Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:33, 06 Маусым 2024

Мүмкіндігі шектеулі жандар көмекке зәру

Түркістан

Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігінің бір белгісі балалар мен қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қарым-қатынасы болса керек. Осы орайда елімізде жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балаларға арналған жобалар іске асып, түрлі сауықтыру орталықтары өз жұмысын бастауда.

Соның бірі – 3 маусым күні Түркістан облысы Ленгір қаласында ашылған «Жарқын өмір және тең қоғам» мекемесі. Түркістан облысының әкімі аталмыш мекеменің ашылу рәсіміне қатысып, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталықтың жұмысымен танысты. Орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, психологиялық қолдау бағытында кеңес беріледі.

«Рух бекінісін сақтау үшін дененің бекінісін сақтау керек» дегендей, осы күнде мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарынан қалмай, жұртпен бірге өмір сүріп, еліміздің дамуына өз үлесін қосып жатқаны бәрімізге аян. Сәйкесінше, бұл орталықта, мүмкіндігі шектеулі жандарға массаж, його орталығы, емдік спорттық дене шынықтыру, көңіл сергіту шараларын ұйымдастыру да қарастырылған. Бұған қоса, зейнеткерлердің тынығып, демалып, рухани-танымдық шаралар ұйымдастырылып, тыныс жолдарын ашу үшін тұз шахтасының кабинеті де жасақталған.

Сонымен бірге орталықта ерекше қажеттіліктері бар азаматтарын жұмысқа орналастыру бойынша кеңестер мен ұсыныстар берілетін болады. Ардагерлердің шахмат ойнап, өзара пікір алмасуына арнайы бөлмелер бөлінеді. Зағип жандар, жалпы мүгедектігі бар қоғам мүшелерінің бір сәт көңіл сергітетін заманауи орталықтың басты мақсаты – мүгедектігі бар тұрғындардың белсенділігін арттыру. Түркістан облысы Төле би ауданы Леңгір қаласының тұрғыны Сымбат Құсайын екінші топ мүгедегі. Бірнеше жыл бұрын болған жол апаты кейіпкеріміздің сол аяғына зақым келген. Оның айтуынша, бұл орталықтың ашылуы ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың уақытын тиімді өткізу үшін таптырмас мүмкіндік.

«Әдетте, үйде апталап, айлап отыратын күндер де болады. Сол кезде төрт қабырғаның ішінде отырып зерігесің, не істеріңді білмей кетесің. Ал бұл орталық арқылы мүмкіндігі шектеулі кез келген жан уақытын тиімді өткізіп, қызыққан шаруасымен айналыса алады. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, әрі таптырмас мүмкіндік. Ата-аналар да әртүрлі деңгейде диагноз қойылған балаларын мамандармен жолықтырып, сауықтыру шараларын қабылдай алады. Бұл бір жағынан балаға пайдалы болса, екінші жағынан ата-ана да сергіп, демалып қалады. Инклюзивті қоғамды қалыптастыру үшін, алдымен, мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы жағдай қалыптастырған абзал. Ал бұл жолда осындай сауықтыру-демалу орталықтарының рөлі зор. Алдағы уақытта осындай мекемелердің көп болғанын қалаймын», – дейді.

Осы орталықтың жанында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Мейірім» орталығы да жақын күндері өз жұмысын бастамақ. Елімізде жыл өткен сайын менталды бұзылуға ұшыраған балалардың саны артып келеді. Ал аталмыш орталық 3 пен 15 жас аралығындағы церебралды паралич, яғни сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, сонымен қатар қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромымен ауыратын балаларды сауықтыруға арналған. Бүгінгі қоғамда ерекше күтімі бар баланы тәрбиелеп, аутизм, даун сынды синдромдармен күресіп жүрген жандар аз емес. Оларды сауықтыру және қоғамның бір мүшесіне айналдыру – кез келген мемлекет үшін негізгі міндет болуы керек. Орталықта түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік және еңбекке оңалту, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтері де қарастырылған. Ал аса қатты көңіл бөлуді қажет ететін балаларға психолог, невропатолог, логопед, педиатр, дефектолог және басқа да мамандар жан-жақты көмек көрсетеді. Әр баланы оңалту мен дамытуға арналған жеке даму жолы әзірленеді.

Сәруар Бақберген

Түркістан облысы

Тегтер: