Нақты сектор дамыса, импортқа тәуелділік азаяды
Экономиканың тұрақты дамуы көбіне өндірістік салалардың жағдайына байланысты. Сондықтан көптеген мемлекеттер экономикалық саясатында нақты секторды қолдауға басымдық береді.
Нақты сектор – тауарлар мен нақты қызметтер өндіретін экономиканың бөлігі. Оған өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және өңдеу салалары жатады. Бұл сектор жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып, ішкі жалпы өнімнің өсуіне және елдің экспорттық әлеуетінің артуына ықпал етеді.
Экономика құрылымында нақты сектордың дамуы қаржы секторына қарағанда тұрақты өсімнің негізі саналады. Мысалы, қаржы секторында негізінен ақша айналымы мен қаржылық операциялар жүзеге асса, нақты секторда нақты өнім өндіріледі. Сондықтан өндіріс көлемінің артуы импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан экономикасында нақты сектор бірнеше негізгі саладан тұрады. Олардың қатарына тау-кен өнеркәсібі, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік қызметтері және сауда салалары кіреді. Бұл салалар экономикалық өсімнің негізгі драйверлері болып саналады. Үкіметтің болжамына сәйкес, алдағы жылдары осы салаларда тұрақты өсім сақталады. Мәселен, 2026-2028 жылдар аралығында орташа өсім: тау-кен өнеркәсібінде – 2,8%, ауыл шаруашылығында – 3,9%, құрылыста – 11%, көлік қызметтерінде – 10,1%, саудада – 6,7% деңгейінде болады деп күтілуде.
Ал өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде бұл саладағы өсім 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін ұлғаяды деп болжанды. Импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында үкімет нақты секторды қолдаудың жаңа құралдарын енгізуді жоспарлап отыр. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның айтуынша, экономиканың нақты секторына шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау шаралары іске аспақшы. Соның ішінде инфляцияға әсер ететін негізгі факторлардың бірі саналатын базалық тауарлар тапшылығын азайтуға ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта азық-түлік секторында 12 бағыт, ал азық-түлікке жатпайтын секторда 24 бағыт айқындалған. Бұл бағытта ішкі өндірісті қолдау үшін «Инвестицияға тапсырыс» тетігі іске қосылмақ. Бағдарламаның мақсаты – ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті азайту.
Нақты секторды дамытуда мемлекеттік даму институттарының рөлі де маңызды. Осы мақсатта «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингін 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін холдингтің еншілес ұйымдары арқылы 100-120 млрд доллар көлемінде өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыру көзделген. Бұл қаржы жаңа өндірістер ашуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және технологиялық жаңғыртуға бағытталмақ. Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, Қазақстан экономикасында алдағы жылдары тұрақты өсім сақталады. Базалық сценарий бойынша 2026 жылы ЖІӨ-нің нақты өсімі – 5,4%, ал үш жылдағы орташа жылдық өсім 5,3% болады деп күтілуде.
Қанағат ОСПАН