НұрОтан партиясы іскерлік беделіне нұқсан келтіргендерді сотқа берді
-Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетов "НұрОтан" партиясының іскерлік беделіне нұқсан келтірді.
Олар әлеуметтік желідегі парақшалары мен өзге де интернет дереккөздер арқылы жалған ақпарат таратып, мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы қарсаңында "НұрОтан" партиясына еліміздің азаматтары мен әлемдік қауымдастықтың сенімін азайтуға тырысты,-деп жазылған "НұрОтан" партиясының сотқа түсірген шағымында.
Сейсенбі күні Алматы қаласы Жетісу аудандық сотында "НұрОтан" партиясының шағымы бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті.
Сотқа "НұрОтан" партиясының өкілі Станислав Конкуров, жауапкер ретінде Санавар Закирова мен Әлнұр Ильяшев және олардың қорғаушысы Маржан Аспандиарова келді. Марат Тұрымбетов денсаулығына байланысты сотқа келе алмайтыны хабарланды. Істі судья Кәкен Қасаболатов жүргізді.
Сот залында "НұрОтан" партиясының мүшелеріміз деген оннан астам адам қатысты. Олар сот үзілісі кезінде "НұрОтан" партиясын ақтап, жауапкерлерді айыптай сөйледі.
Жауапкерлердің қорғаушысы Маржан Аспандиарова "НұрОтан" партиясының өкілдеріне шағымды қайтарып алуды сұрады. Оның айтуынша "жауапкерлер ретінде қарастырылғандар таратқан ақпаратта "НұрОтан" партиясының беделін түсіретін жайттар жоқ"
"НұрОтан" партиясының белсенділер үстінен түсірген шағымында «2019 жылы Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетов "Наше право" партиясын тіркеуге "НұрОтан" партиясы кедергі жасады» деп жалған ақпарат таратты" деп көрсетілген.
-Олар жалған ақпараттарды 31 мамырда және 29 тамызда Facebook аккаунтарындда жариялаған. Мұндай әрекеттер 951 мың мүшесі бар "НұрОтан" партиясының іскерлік беделіне нұқсан келтірді. Жалған ақпараттар партия мүшелерінің түсінбеушілігін туғызып, ашу-ызасына тиді, олар әлеуметтік желілер арқылы "НұрОтан" партиясын заң шегінде жауап қайтаруға шақырды,-деп жазылған.
"НұрОтан" партиясының шағымына қарағанда бірнеше сайттарда аталған белсенділердің "Наше право" саяси партиясының тіркелмеуіне "НұрОтан" партиясы жауапты" деген сөздері жариялаған.
-"Саяси партиялар туралы" заңның 10 бабының бірінші тармағында саяси партияларды әділет министрлігі тіркейтіні көрсетілген. "НұрОтан" партиясының өзге партияны тіркеуге немесе тіркемеуге еш қатысы да, мүмкіндігі де жоқ" делінген.
"НұрОтан" партиясы Азаматтық кодекстің 43 бабы 1 тармағына сәйкес соттан "аталған азаматтар 10 күн ішінде әлеуметтік желідегі парақшалары мен өзге де дерек көздерде "НұрОтан" партиясының іскерлік беделіне нұқсан келтірген ақпараттарды терістеуге міндеттеуді және моральдық өтемақы ретінде 20 миллион теңге өндіруді, нотариус қызметіне жұмсалған 106 940 теңге және 602 525 теңге мемлекеттік алымды төлеттіруді сұраған.
Алдын ала сот тыңдауын жүргізген судья Кәкен Қасаболатов "НұрОтан" партиясының шағымдарында көрсетілген үш белсендінің әлеуметтік желідегі жазбаларын зерделеуге, онда "НұрОтан" партиясының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мән-жайлар бар-жоғын анықтау үшін психологиялық және филологиялық сараптама жасауға Алматы қалалық сот сараптамасы институтының сарапшыларына жіберді.
"НұрОтан" партиясының шағымында көрсетілген белсенділер биыл көктемде "Наше право" деп аталатын саяси партия құратыны жайлы бірнеше рет мәлімдеген. Белсенділер "партияның құрылтай съезін" өткізеді деген орынды құқық қорғау органдары торуылдаған, белсенділердің өздеріне түрлі кедергі жасаған.
Қазақстан заңы бойынша саяси партия құру үшін оның құрылтай съезіне кем дегенде мың адам қатысып, 40 мың мүшесі болуы керек.
Партия құра алмаған белсенділер оған "НұрОтан" партиясы мен Алматы әкімдігі кедергі келтірді деп сотқа берген.