«Орынсыз қалжың». Спорт министрлігі Черчесовтің әрекетіне түсініктеме беруді талап етті
ҚР Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан бас бапкер Станислав Черчесовтің қазақ тіліне қатысты әрекетіне түсініктеме беруді талап ететінін мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызды. Министрлік бұл жағдайға бей-жай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады. Хатта мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» Заңына сәйкес жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсетуі керектігі айтылған. Сонымен қатар федерациядан осы оқиғаға түсініктеме беру және С.Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етілді, делінген хабарламада.
Министрлік мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін федерация тарапынан тиісті шаралар қолданылуы керек деп санайтынын айтқан.
Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы Министрлікке бағынысты ұйым емес екенін, тиісінше оның ішкі мәселелеріне араласа алмайтынын, дегенмен Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап етуге құқылы екенін қаперге саламыз.Осы жазба арқылы еліміздегі өзге федерацияларды да мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға және оларға қатысты орынсыз қалжыңның алдын алуға шақырамыз, дейді ведомства.
Айта кетейік,бұған дейін Черчесовтың баспасөз мәслихаттарында журналистердің қазақша қойған сауалдарын мазақ еткен видеолары тараған. Ал, кейбір спорт мамандары оны отставкаға кетуі керек деп санайды.