«Өзбек байыса, ДСҰ-ға кіреді, қазақ байыса...»
Орталық Азиядағы экономикалық тепе-теңдік тағы өзгере бастады. Бұған дейін Қазақстан аймақтық жиынтық жалпы ішкі өнімнің (валовой внутренний продукт) шамамен 57 пайызын қамтамасыз ете отырып, ең ірі экономика ретіндегі рөлін сақтап келген. Дегенмен соңғы жылдары Өзбекстан экономикасының жоғары өсу қарқыны «салмақ» тепе-теңдігін біртіндеп теңестіре бастады.
Биыл Өзбекстан билігі «Дүниежүзілік сауда ұйымына толыққанды мүше болу – басты мақсаттарымыздың бірі» деп мәлімдеді. Бұл ретте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің қатысуымен бірнеше жиын өтіп, келіссөздердің барысы талқылануы бекер емес. Өйткені бұл тек көрші елдің сыртқы саудадағы жаңа кезеңі емес, бүкіл Орталық Азиядағы аймақ экономикасына әсер ететін үлкен өзгеріс.
Өзбекстан ДСҰ-ға өту үшін бірнеше жылдан бері заңдарын халықаралық сауда талаптарына бейімдеп, тарифтік саясатынан бастап субсидиялар жүйесіне дейін қайта қарады. Қазірдің өзінде 30-дан астам мемлекетпен келіссөз аяқталған. Яғни Ташкент әлемдік экономикаға барынша ашық әрі болжамды ойыншы ретінде кіруге даяр.
Қазақстан үшін пайдасы мен зияны қандай?
Бір қарағанда, көрші отырған «ала шапанды» ағайынның халықаралық ұйымға кіруі бізге тікелей қатысы жоқ секілді көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде мәселе әлдеқайда терең. Себебі Қазақстан мен Өзбекстан – бір-біріне ең жақын әрі ең үлкен сауда серіктестердің бірі. Екі ел арасындағы тауар айналымы жыл сайын артып келеді. 2026 жылдың алғашқы тоқсанының (қаңтар-наурыз) қорытындысы бойынша қазақ-өзбек арасындағы сауда айналымы 1,3 млрд доллардан асқан. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың тура осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 280 млн долларға артық. Сондықтан көрші елдегі кез келген экономикалық өзгеріс Қазақстанға міндетті түрде әсер етеді.
Жалпы, халықаралық сауда ұйымына кірерде, ең алдымен, сауда ережелері айқын болады. ДСҰ талаптары бойынша мемлекет тарифтерді, салықтарды, техникалық регламенттерді және субсидияларды ашық көрсету міндеттеледі. Бұл қазақстандық экспорттаушылар үшін маңызды. Бұған дейін кейбір шектеулер немесе әкімшілік тосқауылдар күтпеген жерден пайда болса, енді халықаралық нормаларда мұндай тәуекелдер азаюы керек. Демек, ұтымды тұсы осы – қазақстандық кәсіпкерлер үшін 38 миллионнан астам халқы бар Өзбекстан нарығына кіру жеңілдей түспек. Сала мамандарының пайымдауынша, әсіресе азық-түлік, құрылыс материалдары, металлургия өнімдері мен қызмет көрсету секторында жұмыс істейтін бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Алайда Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруі инвесторлар үшін сол елдің тартымдылығын күрт арттыруы ықтимал. Халықаралық бизнес үшін бұл – «мемлекет әлемдік ережемен жұмыс істеуге дайын» деген белгі. Инвесторлар үшін тұрақтылық пен болжамдылық кейде салық жеңілдіктерінен де маңызды. Ал осы арада Қазақстан үшін жаңа бәсеке басталмақ.
Әлемдік экономиканы бақылаушы және саясаттанушы Әсем Қасымханованың пайымдауынша, соңғы жиырма жылда Қазақстан Орталық Азиядағы «ең ашық экономика» ретінде қабылданып келді. Көптеген шетелдік компания өңірлік кеңселерін Алматы мен Астанада ашты. Бірақ енді инвесторлар таңдауды қайта қарауы ғажап емес. Себебі Өзбекстанда еңбек күші арзан, ішкі нарық көлемі үлкен, сондай-ақ бұл елде реформалар соңғы жылдары әлдеқайда жылдам жүріп жатыр. Яғни алдағы уақытта «инвестор автоматты түрде Қазақстанды таңдайды» деген ескі түсінік жұмыс істемеуі мүмкін.
«Білесіздер, Орталық Азияда бес мемлекет бар (Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстан). Алдымен осы елдердің аймақтық жиынтық ЖІӨ (Валовой внутренний продукт) туралы айтсақ, бұл – бір жыл ішінде осы бес елдің әрқайсысы жеке-жеке өндірген барлық тауарлары мен көрсеткен қызметтерінің (бидай, мұнай, киім-кешек, банк қызметі, құрылыс және т.б.) жалпы ақшалай құны, яғни байлығы. Мысалы, Қазақстанның бір жылда өндірген байлығы: 290 млрд доллар, Өзбекстан өндірген байлық – 110 млрд доллар. Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан үлесі – 110 млрд доллар. Сонда барлық аймақтық жиынтық ЖІӨ – 290 + 110 + 100 = 500 млрд доллар. Қазақстан осының 57 пайызын қамтамасыз етеді. Яғни «ортақ қазандағы» барлық ақшаның жартысынан астамы тек бізге тиесілі. Демек, бес елді бірге қосқанда шығатын өнімнің жартысынан көбін Қазақстан жалғыз өзі шығарады. Енді алдағы үш жылда Өзбекстан бізді қуып жетуге күш салады. Егер ДСҰ-ға енетін болса, Өзбекстан өзінен-өзі аймақтық жиынтық ЖІӨ-ні өсіруі керек болады. Бұл – Қазақстанға нақты сигнал. Сондықтан бізге экономикадағы бюрократияны азайту қажет. Енді үкімет үшін инфрақұрылымды жаңарту және бизнестің шығынын төмендету мәселесі кейінге қалмайтын нақты міндетке айналуы тиіс», – дейді сарапшы Әсем Қасымханова.
Біз халықаралық ережемен ойнауға дайынбыз ба?
«Экономика және Құқық» институтының маманы, экономист-сарапшы Жанар Күнтуғанқызының пайымдауынша, болашақта бізге «инвесторларға жайлы мемлекетпіз» деп арқаны кеңге салып отыра беруге болмайды. Өзбекстанның ДСҰ-ға өтуі Қазақстан үшін жаңа әрі әлдеқайда күрделі бәсекелестік уақыты келгенін білдіреді.
«Бұрын шетелдік инвесторлар үшін Орталық Азиядағы негізгі таңдау Қазақстанға түсетін. Енді таңдау көбейеді. Оның үстіне Өзбекстанның бірнеше маңызды артықшылығы бар. Біріншіден, халық саны көп. Бүгінде Өзбекстан халқы 38 миллионнан асты. Бұл Қазақстан халқынан екі есеге жуық артық. Ірі ішкі нарық – инвестор үшін әрдайым маңызды фактор.
Екіншіден, Өзбекстанда еңбек күші арзан. Қазақстанмен салыстырғанда өндірістік шығын төмен. Әсіресе қол еңбегін көп қажет ететін салалар үшін бұл шешуші рөл атқарады.
Үшіншіден, Өзбекстан реформаларды өте жылдам жүргізіп жатыр. Тіпті Ташкеннің соңғы бес жылдағы экономикалық трансформация қарқыны Қазақстаннан жылдамырақ. Егер Қазақстанда жоғары тариф, қымбат логистика мен несие мәселесі сақталса, өндірістің бір бөлігі көрші елге ауысуы да ықтимал», – дейді сарапшы Жанар Күнтуғанқызы.
Маманның пайымдауынша, ДСҰ-ға мүше болу Өзбекстан үшін жаңа нарықтарға жол ашып қана қоймай, өндірісті күшейтуге мүмкіндік береді.
Ұйым талаптары бойынша импорттық кедергілер азайған сайын елге арзан шикізат пен компоненттер көбірек келе бастайды. Нәтижесінде Өзбекстан шикізат экспорттайтын экономикадан дайын өнім өндіретін мемлекетке айналуға тырысуы мүмкін.
«Бұл, әсіресе, жеңіл өнеркәсіпте, тоқыма өндірісінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде, құрылыс материалдары секторында, автокомпонент және тұрмыстық техника құрастыруда айқын көрінуі ықтимал. Қазірдің өзінде Өзбекстан тоқыма өндірісін белсенді дамытып жатыр. Ел мақтаны тек шикізат ретінде сатудан гөрі, оны өңдеп, таза мақтадан киім тігіп, дайын өнім ретінде экспорттауға көбірек көңіл бөле бастады. Ал бізде, керісінше, жеңіл өнеркәсіп саласы дамымай қалды. Бұған қоса қазір еліміздегі көптеген өндіріс орындары жоғары шығын мәселесіне шағымдануда. Электр энергиясының қымбаттауы, тасымал құны, банктік несиенің қолжетімсіздігі – мұның бәрі отандық бизнестің бәсекеге қабілетін төмендетеді. Егер Қазақстан өндірістік саясатты қайта қарамаса, аймақтағы кейбір өндірістік тізбектер біртіндеп Өзбекстанға ауысып кетуі де мүмкін. Енді үкіметке осы мәселелерді де ойланған жөн», – дейді экономист Жанар Күнтуғанқызы.
Экономист-ғалым Ғалым Байназаров қазіргі жағдайды кеңестік кезеңдегі ахуалмен байланыстырады. Экономистің пікіріне сүйенсек, 1990 жылы тау-кен өндірісінің өнеркәсіп өнімі көлеміндегі үлесі 11 пайыз, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 82 пайыз болған. 1995 жылы тау-кен өндірісінің үлесі 24,6 пайызға өсіп, 2015 жылы 61,0 пайызға дейін шарықтады, тиісінше өңдеу өнеркәсібінің үлесі 51,7 және 31,8 пайызға дейін құлдырады. Осылайша өнеркәсіп саласында құрылымдық құлдырау белең алды. 2020 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны төмендеп, осы құрылымдық дағдарыста тұрдық. 2020 жылдан бері қарай ғана бұл көрсеткіштер жақсарды. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша тау-кен өндірісінің экономикадағы үлесі 46,7 пайыз болды, өңдеу өндірісі 46,9 пайыз болып, ал 2024 жылы 48,9 болып отыр.
«Біз халыққа керекті жеңіл өнеркәсіп саласынан айырылып қалдық. Кезінде тоқсаныншы жылдары жеңіл өнеркәсіп өндірістің 16 пайызын алатын. Қазір 0,4 пайыз, тіпті 1 пайызға да жетпейді. Одан кейін біз машина жасау өндірісінен қол үзіп қалдық. Бұл өндіріс кезінде 16 пайыз болатын, қазір 9,3 пайыз. Тамақ өндірісі тоқсаныншы жылдары 15 пайыздан асты. Қазір 8,7 пайыз, яғни екі есеге төмен. Бізде тамақ өнеркәсібінің 40 пайызы импорттың көлемімен жабылып тұр. Бұрын біз ет, сүт және сүт өнімдерін сырттан тасымайтынбыз. Қазір сүт өнімдерінің 30 пайызын, ет өнімдерінің 20 пайызын сырттан тасимыз. Қазақстан – алып территориясы бар ел. Мұндай елдің ауыл шаруашылығы, өндірісі, индустриясы дүрілдеп тұрып дамуы тиіс. Сондықтан біз үшін бұл үлкен – кемшілік. Міне, үкіметке нақ қазір осы кемшіліктерді жою керек», – дейді Ғалым Байназаров.
Ұтатын тұсымыз қайсы?
Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруі Қазақстанға тек зиян деу – қате. Сала мамандары бұл үрдістен еліміздің транзит және логистика салаларының ұтатын тұстары бар екенін айтады. Мысалы, Өзбекстан – теңізге тікелей шығатын жолы жоқ мемлекет. Сондықтан сыртқы сауда көлемі артқан сайын бұл ел көрші елдердің инфрақұрылымына көбірек тәуелді болады. Ал Қазақстанның бұл жерде маңызды бірнеше артықшылығы бар. Қазақстан қазірде Қытай мен Еуропаны, Ресей мен Орталық Азияны байланыстыратын негізгі транзиттік тораптардың біріне айналып келеді.
Өзбекстанның сыртқы саудасы өскен сайын теміржол тасымалы, құрғақ порттар, қойма инфрақұрылымы, логистикалық хабтар, кедендік қызметтерге сұраныс артары даусыз. Бұл – Қазақстан бюджетіне қосымша табыс әкелетін мүмкіндік. Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты дамыса, Қазақстан аймақтағы басты логистикалық орталық ретіндегі рөлін күшейте алады. Алайда ұзақ мерзімде экономика тек тасымалға сүйенсе, бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Өйткені негізгі пайда тауар өндіруші елде қалады.
Жалпы, Орталық Азияда Қазақстан ұзақ уақыт бойы экономика лидері саналып келді. Мұнай кірісі, қаржы жүйесі және халықаралық капиталға қолжетімділік елімізге үлкен артықшылық берді. Өзбекстан халық санына, өндірістік әлеуетке және ішкі нарық көлеміне сүйенеді. Енді осы екі модельдің қайсысы тиімді екенін уақыт көрсетеді.
Қазір таразының бір басында – капитал мен шикізатқа сүйенген экономика, екінші жағында – өндіріс пен еңбек ресурсына сүйенген экономика тұр. Негізінде, ДСҰ талаптары мемлекеттердің нарықты «қолмен басқару» мүмкіндігін шектейді. Яғни импортқа тосқауыл қою, өз өндірушілеріне ерекше жеңілдік беру немесе субсидияны бақылаусыз үлестіру қиындай түседі. Бұл Өзбекстан үшін де үлкен сынақ болуы мүмкін. Егер жергілікті компаниялар халықаралық бәсекеге дайын болмаса, ішкі нарықта шетелдік өнімдер күшейіп кетуі ықтимал. Бірақ Ташкент бұл тәуекелге саналы түрде барып отыр. Себебі олардың негізгі мақсаты – халықаралық инвестор сенімін арттыру және экономиканы әлемдік жүйеге кіріктіру. Ал Қазақстан үкіметіне нақ қазір мықтап ескеретін дүние – Орталық Азияда кімнің табиғи байлығының көп екені емес, кімнің экономикасы икемді екенінің шешуші факторға айналғаны болса керек.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ