Қоғам

Тоқаев жаңа министрге әскерді реформалау жоспарын қазанға дейін әзірлеуді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовке әскери саланы дамытуға қатысты бірқатар шұғыл міндет жүктеді.

Айдос Мырзахметов

Мемлекет басшысы қорғаныс саласындағы өзгерістер нақты жоспарға негізделіп, нәтижеге бағытталуы керектігін айтты.

Президент бірінші кезекте бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, қорғанысқа бөлінген қаржы елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге жұмсалуы керек. Мақсатсыз шығын мен қаражатты талан-таражға салуға жол берілмейтінін ескертті.

Екінші бағыт – қазіргі қауіп-қатерлерге бейімделе отырып, Қарулы Күштерді реформалау. Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді жаңғыртуға арналған нақты жоспар әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы әскери саладағы кадр саясатына да тоқталды. Оның пікірінше, басшылық қызметтерге таныстықпен емес, кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті мамандар іріктелуі қажет. Осы мақсатта кадрларды бағалау мен таңдау тәртібінің ашық критерийлерін енгізу ұсынылды.

Үшінші міндет әскердегі идеологиялық және тәрбие жұмысына қатысты. Президент бұл бағыт Конституцияда бекітілген құндылықтарға сай жүргізілуі керек екенін айтты. Сонымен бірге әскери тарихты, ұлттық және әлемдік мәдениеттің озық үлгілерін насихаттаудың маңызына назар аударды.

Тоқаев армия тек әскери машық қалыптастыратын орын емес, жастарды тәртіпке, кәсібилікке және отансүйгіштікке тәрбиелейтін орта болуы қажет екенін атап өтті. Әскери қызметшілердің өмірі мен қауіпсіздігі ең жоғары басымдықтардың бірі болуы тиіс.

"Отан қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы, қасиетті парызы. Әскери қызметке өмірін арнаған әр азамат мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын айқын сезінуі керек", – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары әскери қызмет пен әскери қызметшілер туралы объективті ақпарат таратуы қажет екенін айтты.

Президент әскерді реформалау жоспары нақты, түсінікті және кезең-кезеңімен жүзеге асатын құжат болуы керектігін атап өтті. Жоспарды ауқымды тұжырымдамаға айналдырмай, нақты іс-қимылдарға бағыттау тапсырылды.

Қарулы Күштерді реформалау жөніндегі жоспар қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады. Реформалау процесін үйлестіру Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына жүктелді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз