Павлодар облысында алты жасар бала көлік астында қалып, көз жұмды
Павлодар облысының Екібастұз қаласында тұрғын үйдің ауласында көлік қағып кеткен алты жасар бала қаза тапты.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 19 қыркүйек күні сағат 18:30 шамасында тұрғын үй ауласында болған.
«Кәмелетке толмаған баланың өліміне әкелген көлік қағу дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады», – делінген полиция хабарламасында.
Қаза тапқан баланың туыстарының айтуынша, көлік тізгінінде қыз болған. Олар жүргізуші аулада жасанды жол кедергісі болғанына қарамастан, жоғары жылдамдықпен жүргенін айтады.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, көлік жүргізушісі ұсталды.