Оқиғалар

Мүдделер қақтығысының алдын алу – сыбайлас жемқорлықпен күрестегі басты тетік

Сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады.

жемқорлық

Мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың билік институттарына деген сенімін арттыру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау үшін ең алдымен жемқорлық тәуекелдерін дер кезінде анықтап, олардың алдын алу маңызды. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік қызметте мүдделер қақтығысына жол бермеу мәселесі ерекше өзектілікке ие болып отыр.

Осы бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында кеңінен талқыланды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен жиынға құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, аудан әкімдері мен басқарма жетекшілері қатысты. Басқосуда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік қызметтегі шектеулердің сақталуы, ішкі істер органдарындағы тәуекелдерді азайту және мемлекеттік сатып алу саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықпен күресте жазалау шараларынан бұрын оның алдын алуға басымдық беріліп келеді. Себебі халықаралық тәжірибе көрсеткендей, құқық бұзушылық орын алғаннан кейін оны анықтап, жауапкершілікке тартқаннан гөрі, оған себеп болатын тәуекелдерді жою әлдеқайда тиімді. Сондықтан мемлекеттік органдарда шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалануға жол бермеу және мүдделер қақтығысын дер кезінде анықтау маңызды міндеттердің біріне айналды.

Комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуына тоқталды. Сонымен қатар қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрбол Мырзатаев ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы баяндаса, Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Ниязбеков мемлекеттік сатып алу рәсімдеріндегі тәуекелдерді азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

Жиын барысында заңнамаға енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – мемлекеттік қызметтегі мүдделер қақтығысын болдырмауға бағытталған жаңа талаптар екені айтылды. Атап айтқанда, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін заңнамалық өзгерістерге сәйкес мемлекеттік органдарда жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың, жекжаттардың және өзара байланысты адамдардың бір-біріне тікелей бағынысты қызмет атқаруына тыйым салынады. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттырып, кадрлық шешімдердің әділ қабылдануына және қызметтік өкілеттіктердің жеке мүдде үшін пайдаланылуының алдын алуға бағытталған.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков барлық мемлекеттік органдардың басшыларына мүдделер қақтығысын болдырмау бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, әрбір мемлекеттік қызметші заң талаптарын мүлтіксіз орындап қана қоймай, қоғам алдында өзінің адалдығы мен жауапкершілігін дәлелдеуі тиіс. Осыған байланысты аудан әкімдері мен басқарма басшыларына ішкі бақылау тетіктерін жетілдіру, тәуекелдерді тұрақты негізде талдап отыру және әрбір анықталған заң бұзушылық бойынша объективті шешім қабылдау міндеті жүктелді.

Жиында мемлекеттік сатып алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Себебі бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуы көбіне осы саладағы рәсімдердің заң талаптарына сай ұйымдастырылуына байланысты. Ашық әрі әділ сатып алу жүйесі мемлекет қаржысының тиімді игерілуіне, кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестіктің қалыптасуына және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімінің артуына ықпал етеді.

Сарапшылардың пікірінше, сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігі тек бақылаушы органдардың жұмысына ғана тәуелді емес. Бұл бағыттағы нәтижеге мемлекеттік мекемелердің басшыларының жеке жауапкершілігі, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, ішкі бақылау жүйесін жетілдіру және қоғам тарапынан жүргізілетін қоғамдық бақылау да тікелей әсер етеді. Сондықтан алдын алу жұмыстары барлық деңгейде жүйелі жүргізілуі қажет.

Комиссия отырысының қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, қабылданған ұсынымдардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу шараларының тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басты мақсаты – құқық бұзушылықпен күресу ғана емес, оған жол бермейтін тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру. Ал мүдделер қақтығысының алдын алу, ашықтықты қамтамасыз ету және әрбір мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігін күшейту – осы мақсатқа жетудің негізгі тетіктерінің бірі болып қала береді.

Жігер Әшім 

Тегтер: жемқорлық
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз