Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, Қызылорда қаласының әкімі: «Халық саны артқан сайын қажеттілік те күшейеді»
Бір жылдары жұмыс іздеп Алматы мен Астана сияқты ірі орталықтарға ағылған тұрғындары қайта оралып жатқан Қызылорданың қазіргі тыныс-тіршілігін соңғы жылдары күрт өсе бастаған халық санынан байқауға болады.
Елдің қайта оралуы алдымен жергілікті халық санының артуына ғана емес, өңірдің дамуына да ықпал ететіні сөзсіз. Бір кездері жабылған мектептердің қайта ашылып, жаңа мектептердің салына бастауы демографиялық мәселелердің оңынан шешіліп келе жатқанын көрсетсе керек. Осы сұрақтар төңірегінде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен шағын әңгіме өрбіген. – Нұрлыбек Машбекұлы, жақында ғана әлеуметтік желілерде Қызылорда қаласындағы «Мұрагер» мектебінде биыл 21 бірінші сынып ашылғаны туралы ақпарат бірінен кейін бірі жарияланып жатты. Бұдан Сыр елінде демографиялық дүмпу бар екенін байқаймыз. – Иә, Қызылорда қаласында халық саны жыл сайын көбеюде. Бұл енді өте қуанарлық жағдай. Өзіңіз айтып отырған «Мұрагер» – 1200 орындық мектеп. Бірақ қазіргі таңда 3800 бала білім алуда. Білімі де, тәрбиесі де, ұжымы да өте жақсы болғандықтан шығар, жұрттың көбісі балаларын сол мектепке бергісі келеді.Әрине, халық саны артқан сайын, жаңа білім ошақтарының қажеттілігі артатындығы анық. Осы мақсатта биылдың өзінде Жаппасбай батыр көшесінде жаңа тұрғын ауданнан 600 орындық мектептің құрылысын бастап жібердік. Құны 974,4 млн теңгені құрайды. Одан бөлек, сол маңда «Саяхат», «Әл-Фараби» деген ықшамаудандар бар. Сосын, Жезқазған трассасының бойынан 980 гектар жер дайындағанбыз. 2016 жылы «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы инженерлік желілерімен толықтай қамтамасыз етілген 980 гектар аумақтан кезекте тұрған 6600 азаматқа жер учаскесі табысталды. Бүгінгі күні осы аумақтан қосымша 150 гектар жер телімдері әзірленіп, инженерлік желілерінің жобасы дайындалды.Бұл ықшамаудандардан да 600 орындық бес мектеп пен екі балабақша салу үшін қажетті құжаттарды білім және ғылым министрлігіне өткізіп қойдық. Құдай қаласа, алдағы жылдары жаңа мектептердің құрылысы басталады деп жоспарлануда.– Сонда Қызылорда қаласының шекарасы кеңейіп жатыр ғой деймін. Қазір барлық облыс орталықтары жан-жағындағы елді мекендерді қосып алуда ғой. – Дәл солай. Жалпы алғанда, қала аумағының көлемі бұған дейін 11 мың гектарды құраса, бас жоспарға сәйкес, бұл жер көлемі 20 582 гектарға ұлғайтылды. Шаһарды, негізінен, сол жағалауда дамытып жатырмыз. 2016 жылы дарияның үстінен құны 7 миллиард теңгені құрайтын үлкен көпір салынған. Содан 2017 жылы сол жағалауда құрылыстар қарқын алды. Алдымен кәсіпкерлердің демеушілігімен 18 көпқабатты үйдің құрылысы басталды. Одан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар арқылы сегіз үй салып жатырмыз.Жақын күндерде тағы да жеті үйдің іргетасы қаланады. Яғни қазірдің өзінде сол жағалаудан 40-қа жақын үй салынуда. Бұдан бөлек, жастар орталығы, мұражай, балабақша, «Болашақ» университеті өз ғимараттарының құрылысын жүргізуде. Болашақта бұл жағалаудан көптеген әлеуметтік, кәсіпкерлік бағыттағы ғимараттар түсіп, қала негізінен сол жағалауда дамитын болады. Осылайша соңғы жылдары қаламызда жаңадан бірнеше шағынаудан бой көтеріп, 7000-нан астам қызылордалық баспаналы болды.Қазіргі таңда қалада 133,2 мың шаршы метр болатын 1630 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы салынуда. Ағымдағы жылы атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 9 млрд 488,3 млн теңгеге жетті. Яғни облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 40,5 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. 2013-18 жылдар аралығында қаламыздағы апатты жағдайдағы баспана тұрғындары ретінде кезекте тұрған 671 отбасына жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде заңды тұрғыда үйлерін апатты жағдайда екендігін растайтын құжаттарын ұсына алған, шын мәнінде баспанаға мұқтаж тұрғындар 100 пайыз жаңа пәтерлермен қамтамасыз етілді.– Биыл Қызылорда қаласы өзінің 200 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл айтулы мереке тек қонақ шақырып, оларға концерт қоюмен ғана өтіп кетпеуі тиіс қой...– Биыл арман қала – Астананың 20 жылдығын атап өттік. Міне, енді дүбірлі мереке Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына ұласып жатыр. Шынында, 200 жылдық мереке жұртты жинап, аяқ босатып, той тойлап қайту емес. Тойдың да көпке берер үлгі-өнегесі, ғибраты, пайдасы болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан той қарсаңында қаладағы үйлердің аулаларын жөндеп жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлер мен құрылысшылардың демеушілігімен 100-ге тарта үйді қайта жөндеуден өткіздік. Қалаға кіреберісте үлкен саябақ салынуда. Оның аумағы 39 гектарды алып жатыр. Одан бөлек, кәсіпкерлер шаһардың 200 жылдығына тарту ретінде сол жағалаудан сауда орындарын, қонақүйлер, басқа да нысандар салуда. Мәдени шараларды «Жүрек жылуы» акциясынан бастағалы отырмыз. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрмысы төмен отбасыларға көмектесу мақсатында жыл сайын осындай қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Соның аясында 30-40 млн теңгенің азық-түліктерін тегін таратамыз.Одан бөлек, бағалары базар нарқынан 20-25 пайызға арзан ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтеді. Осының арқасында қала тұрғындары қысқы азығын қамдап алады деп ойлаймын. Сосын, осы Сыр өңірінен шыққан өнер жұлдыздарын шақырып, гала-концерт ұйымдастырып жатырмыз. Ат жарысы өтеді. Осындай үлкен-үлкен іс-шараларымыз бар.Ең бастысы – тойдың арқасында халыққа жағдай жасау, тұрмысын көтеру, қол ұшын созып, көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Бұл қарапайым мереке емес, бұл – тарихқа тағзым, болашаққа бағдар. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қаламыздың көлемі бірнеше есеге ұлғайып, халқының саны өсті, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, демалыс орындары, саябақтар, жаңа мөлтек аудандар мен көшелер пайда болып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артты. Бұл – Сыр жұртшылығының ынтымағы мен бірлігінің, жерлестеріміздің бізге артқан сенімі мен қолдауының арқасында бірлесе атқарған еңбегіміздің жемісі.– Қаланың шекарасы ұлғайып, халқының саны көбейгені, әрине, өте қуанышты жағдай. Дегенмен халық саны көбейген сайын, оның проблемасы да көбейе бастайтыны бар. Қазір қала шетіндегі саяжайларға дейін халықтар тығыз қоныстануда. Ал ол саяжайларға жол керек, мектеп керек дегендей...– Бас жоспар бекітілген кезде шет жақтағы «Сабалақ», «Эдельвейс», «Болашақ», «Орбита» деген саяжайларды қаланың аумағына енгіздік. Иә, оған дейін біраз проблема болған. Бұған дейін осы елді мекен тұрғындарының жол, ауызсу және жарық туралы көтерген мәселелерін шешу қолданыстағы заң талаптарына сәйкес мүмкін болмады. Негізі, саяжай деген тек жазда барып демалып, көкөнісін егіп, жинап алатын жер ғой. Көп кісілер оған қарамастан, ол жерді тұрғылықты мекен еткен.Құжат бойынша қала аумағына кіргендіктен, енді ол саяжайларға инфрақұрылым жүргізуге қаражат бөлуімізге болады. Жобалық-сметалық құжаттарын жасап, барлық жағдайды жасаймыз. «Сабалақ» саяжайындағы тұрғындар электр энергиясын өз беттерінше тартып алған. Бұрынғы ескі желілер күн суытқан кезде бәріне бірдей қуат беруге шамасы келмейді. Соның бәрін реттеу мақсатында биыл облыстық бюджеттен 100 млн теңге қаржы бөлінді. Қоғамдық көліктің мәселесін шештік. Жолдары жөнделіп, ауызсу тартылады. Бас жоспарға түзетулер енгізу жобасында қала аумағы 14 тұрғын ауданға бөлінді. Осылайша қала халқының саны осыдан бес жыл бұрынғы (2013 жыл) көрсеткіш бойынша 240 мың адамды құраса, 2025 жылға дейін қала халқының саны 310 мың адамды құрайды деп болжануда. — Әңгімеңізге рахмет!