Оңтүстік Кореяның экс-президентінің жұбайына қатысты сот үкімі қатаңдатылды
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентінің жұбайы Ким Гон Хиге қатысты сот үкімі апелляция нәтижесінде қатаңдатылды.
Ол қаңтар айында пара алғаны үшін 20 айға бас бостандығынан айырылған еді. Енді сот оны акциялармен заңсыз операциялар жасағаны үшін де кінәлі деп танып, жазаны 4 жылға дейін ұзартты.
Іс апелляциялық сотта заңсыз артықшылықтар алу және қор нарығында манипуляция жасау фактілері бойынша қаралды. Айта кетерлігі, прокурорлар бастапқыда 15 жыл түрме жазасын сұрағанымен, тағайындалған жаза одан әлдеқайда төмен болды.
Жазаның қатаңдатылуына бірқатар эпизодтардың қайта қаралуы себеп болған. Атап айтқанда, екінші инстанция соты Deutsche Motors компаниясының акцияларымен жасалған манипуляциялар бойынша бірінші сатыдағы ақтау шешімін жойып, Ким Гон Хиді ішінара кінәлі деп таныды. Сот дерегінше, ол 2 миллиард вондық шот ұсынып, акцияларды сату операцияларына қатысқан, бұл олардың құнын жасанды түрде өзгертуге ықпал ету ретінде бағаланған.
Сонымен қатар, апелляциялық сот Бірігу шіркеуі өкілдерінен алынған сыйлықтар эпизодын толық дәлелденген деп таныды. Бұған дейін нақты келісімнің дәлелі болмағандықтан кей айыптар алынып тасталса, енді сот Ким Гон Хидің «жасырын өтініштің» бар екенін түсініп, сыйлықтарды делдалдықтың бөлігі ретінде қабылдағанын атап өтті. Бұл істе қымбат әшекейлер мен люкс сыйлықтар сөз болған.
Жаңа шешімге сәйкес, Ким Гон Хи 4 жылға бас бостандығынан айырылып, 50 миллион вон айыппұл төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ сот Graff брендіне тиесілі алқаны тәркілеу және шамамен 20 миллион вон өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сот үкімді қатаңдатуды түсіндіре келе, айыпталушының президент жұбайы мәртебесіне сай жоғары этикалық талаптарды сақтауы тиіс болғанын, алайда ол өз лауазымын жеке пайда табу үшін пайдаланғанын атап өтті. Сонымен бірге сот оның кінәсін мойындамай, анықталған фактілерге қарамастан ақталуын жалғастырғанын да ескерген.
Қорғау тарапы бұл шешіммен келіспей, Жоғарғы сотқа шағымданатынын мәлімдеді.