоқ.Ең басты себеп – парламентке бізге мәлім болған заң жобаларының ішіндегі ең қауіптісі және халықты қатерге тігетін жоба өтті. Бұл жоба келесіні күштеп енгізеді:– сәбиге туған сәтінен бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) шетелдік химия-бактериялық заттары бар вакцинаны қайта-қайта алуын мәжбүрлі күйде ендіреді (85б., 8пп.; 251б., 3п.);– «Суицидке бейімділік» тестілері мен «психикалық денсаулық сақтау» бағдарламасы және мәжбүрлі медициналық қарау арқылы балабақша мен мектептерге бала психикасына ықпал  ету технологиясын ендіреді (91б.);– Кез келген жастағы балаға ұрпақ жаңғырту денсаулығын сақтау (СЕКСпросвет) ақпараттарын ашық етеді (78б., 1п., 9пп.);– 10 жастағы балаларға маманның жолдамасы болмағанына қарамастан, ұрпақ жаңғырту денсаулығын сақтау мен психикалық денсаулық құралдарын құпия түрде алуына жәрдем етеді (92б.).     Сонда бұл денсаулық сақтау министрі мен мәжілістің жас балалардың мектептерде-ақ аздыруына жол ашқаны ма?     Он жастағы баланың жыныстық саладағы медқызмет пен психикалық дәрілерде қандай және қанша мұқтаждығы бар? Жалпы, 10 жастағы балаға мұндай мағлұмат не үшін керек? Қазақтар осыны білмей-ақ талай ғасырлар бойы ұрпағын жалғастырып келді емес пе?!– Өлген адамның ағза-мүшелерін алуға келісу презумпциясы (212б.)– Қазақстандық донорлық мүшелерді шетелге шығару (217б.)    Біз, миллиондаған қазақстандықтар, төтенше жағдай кезінде құқықтарымыз шектелген тұста, ал қазір оған қоса, карантинде қамалып отырғанда, бұл деструктивті жоба мәжілістен өтіп кетіпті. Заң жобасына қарсы дауыс берген 170 мың азаматтың петицияға қол қойғанына ешқандай мән берілмей, мүлдем ескерілмеген. Біз бұл жобаның кері қайтарылуын және карантиннің барша шектеу шаралары алынғаннан кейін қоғамда кеңінен талқылануын талап етеміз.Біз біргеміз, Біз қарсымыз!                     Билік халықтан алшақтап кеткенОсы орайда, «Жас Алашқа» пікір білдірген «Ал давай» тобының продюсері және көшбасшысы Шоқан МАРАТҰЛЫ былай дейді:– Мен бұл кодекспен алғаш үстірт танысқанның өзінде, төбе шашым тік тұрды. Бұл құжаттың осылай, осындай тұжырымдамалармен қабылданатынына сенерімді білмедім. Кодексті мұқият зерделегеннен кейін қаупім арта түсті. Кодекстің ең даулы тармағы – міндетті вакцинациялау туралы ғана әңгіме қозғасақ, мен бұл әдістің өте даулы екені, екпе алған бала денсаулығының күрт нашарлауына байланысты туындаған дау-дамайлар туралы айтқым келмейді, тек адамды ешкім таңдау құқығынан айыра алмайтынын айтсам да жеткілікті болар. Осыны ескеретін болсақ, аталмыш кодекс Ата заңымыздың, яғни ел Конституциясының адамның өз денсаулығына қатысты таңдау жасау еркі негіздеріне қарама-қайшы келеді. Кез келген адамның таңдау жасау және медициналық көмек алуға құқығы бар, міне, сол құқық міндетке айналуға тиіс емес.  Сонымен қатар аталмыш құжатта бұдан бөлек,  адамды есінен тандырарлық бірнеше қағидаттар бар. Атап айтқанда, адам қайтыс болғаннан кейін оның органдарын трансплантациялау, ал одан бас тартуға тапсырыс беру жүйесі пысықталмаған, тіпті ол жүйенің қалай жұмыс істейтіні де түсініксіз. Тағы бір шектен шыққан дүние – жыныстық қатынастар туралы ақпаратты балаларға тым ерте беру,  шынтуайтқа келсек, мен мұны сәбилерді аздыру деп есептеймін. Менің түсінбейтінім – билік халықтан қашан соншалықты алыстап кеткен, ол тіпті осы кодекске қарсы петицияға бар-жоғы жарты айда ғана 170 мыңнан астам адамның қол қойғанын ескергісі келмейді.  Міне, осындай қарсылыққа қарамастан, кодекс парламент мәжілісінің талқылауына жолданған. Бұл қазіргі биліктің халық пікіріне құлақ аспайтынының бұлтартпас дәлелі. Солай десек те, біздің президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа құлақ асатын мемлекет құру қажеттігі туралы айтудан жалыққан емес. Алайда іс жүзінде бәрі керісінше болып жатқан сыңайлы.       Қайрат  МАТРЕКОВ, «Жас Алаш» 
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз