ОСК Сергеевтің атынан тараған даулы аудиожазбаға қатысты пікір білдірді
ОСК Сергеевтің атынан тараған даулы аудиожазбаға қатысты пікір білдірді
Орталық сайлау комиссиясы Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат Владислав Сергеевтің атынан тараған даулы аудиожазбаға қатысты түсініктеме берді.
ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік кандидаттарды сайлауалды науқан кезінде сақ болуға шақырды.
Әлеуметтік желіде тараған аудиожазбада өзін Владислав Сергеев деп таныстырған адамның елорданың Оңтүстік-Шығыс ауданын «екінші Шымкент» деп атағаны естіледі. Осыған байланысты Ләззат Сүйіндік Қазақстанда көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске салды.
«Аудиожазбаның түпнұсқалығын және оны кім таратқанын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Кандидат тиісті органдар шара қабылдауы үшін прокуратураға және аумақтық сайлау комиссиясына жүгінуге құқылы», - деді ОСК мүшесі.
Сондай-ақ Ләззат Сүйіндік барлық кандидатқа тең мүмкіндік берілетінін атап өтіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары заң талаптарына сай жүргізілуі керегін айтты.
Еске салайық, саясаттанушы Владислав Сергеевтің атынан тараған аудиожазба қоғамда қызу талқыланды. Онда елорданың Оңтүстік-Шығыс ауданы тұрғындарын кемсітетін сөздер айтылған. Алайда Сергеев аудиодағы дауыс өзіне тиесілі емес екенін айтып, полицияға арыз жазғанын мәлімдеді. Әзірге жазбаның түпнұсқалығы расталған жоқ.