Қазақстанда Wildberries такси қызметі іске қосылуы мүмкін
Қазақстанда Wildberries такси қызметі іске қосылуы мүмкін
Қазақстанда Wildberries маркетплейсінің WB Taxi деп аталатын жаңа ірі такси қызметі пайда болуы мүмкін. Такси бизнесінің өкілдері компанияның Қазақстан нарығына шығуға дайындалып жатқанын айтады.
Wildberries компаниясы әзірге бұл ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
Жаңа такси агрегаторының Қазақстан нарығына шығуы мүмкін екенін Taxi.kz сервисінің негізін қалаушы Тимур Худайбергенов «Бизнес-Ниндзя» YouTube арнасының подкасында айтты.
Кәсіпкердің сөзінше, Wildberries Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан және Арменияда өзінің такси қызметін дамытып жатыр. Оның болжамынша, компания шығатын келесі нарық Қазақстан болуы мүмкін.
Худайбергенов компаниядағы кадрлық өзгерістерді жаңа сервистің іске қосылуына дайындықтың жанама белгілерінің бірі деп атады.
Wildberries не дейді?
Digital Business журналистері Wildberries компаниясынан ресми түсініктеме сұраған.
«Біз сервисті кеңейту жоспарымызды жария етпейміз», – деп жауап берген компания өкілдері.
Осылайша, WB Taxi қызметінің Қазақстанда іске қосылатыны әзірге ресми расталған жоқ. Сервистің қашан және қай қалаларда жұмыс істей бастайтыны да белгісіз.
2026 жылғы 19 қазанда Wildberries Тайыр Байдүйсенді Қазақстандағы өңірлік директор қызметіне тағайындағанын хабарлаған еді.
Ол бұған дейін Қазақстандағы Yandex Go қызметін, кейін Anytime автокөлікті қысқа мерзімге жалға беру сервисін басқарған.
Алайда компанияның кадрлық тағайындауға қатысты ресми хабарламасында логистиканы, технологиялық сервистерді және Wildberries платформасын дамыту туралы ғана айтылған. Такси қызметін іске қосу жөнінде ақпарат берілмеген.
Жол жүру құны бәсекелестерінен екі есеге жуық арзан
WB Taxi 2025 жылы дами бастады. Алғашқы нарығы Беларусь болды. Кейін сервис Өзбекстан, Қырғызстан және Арменияда іске қосылды.
Қазір Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Ферғана секілді бірнеше ірі қаласында жұмыс істейді.
Сервистің ерекшеліктерінің бірі – жолаушыларға арналған бонустық бағдарламалар мен тиімді тарифтер.
Мәселен, Өзбекстанда жол ақысын банк картасымен төлеген жолаушыларға сапар құнының 50 пайызы бонустық ұпай түрінде қайтарылуы мүмкін. Бұл ұпайларды кейінгі сапарлардың ақысын төлеуге пайдалануға болады.
Қазан айында өзбекстандық Spot басылымы Ташкентте ұзындығы 3,1 шақырым болатын бір бағыттағы сапар құнын бірнеше такси агрегаторы бойынша салыстырған.
WB Taxi арқылы жол жүру құны 15 500 сумды немесе шамамен 600 теңгені құраса, салыстырылған агрегаторлардың ең қымбатында бұл көрсеткіш 28 500 сумға жеткен.
Баға айырмашылығы шамамен 46 пайызды құраған.
Қазақстандық жолаушылар үшін не өзгереді?
WB Taxi Қазақстан нарығына шыққан жағдайда жолаушылардың қолданыстағы такси қызметтеріне балама таңдау мүмкіндігі артады.
Қазір компания шетелде «Стандарт», «Комфорт» және «Мульти» тарифтерін ұсынады. Соңғысы бірнеше санат бойынша бос автокөлікті бір мезгілде іздеуге мүмкіндік береді.
Сервис кейбір елдерде жүргізушілерге төмендетілген комиссия мен қосымша төлемдер ұсынады. Алайда Қазақстанда қандай шарттармен жұмыс істейтіні әзірге белгісіз.
Digital Business мәліметінше, 2026 жылғы 25 қарашадағы жағдай бойынша Google Play платформасында жолаушыларға арналған WB Taxi қосымшасы миллионнан астам, ал жүргізушілерге арналған WB FLOT қосымшасы 100 мыңнан астам рет жүктелген.
Такси нарығындағы бәсеке күшейіп келеді
Қазақстанда жолаушылар тасымалы саласында жаңа сервистер пайда болып жатыр.
2026 жылдың маусымында Алматыда VinFast электромобильдерін пайдаланатын вьетнамдық Green SM такси агрегаторы жұмысын бастады.
Сонымен қатар отандық Qajet Taxi жобасы да дамып келеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, оның қосымшасын 500 мыңнан астам адам пайдаланады, ал тіркелген жүргізушілер саны 50 мыңнан асқан.