ҚазҰУ-да екі студенттің өлімінен кейін тағы бір қыз зардап шеккен
ҚазҰУ-да екі студенттің өлімінен кейін тағы бір қыз зардап шеккен
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы бір оқыс оқиға тіркелді. Оқу орнының студенті суицид жасамақшы болған. Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде хабарлады.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған деректі растады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне жеңіл дене жарақатын салу дерегі тіркелді. Оған медициналық көмек көрсетілді», – деп хабарлады полиция.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы мен қыздың мұндай әрекетке бару себептері әзірге белгісіз. Оның өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Айта кетейік, соңғы екі аптада ҚазҰУ-да екі студент қаза тапқан болатын.
6 қарашада университет қалашығының аумағында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды.
Арада он күн өткенде, 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні университет жатақханаларының бірінде география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты. Оның өліміне қатысы бар деген күдікпен екінші курс студенті ұсталды.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жоғары курс студенттері тарапынан ақша жинау және студенттер арасындағы жанжал туралы мәліметтер тараған. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Студент өлімінен кейін университетте кадрлық өзгерістер жасалды. Әлеуметтік-тұрақты даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды. Жатақханада кезекшілік атқарған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚазҰУ-да кешенді тексеру жүргізілетінін жариялады. Сонымен қатар Алматыдағы студенттік жатақханаларды тексеру басталды.
Әзірге университетте болған үш оқиғаның арасында қандай да бір байланыс бар екені ресми түрде анықталған жоқ.