спорт

Өскеменде дәмханада қыз баланы ұрып, балағаттаған оқушының ата-анасы жауапқа тартылды

Өскеменде дәмханада қыз баланы ұрып, балағаттаған оқушының ата-анасы жауапқа тартылды

Полиция

Өскеменде дәмханада 12 жастағы қызды ұрып, балағаттаған бесінші сынып оқушысының ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал баланың өзі профилактикалық есепке алынды.

Оқиға 11 қараша күні Қазақстан көшесі, 72 мекенжайында орналасқан "Foxdrinks" дәмханасында болған. Бұл туралы қала тұрғындарының бірі Threads әлеуметтік желісінде жазды.

Әйелдің айтуынша, дәмханада үш оқушы – екі қыз бен бір ұл бала отырған. Балалар келушілерге су шашып, олардың киімдерін сулаған. Кейін оқушылар арасында жанжал туындап, төбелеске ұласқан.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ұл баланың қызды ұрып, балағаттағаны көрінеді.

Оқиғаны жариялаған әйел дәмхана қызметкерлерінің балалардың әрекетіне ешқандай шара қолданбағанына наразылық білдірген. Сондай-ақ ол кәмелетке толмаған балалардың кешкі сағат тоғыз шамасында ата-анасының қарауынсыз дәмханада жүргеніне таңғалған.

Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталғанын хабарлады.

Полиция мәліметінше, төбелесті бастаған және бейәдеп сөздер айтқан ұл бала 10 жаста, бесінші сыныпта оқиды. Ал зардап шеккен қыз 12 жаста, алтыншы сынып оқушысы.

Осы оқиғаға байланысты ұл баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, баланың өзі профилактикалық есепке қойылды. Оқушымен және оның заңды өкілімен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

"Оқиғаға қатысты материалдар қосымша шаралар қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды", – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Өскемен
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз