Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:55, 24 Қараша 2021

Оралдың өз қияры мен қызанағы болады

None
None

Батыс Қазақстан облысында аумағы 12 гектар жерді алып жатқан, жылына 8 мың тонна қияр мен қызанақ өсіруге қауқары жететін ірі жылыжай кешені іске қосылды.

Жылыжайды іске қосқан «World Green Company» ЖШС жаңа жобаны Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған тартуымыз деп отыр.

Жалпы, жылдың алты айы қыс, суық болатын, ауа райы қатаңдау Жайық өңірі үшін бұл өте маңызды жоба. Өйткені, көкөністің көп бөлігі облысқа еліміздің оңтүстігінен жеткізіледі. Оның қиындығы да аз емес. Жанармай құны жоғарылаған кездері тауар бағасы да аспандап кетеді. Ал былтырғы пандемия уақытында тасымал мүлде тоқтап, жергілікті халық көкөніссіз отырды. Осы орайда тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – қысы-жазы өнім беретін жылыжайлар санын көбейту екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл бағытта әкімдік инвесторға қажетті инфрақұрылым жасақтауды өз мойнына алады. Жер телімін бөліп, газы, суы, жарығын жеткізіп береді. Қалған жұмыс жобаға қаржы салған инвестордың икеміне байланысты. Құрылысты көзбен көрген мамандардың пікірінше, Батыс Қазақстандағы жаңа жылыжай елдегі ең ірі кешендердің қатарында. Көкөніс өсіруден дүние жүзінде беделі бес батпан Голландияның жабдығымен жарақтандырылған. Өндірістік цикл тұқым себуден дайын өнімді орап-қаптауға дейінгі аралықты толық қамтиды. Еуропалық сапа стандарттарының қай-қайсысына да төтеп беретін көрінеді.  

Жылыжайдың салтанатты ашылу рәсімі 19 қарашада өткенімен, мұнда жұмыс баяғыда басталып кеткен. Күн сайын 10 тоннадан аса қызанақ, қияр жиналып, аз бөлігі Ресейге экспортталуда, елеулі бөлігі Орал, Ақтөбе және Нұр-Сұлтан қалаларында сатылуда.  

– Күні бүгін 5 гектарға – қияр, 5,6 гектарға қызанақ ектік. Түсімі жақсы. Біз ауа райына, топырақтың құнарына ешқандай тәуелді емеспіз. Артықшылығымыздың бірі – климатты бірқалыпты ұстап тұратын, қуат үнемдегіш тиімді жүйе. Сондықтан тәуекел аз. Өнім мол. Осы тұрғыдан келгенде бізге жылыжай дегеннен гөрі көкөніс өсіретін зауыт деген көбірек келіңкірейді, – дейді World Green Company жылыжай кешенінің директоры Мұрат Ибрагимов.

Шынында да кешеннің ішкі «әлемі» өте күрделі. Жылыжайдың жылу жүйесі өз алдына дербес, көкөністі суару жүйесі де солай. Мұнда көмірқышқыл газының мөлшері қатаң бақыланады. Жарықтың өзі қажетіне қарай реттеледі. Керек кезінде жылыжайдың әйнек қорабы арнайы жабындармен жабылады. Тұқым себетін қондырғы, тоңазытқыш камера, өнім сапасын бақылайтын құрылғы да өздерінікі. 

         Өңір билігі жылыжай толық қуатына қосылған кезде жергілікті нарықты толық қамтып, дәруменге бай өнімге бағаны тұрақтандыруға көмектеседі деп отыр. Кешеннің ашылуы ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келіп, облыс әкімі Ғали Есқалиев сала мамандарын құттықтады. «Аталмыш жобаға жеңілдетілген несие түрінде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. 25 пайыз мөлшерінде салынған инвестициялық субсидиялардың бір бөлігі қайтарылды. Оған қоса тұқым, минералды тыңайтқыштарға да субсидия төленеді. Жергілікті бюджет есебінен инфрақұрылым жасақталды. Әрине, біз алдағы уақытта да осы тақылеттес маңызды, елге пайдалы жобаларға жан-жақты жәрдем береміз. Өйткені, нақты тауар өндіру – экономика тұрақтылығының негізі болып табылады. Өңірде жаңадан ашылған жылыжай кешені президенттің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында берген тапсырмаларын жүзеге асыруға қосылған үлес деп есептеймін. Жылыжайларды көбейту, аумақтарын ұлғайту – әкімдіктің күн тәртібінен түспейтін міндет», – деді Ғ.Есқалиев.

Осындай бір үлкен жылыжай 2020 жылы Бәйтерек ауданында бой көтерген болатын. Облыс орталығына жақын, логистикаға қолайлы, экологиялық таза  жерде орналасқан кешеннің құны 14 млрд теңгені құрады. Жобаны жүзеге асыруға жеңілдетілген несие қаралып, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында инженерлік желілер тартылды. Қазір мұнда да жұмыс ырғақты жүруде.

         Өңір басшылығының келешекке құрған жоспары ауқымды. БҚО-ны айналдыра көкөніс белдеуін құрып, әуелі өзімізді, сосын республиканың өзге өңірлерін қарық қылу, артығын Ресей мен алыс-жақын шетелдерге экспортқа сату. Қазіргі таңда күтілетін жылдық өнім көлемі – 8 мың тонна. Жылыжайда жаңадан 150 жұмыс орны ашылды, жұмысшылардың орташа жалақысы – 150 мың теңге төңірегінде.

Тегтер: