Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:52, 29 Қараша 2024

Румынияда өткен президент сайлауындағы дауыстар қайта есептеледі

Калин Жоржеску
Румыния президенттігіне кандидат Калин Жоржеску Фото: Даниэль Михайлеску/AFP/Getty Images

Румынияның Конституциялық соты әсіре оңшыл ресейшіл кандидат жеңген президент сайлауының бірінші турындағы дауыстарды қайта санауға бұйрық берді.

 Румынияның Конституциялық соты Орталық сайлау комиссиясын әсіре оңшыл ресейшіл саясаткер Келин Джорджеску ең көп дауыс алған президент сайлауының бірінші турының нәтижелерін қайта санауды бұйырды. Бұл туралы румыниялық Digi24 телеарнасы хабарлады.

Арна сұхбаттастары атап өткендей, мұндай шара алаяқтық күдігін жою үшін қажет. Осылайша, дауыс берудің бірінші турының нәтижелерін ресми растау кейінге шегерілді.

Президенттікке екі үміткер бірінші турдың нәтижелерін жоюды талап етіп жатыр

Бұл ретте сотқа президенттікке екі үміткерден бірінші турдың қорытындысын жою туралы арыз түсті. Сот Кристиан Терхештің шағымын заңмен белгіленген мерзімнен кейін берілді деген уәжбен қабылдамады. Себастьян Попеску берген екінші өтінішті қарау 29 қарашада өтеді деп жоспарланған.

Попеску Джорджеску сайлау науқанын қаржыландыру көздерін жасырды, осылайша өзін «таза тәуелсіз кандидат» ретінде көрсету арқылы сайлаушыларды адастырды деп айыптады. Сонымен қатар, Попескудың айтуынша, Джорджскудың TikTok платформасындағы үгіт-насихат бейнелерінің «вирустық» ауқымына тек блогерлер мен жарнамалардың көмегімен қол жеткізу мүмкін емес.

«Біз Қытайда орналасқан TikTok-ты тікелей қолдау туралы айтып отырмыз», - деді Попеску.

Румыниядағы сайлаудың бірінші турында әсіре оңшыл саясаткер жеңіске жетті

Елдің Орталық сайлау комиссиясының 25 қарашада жарияланған ресми мәліметі бойынша, Румыниядағы президент сайлауының бірінші кезеңінде әсіре оңшыл және ресейшіл саясаткер Келин Джорджеску ең жақсы нәтиже көрсеткен. Бюллетеньдердің 100 пайызы саналып болғаннан кейін румын сайлаушыларының 22,94 пайызы Джорджеску үшін дауыс бергені анықталды.

Екінші орынды 19,18 пайызбен «Румынияны құтқару» одағынан үміткер Елена Ласкони иеленді. Үшінші орынға 19,15 пайыз дауыспен елдің қазіргі премьер-министрі, социал-демократ Марсель Чолаку шықты, ол экзит-полл қорытындысы бойынша жеңеді деп болжанған. Ұлтшыл Джордж Сион 13,87 пайыз дауыс жинап, төртінші орынды иеленді.

Сайлауда жеңілген Чолаку Румынияның социал-демократиялық партиясының басшысы қызметінен кетті.

Румынияда мемлекет басшысы сыртқы және қауіпсіздік саясатын анықтайды, қарулы күштердің жоғарғы қолбасшысы  және барлау қызметтерін қадағалайды. Елдегі парламенттік сайлау 1 желтоқсанға белгіленген.

Сайлауға барлығы 13 үміткер қатысты. Екінші тур 8 желтоқсанда өтеді.

Тегтер: