Өңдеу өнеркәсібінің өсімі қандай?
Өңдеу өнеркәсібі – экономиканы әртараптандыруға, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтуға және шикізатқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін маңызды салалардың бірі.
Қазақстанда бұл бағыттағы өндіріс көлемі жыл басынан бері айтарлықтай өскен. 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 9,8 пайызды құрап, осы кезеңде 16 трлн теңгеден астам өнім өндірілді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, өндірістің артуымен қатар, бірқатар тауар түрлерінің импорты да қысқарған. Атап айтқанда, резеңке және пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, киім-кешек пен тоқыма тауарлары, сондай-ақ автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер бойынша сырттан әкелінетін өнім көлемі азайған. Бұл ішкі нарықтағы сұраныстың белгілі бір бөлігін қазақстандық кәсіпорындардың қамтамасыз ете бастағанын көрсетеді. Өңдеу өнеркәсібінің дамуы үшін өндіріс көлемін арттырумен бірге дайын өнімнің өткізу нарығын кеңейту де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда отандық тауарлардың экспорттық әлеуетінің өсуі оң үрдіс саналады. Бірінші жартыжылдықта шикізаттық емес тауарлар экспорты 14,6 пайызға артып, шамамен 12 млрд долларға жеткен. Қазақстанның сыртқы нарыққа шығаратын мұндай өнімдерінің қатарында металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдары саласының тауарлары басым. Бұл бағыттардың дамуы ел экономикасында қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар отандық өндірісті ынталандыруда мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары маңызды рөл атқарып отыр.
Министрлік реттелетін сатып алулар барысында қазақстандық өндірушілердің өнімдерін қолдауға басымдық беріп, мемлекеттік сатып алулар кезінде 5 323 тауар позициясы бойынша отандық өнімді бірінші кезекте алуға мүмкіндік жасаған. Жылдың алғашқы алты айында мемлекеттік органдар 82 млрд теңгеге 45 мыңнан астам келісімшарт жасасқан. Бұл, бір жағынан, кәсіпкерлерге тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, ішкі өндірістің сұранысқа ие болуына жағдай жасайды. Отандық кәсіпорындарды қолдау «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу саясаты арқылы да жалғасып келеді. Қор жүзеге асырып отырған 16 қолдау шарасы шеңберінде қазақстандық тауар өндірушілермен 3,8 мыңнан астам келісімшарт жасалған. Оның 286-сы ұзақ мерзімді шарттар екенін ескерсек, мұндай келісімдер кәсіпорындарға өндіріс көлемін алдын ала жоспарлап, жаңа инвестиция тартуға және өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік бермек.
Өнеркәсіптік әлеуетті күшейтудегі тағы бір маңызды бағыт – жер қойнауын пайдалану саласы. Бұл сектордың сұранысы отандық машина жасау, металл өңдеу, химия және сервистік қызмет көрсету кәсіпорындары үшін тұрақты нарық қалыптастыра алады. Биылғы бірінші жартыжылдықта жер қойнауын пайдалану саласында 425 келісімшарт жасалған. Жалпы, өңдеу өнеркәсібінің өсімі мен шикізаттық емес экспорттың ұлғаюы Қазақстан өндірісінің біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндет – бұл өсімді тұрақты үрдіске айналдырып, отандық кәсіпорындардың ішкі нарықтағы үлесін әрі халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін де арттыру.
Сәруар Бақберген