Әлеумет

ҚМА Перизат Қайраттың туыстарының Дубайдағы пәтерлерінің жымқырылған ақшаға қатысы барын жоққа шығарды

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) сотталған Перизат Қайраттың туыстарына тиесілі Дубайдағы бірнеше пәтер туралы жарияланған ақпаратқа түсініктеме берді.

Қайрат

Ведомствоның мәліметінше, бұл нұсқа қылмыстық істі тергеу барысында тексерілген.

ҚМА Перизат Қайраттың туыстары жылжымайтын мүлікті оның қылмыстық жолмен тапқан қаражатына сатып алуы мүмкін деген болжамның расталмағанын мәлімдеді.

Тергеу барысында қаржылық операциялар талданып, жымқырылған қаражаттың қайда жұмсалғаны анықталған.

Агенттіктің хабарлауынша, Перизат Қайрат иемденген қайырымдылық қаражатын автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, жөндеу жұмыстарына, жиһаздарға, қымбат брендтік киімдер мен әшекей бұйымдарға, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсаған.

Алайда жарияланымда аталған туыстарының отбасымен қандай да бір қаржылық есеп айырысу операциялары анықталмаған.

Сонымен қатар ҚМА мәліметінше, Дубайдағы даулы жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары, яғни "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоры құрылғанға және Перизат Қайраттың қылмыстық әрекеттері басталғанға дейін сатып алынған.

Агенттік аталған ерлі-зайыптылардың 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алу және қайта сату саласында кәсіпкерлікпен айналысып келгенін хабарлады. Олар өз қызметін Перизат Қайрат пен оның анасынан тәуелсіз жүргізген.

ҚМА мүлікті бұғаттау және тәркілеу тек оның қылмыстық жолмен алынғанын дәлелдейтін айғақтар болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын еске салды.

"Күдікті немесе сотталған адаммен туыстық байланыста болу фактісінің өзі қылмыстық қудалауға немесе мүлікті тәркілеуге негіз бола алмайды", – деп атап өтті агенттік.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз