Қоғам

«Отбасы банк» жеті топ-менеджерге 437,7 млн теңге төлеген

«Отбасы банк» АҚ басқарма мүшелерінің 2025 жылы қанша сыйақы алғаны белгілі болды. Ол тізімде банк басшысы Ләззат Ибрагимова бар.

Отбасы банк

Қаржы институты Қазақстан қор биржасында (KASE) жариялаған есепке сәйкес, банктің басқарма құрамындағы жеті топ-менеджерге төленген жиынтық сыйақы 437,7 млн теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 36,5 пайызға жоғары. Алайда есепте әр басшының жеке қанша табыс алғаны көрсетілмеген.

Банк сыйақы көлемі әр менеджердің атқарушы орган құрамында нақты жұмыс істеген кезеңіне қарай есептелгенін хабарлаған.

2025 жылы банк басқармасының құрамында басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, сондай-ақ оның орынбасарлары Әлия Айдарбекова, Нұрлан Ақшанов, Мұхтар Әзімбеков, Эльмира Распекова, Жансұлтан Матай және Ринат Талтүсов болды. Басшылыққа төленген сыйақының өсуі банктің қаржылық көрсеткіштерінің жақсаруымен қатар келген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Отбасы банктің» таза пайдасы 5,5 пайызға өсіп, 127,5 млрд теңгеге жетті. Салыстыру үшін айтайық, 2024 жылы банктің таза пайдасы 120,8 млрд теңге болған еді. Сонымен қатар өткен жылы банктің активтері де ұлғайып, 5,2 трлн теңгеге жеткен. «Отбасы банк» АҚ-ның жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі. Ал банктің түпкілікті бақылаушысы – Қазақстан Республикасының Үкіметі.

Егер жиынтық соманы басқармадағы жеті басшыға шартты түрде тең бөлсек, «Отбасы банктің» бір басқарма мүшесі 2025 жылы орта есеппен 62,5 млн теңге сыйақы алған болып шығады. Бұл айына шамамен 5,2 млн теңгеге тең. Алайда бұл тек шартты есеп. Банк әр басшыға төленген нақты соманы жеке-жеке жарияламады.

Еске салайық, Taldau Talks подкастында Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова мен экономист Елдар Шамсутдинов арасында Қазақстандағы тұрғын үй бағасына қатысты пікірталас болды. Банк басшысы баспана бағасы басқа тауарлармен салыстырғанда шамадан тыс өспегенін атап өтті. Оның пікірінше, «тұрғын үй тым қымбат болғандықтан арзандайды» деген ұстаным дұрыс емес. Дегенмен статистикаға сүйенсек, 2016 жылы Қазақстанда жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 252,7 мың теңге болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 617,5 мың теңгеге жетіп отыр.

 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз