Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:56, 30 Қараша 2023

Олигарх Сейітжановтың «пайда тапқыш» Мұз сарайы

Шымкент
Фото:

2017 жылы Шымкент мұз сарайын белгілі олигарх сатып алғанын бұқаралық ақпарат құралдары сол кезде жазған болатын. Ол уақытта бұл ақпаратқа ешкім назар аудара қойған жоқ. Себебі жергілікті олигархқа бір сарайды сатып алу түкке тұрмайтын. 

Оның үстіне аукцион арқылы сатылған мұз сарайын жергілікті шенеуніктер «ұстап тұру – шығын. Жылына 40 млн минусқа кетеміз» деп түсіндірген. Коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуінен мұз сарайын ұстап тұра алмадық деген шенеуніктердің сөзі алты жыл өткенде өтірік боп шықты. Бұл туралы сәл кейінірек айтайық.

Еліміздегі үшінші мегаполис атанған Шымкенттің әкімі ол кезде Ғабидолла Әбдірахымов болатын. Ал Мұз сарайы қаладағы, тіпті облыстағы ең үлкен спорттық ғимараттардың бірі еді. Қысқы спорт түрлерінен оқушыларды жаттықтыратын жалғыз мұз сарайы да осы.

Алғашқы бағасы 996 944 000 теңге деп белгіленсе де, үшінші рет аукционға шығарғанда 67 пайыз үлесі 128 миллион теңгеге ғана сатылып кетті. Сатып алған «Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС. Мұз айдынының қалған 33 пайызына «Саут-Ойл» ЖШС иелік етеді. Ал бұл екі компанияның да иесі – Серікжан Сейітжанов.

Өңірді Өмірзақ Шөкеев басқарып тұрған 2007 жылдары бұл сарайға мұз айдыны салынып, қысқы спорт түрлерінен жаттығу жасайтын орынға айналған. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Шөкеев 404 миллион теңге ақша жұмсап, оның 33 пайызын қала кәсіпкерлері шығарды деген. Қалған сомма бюджеттен алынған болатын. Араға он жыл салғанда бұл ғимаратты ұстап тұра алмаймыз деген шенеуніктер аукционға жүгінген.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, бұнда сыбайлас-жемқорлықтың нышаны бар.

«Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметіне сүйенсек, 2016-2023 жыл аралығында осы өзіміз сатып жіберген Мұз сарайын №8 қысқы ойындар бойынша олимпиадалық резервті дайындайтын жасөспірімдер мектебінің балалары жаттығу үшін жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге жуық ақшаға жалға алып отырған. Нысанды жекеге 128 миллион теңгеге сатып жіберіп, жыл сайын 100 миллиондаған ақшаға жалға алу қаншалықты тиімді?

Аталған нысан - қаламыздағы және Түркістан облысы бойынша қысқы спорт түрлеріне дайындайтын жалғыз орын. Сондықтан мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс деп есептейміз» дейді.

Дидар Смағұлов олигарх сарайды күрделі жөндеуден өткізіп, мемлекет меншігіне қайтару тиіс. Ал «ұстап тұру шығын болды» деген шенеуніктердің сөзінің өтірігі осы жерден шығады.

Бір ғана оқушыларды жаттықтыруға жылына 100 миллиондаған теңгеге жалға беретін болса, жеке тұлғалардан қанша ақша түсті, оны есепке алмай отырмыз. Мемлекеттің мүлкін жеке адамның қолына беріп, артынан соған тәуелді болатын әдет жалғыз бұл болмаса керек.

Серікжан Сейітжанов еліміздегі ең ірі байлардың қатарында. Қайрат Сатыбалдының құдасы. Немересі Сатыбалдының қызын алып, той жасағанда 21 миллион теңгенің тортын жасатып, аты шуға себеп болған Сейітжановтың бұл әрекетін бизнес деп түсінсек болады.

Дидар Смағұлов Мұз сарайын мемлекетке қайтарумен прокуратура айналысу керек дейді. Ал оған Шымкент қаласының қазіргі әкімі Ғабит Сыздықбеков мүдделі ме?

Қасым Арықбай

Тегтер: