Өксікті буын өкілі

Дулат Исабеков дәуірі – Қазақ әдебиетінің барынша дәуірлеген, әлемдік әдебиет көгіне шарықтай шыққысы келіп қырандай шарқ ұрған, біздің ұлттық әдебиетіміз де дүние руханиятына үлес қосатын бәсі биік әдебиет деген рухпен шамырқанған, ширыққан қайталанбас буын дәуірі.
Бұл қапысыз шындық сталиндік қапасты кезеңнен кейін жарыққа ұмтылған ұлт руханиятының жаңа сапада көрініс табуы еді. «Біз соғысты көрген жоқпыз» деген тәмсілмен ғұмыр кешкен өксікті буын өкілі. Олар «жеті жетім» атанған, ұлы соғыстың о жағы мен бұ жағында туып, 60-шы жылдары әдебиет көгіне келген ұлағатты, интеллектуал ұрпақ шоғыры еді... Майданға әке мен ағаларын, тіпті әпкелерін қара жұмысқа аттандырып салған, ғазиз аналарымен «қаралы қағазды» құшып қалған бірегей буын кез келген салада жан аямай жұмыс істеді. Барын салды.
Соғыс сұрапылынан кейін өртеңге шыққан нәзік гүлдей ұрпақ рухы болаттай берік, даладай дарқан, халқындай жомарт еді... Сол қалыптарынан таймастан әлемдік әдебиеттің көкпарлы додасына жасқанбай түсіп, жасындай жарқылдай таныламыз деп қалам қуатын танытқан азаматтар «Жасын» тағдыр кешкендей болды. Найзағайдай жарқылдаған шығармалар тудырып, жасын ойнатқан сөз саптастарымен ұлтының санасын Оралхан Бөкей мен Төлен Әбдік боп, Кәдірбек Сегізбай мен Бексұлтан Нұржекелер болып сілкіді!.. Иә, сіздердің қалтқысыз достарың, байтақ оқырманның сүйікті жазушысы Дулат Исабеков болып мынау қазақ қоғамының «Тіршілік» майданында тартысты тағдыр кешті!.. Өкінішті өмірдің өзегіне өт құйып, алғаусыз әзілімен қаламдастарын әлдилеп жүрді.
Қараспанды Қаратаудай ағам едің!.. «Дермене» күйдегі еліңді есеңгіреуден ес кіруге бастадың. Ақсүйек далаңның аруақтарына дұға жасап, «Сүйекші» азаматтарыңды сақтай білдің. Қайран қазақ келінінің ибалы бейнесі болып «Гауһартас» келбетің әр шаңыраққа шуақ шаша енді. «Бонапарттың үйленуі» болып қазағыңның кем-кетігін қытықтап, «Бөртемен» бірге бүрледің... Буынсыз жерге пышақ ұрмадың Жасын аға! Сен жайсаң едің, сен арда туған жан едің!
Бақұл бол, АРДА аға!..
Асқар АЛТАЙ