Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесіне қатысты түзетулерге қол қойды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерге қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысы “Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойды», - делінген хабарламада.
Бұған дейін қоғамда қызу талқыланған бұл түзетулерді Сенат Мәжіліске кері қайтарған болатын.
Мәжіліс қорытындысына сәйкес, Сенат енгізген өзгерістер:
— аудандық және облыстық маңызы бар қала әкімдіктерінің жануарларды ұстау ережелері мен санитарлық аймақ шекараларын белгілеу бойынша ұсыныс енгізу өкілеттігін алып тастауды;
— «қаңғыбас жануарлар» ұғымын нақтылауды, яғни чиптің жоқтығы емес, иесінің болмауы негізгі критерий ретінде қарастырылуын;
— ветеринар дәрігердің қорытындысы негізінде жануардың денсаулығы мен өмір сапасы күрт нашарлаған жағдайда эвтаназия жасау мүмкіндігін енгізуді;
— жануарларды аулау, уақытша ұстау және өлтіру ережелеріне қатысты «үлгілік» сөзін алып тастауды;
— жергілікті өкілді органдарға қаңғыбас жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімдерін белгілеу құзыретін беруді (мысықтардан басқа) көздейді.
Барлық түзетулер ескерілгеннен кейін заң президент қол қоюына жіберілген болатын.