Оқиғалар

ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМІН ТІРКЕДІ

Бүгін Астанада 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны шеңберінде Орталық сайлау комиссиясының тоғызыншы отырысы өтті.

1

Отырыс жұмысына «Ауыл» партиясының басшылары, ЕҚЫҰ ДИАҚБ атынан халықаралық байқаушылар, Бас прокуратура, Ішкі істер, қаржы, сыртқы істер, әділет министрліктерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ өңірлердегі аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері бейнеконференциялық байланыс арқылы қосылды.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы мәселелер қаралды.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған ҚР ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға халықаралық байқаушыларды аккредиттеу ашылған уақыттаннан бастап Орталық сайлау комиссиясы 8 шет мемлекет пен 5 халықаралық ұйымнан 76 байқаушыны аккредиттегенін атады.

«2026 жылғы 21 шілдеге Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен 4 шет мемлекеттен 10 байқаушының кандидатурасы ұсынылды. Пәкістан Ислам Республикасынан 2 кандидатура, оның ішінде Пәкістанның Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы, Индонезия Республикасынан 4 кандидатура, оның ішінде Индонезияның Қазақстандағы Елшісі, Малайзиядан 3 байқаушы, оның ішінде Малайзияның Қазақстандағы Елшісі және Өзбекстан Республикасынан 1 байқаушы ұсынылды», - деп хабарлады Мұхтар Ерман.

ОСК мүшелері ұсынылған кандидатураларды аккредиттеу туралы қаулы қабылдады. Осылайша, бүгінгі таңда ОСК аккредиттеген халықаралық байқаушылардың жалпы саны 86 адамды құрайды. Алдағы уақытта аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай халықаралық байқаушылар туралы мәліметтер жаңартылып отырады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ОСК Хатшысы Шавхат Өтемісов баяндама жасады. Ол бұған дейін Ортсайлаукомға «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі тиісті құжаттар ұсынғандығын хабарлады.

«Құрылтай депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 35-бабының 2 және 3-тармақтарында, сондай-ақ 54-бабының 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Ол Қазақстан Республикасының азаматы болуы, соңғы 10 жыл бойы Қазақстан аумағында тұрақты тұруы және жасы 25-тен кем болмауы қажет. «Ауыл» партиясы 69 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Орталық сайлау комиссиясының сұрауы негізінде уәкілетті мемлекеттік органдар партиялық тізімге енгізілген тұлғалардың қойылатын талаптарға сәйкестігін тексерді. Тізімдегі 29 кандидат - әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл жалпы тізімнің 42%-ын құрайды. Заңда белгіленген квота сақталған. Партиялық тізімге енгізілген барлық тұлғалар Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді», - деп атап өтті Шавхат Өтемісов.

ОСК Хатшысы сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 88-бабының 2-тармағына сәйкес, Мәжіліс депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемінде бес пайызының дауысын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылатынын хабарлады. Осыған байланысты VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында «Ауыл» партиясы сайлаушылардың 10,90% дауысын алғанын еске салды.

Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тиісті қаулыларды, оның ішінде «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға ұсынған партиялық тізімін тіркеу туралы қаулыны қабылдады. Брифинг барысында саяси партия өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз