Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
00:56, 14 Қазан 2022

Өшіретін емес, өсіретін үкімет керек!

None
None

Он бес жылдан бері Ұлттық қордан кертіп жеп, кейде шұқып жеп, әйтеуір түбін көрсетуге таядық.

«Болашақ ұрпаққа да бірдеңе қалсын» деп талай айтылғанымен, жеме-жемге келгенде бюджеттің жыртығын қор қаражатымен жамау 2000 жылдан бері ел үкіметінің әдетіне айналды.   

Мемлекет басшысы осы жазда «Ұлттық қордан жасалған трансферттер 2020 жылы 4,8 триллион теңгені, ал 2021 жылы 4.5 триллион теңгені құрады. Биыл үкімет тағы да 4,6 триллион теңге сұратып отыр. Бұл – өте қомақты қаржы. Республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатын пайдалануда сүйенбеуі керек», – деген болатын. Бірақ жыл сайын Ұлттық қорға қол салу жалғасып келеді.

Осы орайда атап өтсек 2007-2012 жылдар аралығында үкіметтің басында Кәрім Мәсімов отырған кезде Ұлттық қордың шығыны 6,2 триллион теңгеге дейін жеткен көрінеді. 2012-2014 жылдары Серік Ахметов премьер-министр болып тұрған тұста қор шығыны 3,2 триллион теңге болған екен. Ал 2014-2016 жылдары Кәрім Мәсімов үкімет басына келген тұста қордан 5,33 трлн алынған. Ал 2017-2019 жылдары Бақытжан Сағынтаев тұсында Ұлттық қордан алынған қаржы 11 трлн теңгеге шыққан. 2019-2021 жылдары Асқар Маминнің тұсында қордан 11,3 трлн теңге шығын кетіп, Мамин ел тарихында ұлттық қорды ең көп жұмсаған премьер ретінде танылған. Демек, соңғы он бес жыл көлемінде елімізде үкіметті алға сүйрейтін, мықты шенді болмаған. Осыдан соң еліміз қалай дамиды, халықтың әл ауқаты қалай артады?!

Еліміз егемендік алған отыз жыл ішінде үкіметті он бір шенді басқарыпты. Жасыратыны жоқ, бұлардың ішінде өсіп кетіп Forbes-тің тізіміне еніп кеткендері де, жемқордың тізіміне еніп, өшіп кеткендері де баршылық.

Еліміз егемендік алған 1991 жылдан бастап санамаласақ 1991 жылдың 16 желтоқсанынан 1994 жылдың 12 қазанына дейін ел үкіметін Сергей Терещенко басқарыпты. 2016 жылы Forbes бойынша Қазақстанның ең беделді бизнесмендерінің рейтингісінде 41-ші орынды иеленгеніне қарап-ақ алғашқы үкіметбасының мұрты майланған шенді екенін аңғарамыз. 1994 жылдың 12 қазанынан 1997 жылдың 10 қазанына дейін Әкежан Қажыгелдин еліміздің премьер-министрі қызметін атқарды. Алайда 1998 жылы Президенттің сайлауға түспек болған ниетінің соңы Орталық сайлау комиссиясының оның ниетін қабыл алмауымен жалғасып, арада бір жыл өткен соң Қажыгелдинге халықаралық іздеу жарияланды. Сол кездерде билігі мен қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған экс-премьер министр кейбір дереккөздеріне сенсек, кейінгі өмірін Еуропамен байланыстырған көрінеді. 1997 жылдың 10 қазаннан1999 жылдың 1 қазанына дейін үкімет басқарған Нұрлан Балғымбаев 2015 жылы 68 жасында өмірден озды. 1999 жылдың 12 қазанынан 2002 жылдың 28 қаңтарына дейін премьер-министр болған тұлғаны бүгінде Президент ретінде танимыз.

 2002 жылдың 28 қаңтарынан 2003 жылдың 11 маусымына дейін Иманғали Тасмағамбетов үкіметті басқарғанымен бұл орынға көп тұрақтамады. Қазақстанның алтыншы үкімет басшысы болған Даниал Ахметов 2003 жылдың 13 маусымынан 2007 жылдың 8 қаңтарына дейін бұл қызметтің «қызығын» көрді. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметіндегі ағамыздың жиған-тергенін осыған дейін де бірнеше мақала арнап, әлі тауыса алмай келе жатқанымыз рас. Одан соң Ұлттық қорға «қол салу, қол салғанда мол салу» жылдары басталып, Кәрім Мәсімов үкімет тізгінін ең ұзақ ұстаған премьер-министр ретінде есте қалды. 2007-2012 жылдары және 2014-2016 жылдары үкімет басқарған Кәрім ағамыз бүгінде «байтал түгіл бас қайғы» хәлінде. 2012 жылдың 24 қыркүйегінен 2014 жылдың 2 сәуіріне дейін премьер-министр лауазымын атқарған Серік Ахметовтің де лауазымының соңы түрмемен жалғасып, 2017 жылдың 21 қыркүйегінде түрмеден босап шықты. Бақытжан Сағынтаев премьер-министр қызметіне 2016 жылы келіп, 2019 жылдың 25 ақпанына дейін атқарды. Одан соң үкіметке келген Асқар Мамин үкіметінің де ештеңені қатыра қоймағанын көз көрді. Ал қаңтар оқиғасынан соң 2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап қызметке келген Әлихан Смайылов үкіметі «бар ма бар» әйтеуір. Жыл басынан бері елде қымбатшылық орын алып жатыр, халықтан медициналық қызмет мүлдем алыстап кетті, Ресейден миллиондаған халық кіріп жатыр ма, бәрібір «екі қойың бір сом». Алдымыз қыс, көмірдің тоннасы ұшып тұр, ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігі қиындап барады, өйткені жайылым жер жоқ, малдың жем-шөбі малдың өзінен қымбат, яғни малды қыстан аман есен алып шығудың өзі үлкен мәселе болып тұр. «Екі сиыр өсіріп байып кет» деген ертегінің де қиял екенін түсіндік. Байып кетпек түгілі қысыр қалса, ол сиыр басыңа бәле болатын түрі бар. Бірақ әрекет етіп, құлағы естіп, не ауылдағы, не қаладағы ағайынның мәселесіне көңіл бөліп жатқан үкіметті байқай алмай отырмыз.

Сонда елді қиындықтан құтқарып, дағдарыстан алып шықпаса, өздері байып, өздері жеп, өздері түрмеге түсіп, елдің қамын күйттемек түгілі, өздерімен өздері әуре болса, ондай үкіметтен халыққа не пайда?! Отыз жыл ішінде дамыған елдердің қатарына қосылмақ тұрмақ, қордағы қаржыға қол салып, одан қалды шетелден қарыз алып, елді батпаққа батырған үкімет қажет пе өзі? Айтпақшы, қатырып премьер-министр бола алмағандарды неге тағы да бір салаға апарып отырғызып, тағы бір «майлы жілікті» қолына ұстатып қоямыз – осы?! Премьер-министр болып жарытпағандарды келесі жерді де тұралатуға неге жол береміз?!

Айтпақшы, жақында Есеп комитеті Ұлттық қордың шығындарына жүргізілген тексеріс нәтижелерін жариялады. Нәтижесінде 9 млрд теңгенің  желге ұшқаны анықталып отыр. Яғни жегенін жеп, жемегенін желге ұшырып, ойларына келгенін істегендеріне бұл да болса бір дәлел.

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, «Ұлттық қордың көлемі ЖІӨ шаққан кезде 30 пайыздан азаймауы керек. Егер 30 пайыздан төмендеп кететін болса, Ұлттық қор бірден жоғалуға қарай бет алады. Оның бірден түбі көріне бастайды деген сөз. Қазіргі уақытта қарасақ, біз 30 пайыз шегіне жақын тұрмыз» дейді. Сондықтан саясаттанушы Мақсат Халық: «шамамен 200 млрд доллар жинақтауға қарай ұмтылуымыз керек», – дейді. Ондай премьер-министр болса жақсы.

Қазақты ұшпаққа шығарар, қорға қол жаймай, елімізді дағдарыстан алып шығып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалатар» үкімет басшысын қайдан табамыз?!

Тегтер: