Назарбаевтың немересі Кипр азаматтығын алған және Дубайда 2 млрд теңгелік пәтерге иелік етеді
Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, Тимур мен Динара Құлыбаевтардың тұңғыш ұлы Алтай Асқар Кипр азаматтығын алғаны белгілі болды.
Бұл туралы "Выход к морю" telegram арнасы жазды.
Халықаралық дереккөздердің хабарлауынша, Алтай Асқар 2019 жылы Кипрдің инвестициялық азаматтық бағдарламасы арқылы екінші азаматтыққа ие болған. Бағдарлама бойынша инвестор ел экономикасына кемінде 2,5 миллион еуро (шамамен 1,07 миллиард теңге) салса, азаматтық алуға мүмкіндік берілген.
Кейін Еуроодақтың сыны мен Al Jazeera арнасының 2020 жылғы зерттеуінен соң Кипр билігі бұл бағдарламаны тоқтатқан. Тергеу барысында «алтын паспорт» иелерінің арасында шетелде қылмыстық іздеуде жүрген тұлғалар да бар екені анықталған.
Қазір Кипр билігі осындай азаматтық алған бірқатар адамдардан паспорттарын кері қайтарып жатыр. Олардың қатарында қазақстандық кәсіпкер Мақсат Әріп, ресейлік миллиардерлер Олег Дерипаска, Михаил Гуцериев, сондай-ақ украин бизнесмені Игорь Коломойский бар.
Швейцария мен Дубайдағы байлық
Кипр азаматтығынан бөлек, Алтай Асқардың Швейцария резиденті картасы бар. Ол бұл елді тұрақты тұратын жері ретінде көрсетіп, әкесінің серіктесі Бахаридин Аблазимовпен бірге АҚШ-тағы ORBI стартапына инвестиция салған.
Құлыбаевтар отбасы Швейцариядағы әйгілі Bellerive сарайын иеленген. 2025 жылдың басында Женева прокуратурасы осы мүлікті сатып алуға жұмсалған қаражаттың заңдылығын тексеруді бастаған. Бұған дейін кантондық сот отбасының Fleur du Lac қонақүйін қайта салу жоспарын заңсыз деп танып, құрылысқа тыйым салған еді.
Мәскеу мен Дубайдағы жылжымайтын мүлік
Мәскеуде Алтай Асқардың атына «Москва-Сити» кешеніндегі «Меркурий» мұнарасынан пәтер тіркелген. Пәтердің ауданы — 114,5 шаршы метр, орналасқан қабаты — 47-қабат. Мұндай апартаменттердің нарықтағы бағасы шамамен 60 миллион рубль, яғни 400 миллион теңге.
Бұдан бөлек, ол Дубайдағы Palm Jumeirah аралындағы Marina Residences тұрғын үй кешенінде орналасқан люкс апартаментке ие. Бұл пәтердің ауданы 633 шаршы метр, құны шамамен 2 миллиард теңгеге бағаланады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: НАЗАРБАЕВТАРДЫҢ БАЙЛЫҒЫ – ЖАРИЯ, МӘЛІМЕТІ – ҚҰПИЯ
Заңға қайшы жағдай
Қазақстан Конституциясына сәйкес, ел азаматтарына қос азаматтыққа рұқсат етілмейді. Сондықтан Алтай Асқардың Кипр паспортына ие болуы — заңға қайшы.
Биыл 35 жасқа толған Алтай Асқардың шетелдік активтері мен азаматтығы қоғам назарын аударып отыр.