Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 14 Қараша 2024

Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, қиял, арманы шексіз жандар

мүмкіндігі шектеулі
Фото: из открытых источников

Ұлт саулығы – мемлекет болашағының кепілі. Осы орайда кез келген мемлекет балалардың тән мен жан саулығына көңіл бөліп, осы жолда көптеген жобалар атқаратыны анық. Әсіресе соңғы кезде елімізде ерекше күтімді қажет ететін балалардың саны жыл санап артып келеді.

 Мемлекеттің дамуы үшін әрбір азаматтың, әсіресе болашақ ұрпақтың, яғни балалардың денсаулығын сақтау, көңіл бөлудің маңызы зор. Балалардың тән мен жан саулығы – олардың сапалы өмір сүруінің, жан-жақты дамуының негізі. Соңғы жылдары Қазақстанда ерекше күтімді қажет ететін балалардың санының көбеюі – алаңдатарлық мәселе. Ерекше балалардың өмір сапасын жақсарту, қоғамға бейімдеу, өз-өзіне қызмет етуге, білімі мен әлеуметтік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру – қоғамның алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі де, бірегейі. Бұл бағытта мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған түрлі қолдау жобаларын жүзеге асырып келеді. Бүгінде арнайы күтімді қажет ететін балалардың құқықтарын қорғау, оларға білім беру мен медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған заңдар мен нормативтік актілер қабылданған. Мемлекет осы санаттағы балаларға арналған арнайы мекемелер мен инклюзивті білім беру орталықтарын құруға ерекше назар аударып отырғаны мәлім. Оқушыларға білім беруді қолдаумен қатар, оларды еңбекке, өзіне деген сенімділікке тәрбиелеу де маңызды. Әсіресе өмір мүмкіндігін шектесе де, таланты мен қиялы шексіз екенін балаларға түсіндіру мақсатында түрлі фестивальдер мен мегажобалар жиі өтеді. Мысалы, Түркістан қаласында өткен «Жұлдызды сәт» мегажобасы – сөзімізге бір мысал. Аталмыш іс-шараға неврологиялық сырқаттары бар балалар қатысып, өз өнерлерін көпшілікке паш еткен болатын. Концерт барысында көрермендерге қолөнер көрмесі ұсынылып, театрландырылған сахналық қойылым көрсетілді. «Жұлдызды сәт» мега-жобасын Түркістан қаласының «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімі ұйымдастырды. Кентау қаласы мен Келес, Сауран аудандарынан келген ерекше қажеттілігі бар 200-ге тарта балақай жиналған жобаны тележурналист, продюсер Асхат Садырбай жүргізсе, белгілі эстрада жұлдызы Бейбіт Кушкалиев көрермендерді әсем әнімен қуантты. Жиында қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев сөз алып, бүлдіршіндерге шаһар басшысының арнайы сыйлықтарын табыстады.

«Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – елдегі басты мәселенің бірі. Инклюзия ұғымы кең, тек мектептегі ерекше білім беру форматымен ғана шектелмейді. Барлық жерде өмір, теңдік адамзатқа бірдей берілген ұғым екенін қалыптастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қашан да қолайлы орта туғызуды көздейді. Сондықтан мұндай жандар қоғамнан мүлдем оқшауланып қалмауы тиіс. Мемлекет басшысы ерекше күтімді қажет ететін жандарға жан-жақты қолдау көрсету аса маңызды екенін тілге тиек ете келе, оларға мейлінше ыңғайлы қоғамдық орта қалыптастыруымыз қажет екенін айтқан болатын. Бүгінгі ұйымдастырылған шарада әдеттегідей сахна төрінде ән мен биден шашу шашқан өнерпаздардың қатары қалың болды. Дамуы жағынан мүмкіндігі шектеулі балалардың бірі өнерде өрге басса, екіншілерінің спортқа икемі бар. Ерек жандардың жұмысы, олардың табанды ісі мен дамуға деген ұмтылысы көптеген азаматтарға үлгі-өнеге. Олардың ұсыныс-негіздерін ескеріп, әрбір бастамаларына қолдау болады», – деді М.Қырықбаев.

Шараның мақсаты – балалардың шығармашылығын насихаттап, оларды қолдау және әлеуметтік ортада интеграциялауға бағытталған. Түркістанда өткен «Жұлдызды сәт» мега-жобасы ерекше балаларға арналған маңызды шара болып, олардың өнерін көрсетуге және қоғамның назарын аударуға мүмкіндік берді. Қатысушылар мен көрермендер назарына «Жігерлі жандар» мотивациялық деректі фильмі ұсынылды. Сонымен қатар жобаға қатысушылар мен ата-аналар арасында этно-модерн стиліндегі сән көрсетілімі ұйымдастырылды.

«Елімізде ерекше күтімді қажет ететін балаларды қолдауға арналған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар мемлекеттік қолдауды ғана емес, сонымен бірге қайырымдылық ұйымдары, әлеуметтік белсенділер мен бизнес өкілдерінің қатысуын да қамтиды. Қоғамда мұндай балалардың құқығын қорғау, оларды әлеуметтендіру, білім беру, медициналық қызмет көрсету бағытында бірлескен жұмыстар жолға қойылған. Сонымен қатар көптеген өңірлерде оңалту орталықтары, балаларға арналған арнайы балабақшалар мен мектептер ашылуда. Балалардың денсаулығы мен әлеуметтік дамуына оң әсерін тигізетін маңызды факторлардың бірі – ата-аналар мен отбасының қолдауы. Қоғамда балалардың әлеуметтенуін жақсарту үшін олардың отбасыларына психологиялық және материалдық көмек көрсету, ата-аналардың ақпараттану деңгейін арттыру мәселесі де маңызды орынға ие. Баланың мүмкіндігінше толыққанды өмір сүруі үшін тек білім беру емес, сонымен қатар психологиялық қолдау көрсету, терапия түрлерін қолдану қажет. Бұл шарада ерекше балаларымыз сахнаға шығып, өнерін көрсетеді. Аналарымен қосылып, сән үлгілерін көрсетеді. Билейді, ән айтады. Балалардың барлығының мүмкіндігі шектеулі. Оларды біз ерекше балалар деп атаймыз. Қазір көрермендер жан-жақтан, әртүрлі өңірлерден келіп отыр», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшысы Эльмира Бейсекова.

Астана қаласынан келген қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаздар анықталып, әр сайыскер естелік сыйлықтармен марапатталды. Шараға қатысушыларды қолдап, Шымкент қалалық №19 мүгедектігі бар жандарға арналған спорт мектебінің спортшылары «Шексіз» би композициясын орындап, көрермендердің ықыласына бөленді. Қорыта келгенде, «Жұлдызды сәт» мега-жобасы ерекше балаларға шығармашылық мүмкіндіктер мен әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған игі бастама десек те болады. Мемлекет болашағының кепілі – дені сау, білімді әрі бақытты ұрпақ тәрбиелеу. Осы орайда, мемлекетіміздегі ерекше күтімді қажет ететін балаларға көрсетілетін көмек деңгейін арттыру, олардың құқықтарын қорғау мен әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету маңызды міндет. Қоғам мен мемлекет балалардың болашағы үшін бірлесе жұмыс атқарған жағдайда ғана ұлт саулығы қамтамасыз етілмек. Тек осылайша біз болашаққа сенімді қадам жасай аламыз.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы