Әлеумет

Жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгереді: емтиханды қайта тапсыру ақылы болуы мүмкін

Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігін алу емтихандары мен көлікті тіркеу тәртібіне өзгерістер әзірледі.

көлік

Ведомствоның мәліметінше, жаңа талаптар мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.

Ұсыныс бойынша, жүргізуші куәлігіне арналған емтиханнан бірінші рет өте алмаған адам келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Екінші рет те сәтсіз болса, келесі мүмкіндікке дейін 10 күн күтуі керек. Ал теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмағандар оны кейін қайта тапсыру үшін ақы төлеуі тиіс болады.

Сонымен бірге теориялық емтиханнан өткен үміткер практикалық сынақтан сүрінсе де, теория нәтижесі сақталады. Бұрынғыдай оны қайта тапсырудың қажеті болмайды.

Шетелде берілген жүргізуші куәлігін Қазақстанның куәлігіне ауыстыру үшін теориялық емтихан тапсыру қажет. Бұдан бөлек, Қазақстанның жол қауіпсіздігіне жауапты органы құжатты берген елге ресми сұрау жолдайды. Куәліктің түпнұсқалығы расталғаннан кейін ғана оны ауыстыруға рұқсат беріледі. Бұл талап жалған құжаттардың қолданылуына жол бермеу үшін енгізілмек.

Көлігін қайта жабдықтаған жүргізушілерге де жеңілдік қарастырылған. Енді өзгерістің қауіпсіз екенін растайтын құжат болса, көлікті қайтадан арнайы тексеруден өткізудің қажеті болмайды.

ІІМ өкілі Ақтоты Боранованың айтуынша, бұл өзгерістер емтиханға тыңғылықты дайындалуға және мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін оңайлатуға бағытталған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз