Қазақстанға әкелінген Үміт пен Амур жолбарыстары жабайы табиғатта аң аулай бастады
Қазақстанға әкелінген Үміт пен Амур жолбарыстары жабайы табиғатта аң аулай бастады
"Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватында еркіндікке жіберілген Үміт пен Амур жолбарыстары жабайы табиғатқа бейімделіп, өз бетінше аң аулай бастады. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады.
Мамандардың мәліметінше, Үміт есімді ұрғашы жолбарыс жаңа мекеніне бейімделіп, табиғи ортада қорегін өзі тауып жүр. Ол осы уақытқа дейін қабан, Бұхар бұғысы және қасқыр аулаған.
"Мамандардың ақпараты бойынша, Үміт жолбарысы жабайы табиғатқа жіберілгеннен кейін өз бетінше сәтті аң аулап жүр. Оның олжалары арасында қабан, Бұхар бұғысы және қасқыр тіркелді", – деп хабарлады комитет.
Ал резерватқа кейінірек жіберілген Амур есімді аталық жолбарыс та өздігінен қорек табуға бейімделген. Мамандар оның екі рет сәтті аң аулағанын анықтады.
"Спутниктік қарғыбау арқылы жүргізілген бақылау кезінде жолбарыстың бірнеше күн бойы тұрақтаған аумақтары анықталды. Сол жерлерді тексеру барысында мамандар аң қалдықтарын тауып, оның сәтті аң аулағанын растады", – делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта екі жыртқыштың да қозғалысы мен мінез-құлқы спутниктік қарғыбаулар арқылы бақыланып отыр. Мамандар олардың мекендейтін аумақтарын тұрақты түрде тексеріп, жабайы табиғатқа бейімделуін қадағалайды.
Еске салайық, Үміт жолбарысы биыл 31 шілдеде "Іле-Балқаш" резерватының аумағына жіберілген. Бұл Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін жолбарыстың жабайы табиғатқа қайта оралуының алғашқы оқиғасы болды.
Ал 31 қазанда резерватқа Амур есімді екінші жолбарыс жіберілді.
Ересек жолбарыстармен бірге Қазақстанға жеткізілген екі жолбарыс күшігі әзірге мамандардың бақылауында. Оларды табиғатқа жіберу мәселесі жануарлар өсіп, өз бетінше тіршілік етуге дайын болған кезде қаралады.
Айта кетейік, Үміт пен Амур жолбарыстары Қазақстанға Ресейден әкелінген. Бұл жыртқыштар елімізде Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында табиғатқа жіберілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстан аумағында өткен ғасырдың ортасында жойылып кеткен жолбарыстар популяциясын қалпына келтіру.