Мұхтар Мағауин өмірден өтті
Халық жазушысы, ғалым Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Жазушының қазасы туралы Едіге Мағауин facebook парақшасында мәлімдеді.
"Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)", - деп жазды жазушының ұлы.
Айта кетейік, Жазушы, әдебиет зерттеушісі, әрі тарихшы Мұхтар Мағауиннің қаламгерлік қызметі жиырма жасынан басталады. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын 1965 жылы бастады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі,
1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген, Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 1984-1986 жылдары "Жазушы" баспасының бас редакторы, 1988 жылдан бері "Жұлдыз" журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.
"Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. (1984). Қазақстанның Халық жазушысы, Түркияның Халықаралық "Түркі дүниесіне қызмет" сыйлығын иеленген.