Назым Қызайбай Қазақстан чемпионатында мерзімінен бұрын алтын алды
Қарағандыда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін қазақ боксшысы Назым Қызайбай мерзімінен бұрын ел чемпионы атанды.
Турнирде әйелдер арасында Назым Қызайбай бірінші болып жұдырықтасуы керек еді, бірақ оның финалдағы қарсыласы Қызылорда облысының өкілі Ақбота Болат жарақатына байланысты шаршы алаңға шықпады. Осылайша Назым Қызайбай мерзімінен бұрын ел чемпионы атанды.
«Әрине, қуаныштымын, бүгін Қазақстан чемпионатында 14-рет жеңіске жеттім. Екі дүркін әлем чемпионы атандым», - деді Назым Қызайбай.
Бұған дейін жартылай финалдық кездесуде Назым Қызайбай Жетісу облысының өкілі Әнел Құдайбергенмен кездескен болатын. Алғашқы екі раундта алматылық боксшы ұпай саны бойынша басымдылыққа қол жеткізді.
Айта кетейік, ересектер арасында бокстан Қазақстан чемпионатында алғаш рет шаршы алаңға шыққан Төрехан Сабырхан (67 келі) финалға дейін жетті.