Live

Теміртауда мүгедектігі бар азаматтардың жақындары ақша жымқырған

Теміртауда мүгедектігі бар азаматтардың жақындары ақша жымқырған

мүмкіндігі шектеулі

Қарағанды облысы Теміртау қаласында жеке көмекшілердің кейбірі көрсетілмеген қызметтер үшін мемлекеттен ақша алып келген. Олардың арасында мүгедектігі бар азаматтардың туған-туыстары да бар. Прокуратура мемлекет бюджетінен 5 млн теңгеден астам қаражаттың негізсіз төленгенін анықтаған. Қазіргі уақытта бұл ақша мемлекетке ерікті түрде қайтарылған.

Теміртау қаласының прокуратурасы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы заңдылықтың сақталуы бойынша жүргізген тексеру барысында бюджет қаражатын негізсіз пайдалану деректерін анықтаған. Белгілі болғандай, кейбір жеке көмекшілер мүгедектігі бар азаматтарға іс жүзінде қызмет көрсетпесе де, тиісті құжаттарды рәсімдеп, мемлекеттен ақы алып отырған. Тексеру барысында бірнеше заңбұзушылық тіркелген. Атап айтқанда, көрсетілмеген қызметтер үшін төлем алу, көмекшілердің Қазақстан аумағынан тыс жерде болған күндерін қызмет көрсетілген уақыт ретінде көрсетуі, сондай-ақ еңбек заңнамасының талаптарын бұзу фактілері анықталған. Мәселен, жеке көмекшілердің бірі 2026 жылдың сәуір айына жалпы ұзақтығы 240 сағатты құрайтын қызмет көрсету актісін тапсырған. Алайда қарсы тексеру нәтижесінде оның 16-24 сәуір аралығында Түркияның Ыстамбұл қаласында болғаны анықталған. Ол шетелде жүрсе де, осы күндерді мүгедектігі бар азаматқа қызмет көрсеткен уақыт ретінде көрсетіп, төлем алуға өтініш берген.

Прокуратура мәліметінше, мұндай жағдайлар бір ғана адаммен шектелмейді. Заңсыз есептеулердің басым бөлігі мүгедектігі бар азаматтардың туыстары жеке көмекші ретінде рәсімделген жағдайларда анықталған. Нәтижесінде формалды түрде толтырылған қызмет көрсету актілері негізінде 5 млн теңгеден астам бюджет қаражаты негізсіз есептелген. ҚР Әлеуметтік кодексінің 163-бабының 2-тармағына сәйкес, жеке көмекшінің қызметі І топтағы мүгедектігі бар, жүріп-тұруы қиын азаматтарға күніне сегіз сағаттан аспайтын көлемде көрсетілуі тиіс. Ал қызмет ақысы нақты көрсетілген уақытқа ғана төленеді.

Заңбұзушылықтардың қалайша ұзақ уақыт бойы анықталмай келгені де назар аудартады. Теміртау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мұндай деректерді өз бетінше анықтау мүмкіндігі шектеулі екенін айтады. Бөлім басшысы Әсел Нәбиева түсіндіргендей, "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде азаматтардың Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығуы немесе жеке көмекшілердің басқа жұмысқа орналасуы туралы мәліметтер көрсетілмейді.

"Сондықтан бұл деректерді жүйе арқылы автоматты түрде салыстырып, заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтау мүмкін болмады. Сондай-ақ Әлеуметтік кодекстің 167-бабына сәйкес, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қызмет көрсетушілерді тіркеу және тіркеуден шығару Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жүзеге асырылады", – деп мәлімдеді Теміртау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әсел Нәбиева.

Прокурорлық қадағалау шараларынан кейін заңсыз алынған қаражатты қайтару бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде мүгедектігі бар азаматтардың жеке көмекшісі болған туыстары негізсіз алған ақшаны мемлекет бюджетіне ерікті түрде қайтарған. Әлеуметтік қолдауға бөлінген бюджет қаражаты ең алдымен көмекке мұқтаж азаматтардың қажеттілігіне жұмсалуы тиіс. Сондықтан құжат жүзіндегі есеп пен нақты көрсетілген қызметтің сәйкестігін бақылау – жауапты органдардың маңызды міндеттерінің бірі. Теміртау қаласының прокуратурасы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау және мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.

Әдетте осындай заңсыз істердің беті ашылғанда жауапты тарап "енді бәрін жақсартамыз, қатаң қадағалаймыз" деп "уәде етеді", мәселе уәденің іс жүзінде жүзеге асуында жатыр. Қатердің беті қайтқанша, "судан өтіп" алғанша, уәдені үйіп-төгіп, кейін оны өздері ұмытып кеткен жағдайларды да көріп жүрміз. Сондықтан мұндай мәселелер қатаң қадағалануы тиіс.

Арайлым Еркебаева

Қарағанды облысы

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз