Оманда Қазақстанеан барған бір отбасының төрт мүшесі жол апатына ұшырады
Оманда бір отбасының төрт мүшесі жол апатына ұшырады: зардап шеккендер арасында бала бар
Оманның Салала қаласында Қазақстаннан барған төрт турист жол-көлік оқиғасына ұшырап, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің арасында кәмелетке толмаған қыз бала мен екі қарт адам бар.
Оқиға туралы туристік агент Динара Бимырза әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеген. Оның айтуынша, жол апатына бір отбасының төрт мүшесі – ата, әже, олардың қызы және немересі түскен. Зардап шеккендердің барлығына хирургиялық көмек қажет болған.
Туристік агент Air Astana әуе компаниясы мен Kazunion туроператорына жүгініп, жарақат алған отандастарымызды Қазақстанға жеткізуге көмектесуді сұраған. Кейбір науқастарды ұшақта жатқан күйінде тасымалдау қажеттігі айтылған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, қазақстандық дипломаттар зардап шеккен азаматтарға консулдық көмек көрсетіп, емдеуші дәрігерлермен тұрақты байланыс орнатқан.
Қазіргі уақытта туристерді Қазақстанға қауіпсіз қайтару мәселесі қарастырылып жатыр.
Air Astana компаниясы көмек көрсету туралы өтініштің тіркелгенін және оның қаралатынын хабарлаған.
Әзірге жол апатының нақты себебі, зардап шеккендердің денсаулық жағдайы және олардың елге қашан жеткізілетіні туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.